Редакция таңдауы

Кәсіби білімді тәжірибемен ұштастырған колледж

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында «Елімізге кәсіби даярлығы жоғары, білікті жұмысшылар өте қажет, бұл – анық нәрсе. Жұмысшы мамандықтарына деген құрметті арттыра түсуіміз керек. Оларға лайықты жалақы төлеу қажет. Бұл – мемлекетіміздің алдында тұрған негізгі міндеттің бірі» деп атап өткен еді.

Президенттің бұл сөзі қоғамның дамуында адал еңбектің, маңдай тердің, кәсіби шеберліктің орнын айқын көрсетіп берді. Президент айтқандай, адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек.

Бұл – мемлекет ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатының өзегі. Елдің өркендеуі үшін өндірісте, ауыл шаруашылығында, құрылыс пен қызмет көрсету салаларында еңбек ететін қарапайым жұмысшылардың орны айрықша. Өйткені, мемлекеттің экономикалық қуаты дәл осы еңбек адамдарының күнделікті маңдай терімен қалыптасады.

Шын мәнінде, таң атқаннан кеш батқанға дейін нақты істің басында жүріп, елге қажет өнім өндіретін, әлеуметтік игіліктердің негізін қалайтын еңбек адамдарының еңбегі ерен. Қоғам қанша технологияланғанымен өндіріс пен аграрлық шаруашылықтан бастап көлік, энергетика, құрылыс, тамақ өнеркәсібіне дейінгі барлық саланың тірегі кәсіби жұмысшылардың табан ақы, маңдай терімен ғана өнімді болады. Сондықтан жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы жастарды еңбекке құрметпен қарауға тәрбиелеп, бәсекеге қабілетті, халықаралық стандартқа сай мамандар даярлаудың ең тиімді жолы қалыптасады. Ал, адал еңбекті қадірлеу, шынайы кәсіп иесіне құрмет көрсету елдің ұзақ мерзімді дамуының кепілі болары анық. Осы тұрғыдан алғанда Мемлекет басшысы көтерген еңбек идеологиясы жаңа құндылықтарды орнықтырып, қоғамды әділдікке, адалдыққа және маңдай термен келетін табысты қадірлеуге бастайтын маңызды бағдарға айнала бастады.

Биыл елімізде «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланғалы бұл бастама қоғамдағы еңбек адамының мәртебесін одан сайын көтеріп, жастарды сұранысқа ие кәсіби бағыттарға баулуға мейлінше ден қойылып келеді. Осындай игі мақсатқа үндес іс-шаралардың бірі жуырда Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды. Шымкенттегі жоғары көпсалалы аграрлық колледждің базасында техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының студенттері мен өндірістік оқыту шеберлері арасында CHOCOLATINE KAZAKHSTAN-2025 халықаралық сайыста студенттер мен өндірістік оқыту шеберлері тек техникалық дағдыларын ғана емес, ұлттық ерекшеліктерді заманауи аспаздық үрдістермен үйлестірді. Франицияның беделді кондитерлік қауымдастығымен тікелей әріптестік форматында ұйымдастырылған бұл іс-шара аймақ жастарына халықаралық деңгейде мойындалып, кәсіби биіктерге көтерілуге жол ашты. Ең бастысы, аспаздар байқауын көруге келгендер шебер қолдан туған шедеврлердің қандай еңбекпен жасалатынын өз көзімен көрді, түсінді.

Байқауға білім басқармасының өкілдері, техникалық және кәсіптік білім ұйымдарының басшылары, арнайы пән оқытушылары, жұмыс берушілер қауымдастығы және Франция Республикасының Қазақстандағы дипломатиялық миссиясынан арнайы қонақтар қатысты. Олардың арасында Франция Республикасының Қазақстандағы елшісі Сильвен Гиоге, елшіліктің мәдениет және ынтымақтастық жөніндегі кеңесшісі Себастьен Де Куртуа, мәдени кеңесші Мадам Од Кристоф, ауыл шаруашылығы жөніндегі сарапшы Венсан Бержеза, Францияның Алматыдағы Бас консулы Максим Жеренже және Шымкент қаласының Құрметті консулы Игорь Копайылов болды.

Іс-шара алдында қонақтарға колледждің жұмысы мен өндірістік базасы таныстырылды. Білім ошағының оқу өндірістік жұмыс жөніндегі орынбасары Асылбек Асқардың айтуынша, колледж 5,5 гектар аумақта орналасқан оқу-өндірістік базасы студенттердің кәсіби білімін тәжірибемен ұштастыруға арналған заманауи орталыққа айналып келеді. Бүгінде колледжде 16 мамандық бойынша білім беріліп, олардың барлығы дуалды оқыту жүйесінің негізгі талаптарына сай жабдықталған. Оқу-өндірістік аумақта бір гектар жерге жүзімнің бес сорты отырғызылып, бір гектарға қарқынды алма бағы және биыл жаңартылған шабдалы, шие, өрік дақылдары егіліпті. Сонымен қатар агрономия мамандығының студенттері практикалық тәжірибе жинай алатын сегіз соттық аумақта толық автоматтандырылған жылыжай жұмыс істеп тұр. Бұл жылыжайда колледж қызметкерлері дайындаған биогумус негізінде қияр өсіріліп, алғашқы өнім алынып жатыр екен.

Өңірдегі сұранысқа байланысты колледжде биыл балық шаруашылығы мамандығы ашылып, бүгінде бес түрлі балық, соның ішінде, сазан, бекіре және форельдің екі түрі өсіріліп отыр. Барлық балық Франция, Польша және Түркиядан әкелінген ұрықтандырылған уылдырық негізінде инкубаторларда 14-17 күн ішінде шабаққа айналып, кейін арнайы фермаларда өсіріледі. Бір грамм салмаққа жеткеннен кейін шабақтар 25 текше метрлік бассейндерге жіберіліп, студенттер балық өсірудің толық циклін тәжірибеде меңгеруге мүмкіндік алып отыр.

Оқу-өндірістік база құрамында ветеринария мамандығына арналған клиника да бар. Мұнда ота жасауға, алдын алу шараларын жүргізуге және екпе салуға арналған барлық заманауи құрал-жабдық орнатылған. Клиникада қоян, ірі қара жануарлар, сонымен бірге, тәулігіне үш литрге дейін сүт беретін занян тұқымды ешкілер өсіріліп жатыр. Ешкінің сүтін де қажетке жаратып, түсетін пайдасы оқу орталығының кем-кетігіне жұмсалады екен. Ал екінші жағынан бұл ветеринария студенттеріне тәжірибелік дағдыларды толық көлемде меңгеруге мүмкіндік береді.

Құс және мал шаруашылығы бағыттары дамығандықтан, жем-шөпке деген қажеттілік те жоғары. Сондықтан колледж әкімшілігі түйіршік жем және басқа да азық түрлерін өндіретін арнайы құрылғылар алып, бүгінде барлық жемді өздері дайындайды. Бұл өнімдер нарықтағы бағамен салыстырғанда екі есе арзан әрі студенттерге жем өндірудің технологиялық процестерін толық игеруге жағдай жасап отыр. Жемнің сапасын тексеру мақсатында биыл агрохимиялық зертхана іске қосылып, топырақ, өсімдік және жем құрамындағы макро және микроэлементтер анықталады. Бұрын мұндай орталық тек Алматы қаласында ғана болғандықтан, әр зерттеудің бағасы қыруар ақшаны талап етіп келіпті. Мысалы, бір ғана зерттеу құны қырық мыңға дейін барған. Ал қазір оқу орталығының өз зертханасында алғашқы кезеңде түйіршік жем өндірісінде кемшіліктер болғанымен, зертхана ашылғаннан кейін құрамдағы жетіспейтін элементтер түзетіліп, бүгінде өнім толық нормаға сай шығарылып отыр.

Сондай-ақ, өңірдің қажеттілігіне сай колледж соңғы үш жылда өрт қауіпсіздігі және төтенше жағдайларды қорғау мамандығын ашқан. Осы бағытта оқу үшін арнайы өрт сөндіру көлігі мен барлық қажетті құрал-жабдықтар әкелініп, студенттер тәжірибелік дайындықтан өтеді екен. «Нәтижесінде колледж студенттері республикалық жарыстарда екі жыл қатарынан жүлделі орындарды иеленіп келеді» дейді Асылбек Асқар. Бұдан бөлек, автокөліктерге қызмет көрсету және ауыл шаруашылығы механизаторлары мамандықтарына да арнайы оқу бокстары жабдықталып, студенттердің практикалық білім алуына толық жағдай жасалған.

Жылыжайда өсімдіктерді өсірудің бірнеше әдісі салыстырылып, соңында органикалық тыңайтқыш өндіріледі. Биогумус жергілікті мал қиынан дайындалып, оған калифорниялық шылаушын жіберу арқылы 1-1,5 жылда дайын өнім алынады. Осы биогумуста өсірілген қияр мен қызанақтың сапасы жоғары болып, студенттер минералды вата, кокос және биогумус негізіндегі өсіру нәтижелерін салыстыра отырып, өз мамандықтарына қажетті терең білім жинақтауға мол мүмкіндік алады екен. Осылайша, колледждің оқу-өндірістік базасы техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы жаңа мүмкіндіктерді қалыптастырып, болашақ мамандардың кәсіби деңгейін арттыруға зор үлес қосып отыр. Тіпті, өндірістік процесс үзілмес үшін базада жарық сөніп қалған кезде автоматты түрде қосылатын генераторлар орнатылған.

Ал осындай еңбек адамын қалыптастырып, мамандығына деген сүйіспеншілігін арттыруға жан-жақты мүмкіндік жасап отырған оқу орнында аспазшылар арасындағы сайыстың ұйымдастырылуы бекер емес. Бұл игі іс-шара Жұмысшы мамандықтар жылын қолдауға бағытталған. Жобаның негізгі мақсаты жұмысшы кәсіптердің беделін көтеру, жастарды сұранысқа ие мамандықтарға баулу және олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру болып отыр. Яғни еңбек адамдарының мәртебесін арттыру, кондитерлік өнерді дамыту, елдер арасындағы тәжірибе алмасуды кеңейту және келер жылы Францияның Тулуза қаласында өтетін Шоколатина және Pain au Chocolat бойынша Әлем чемпионатына Орталық Азиядан қатысатын ең үздік маманды анықтауға себеп болды. Халықаралық деңгейде өткен байқау Түркістан жоғары көпсалалы аграрлық колледжі мен Францияның COUPE DU MONDE DE LA CHOCOLATINE қауымдастығы арасындағы екіжақты ынтымақтастық келісімі аясында өткізіліпті. Ал байқаудың басты жаңалығы сол, Еуропаның аты әлемге әйгілі наубайшылық және кондитерлік мектептерімен тікелей байланыс орнатылуы. Бұл Қазақстан жастарына кәсіби шеберлігін халықаралық стандарттарға сай шыңдауға зор мүмкіндік берері анық.

Айталық, байқауға еліміздің бірнеше өңірінен саусағынан бал тамған аспаздар мен студенттер, сондай-ақ, Қырғыз Республикасы және Өзбекстаннан 22 үміткер қатысты. Олар жастар мен кәсіби шеберлер санаттарында өзара бақ сынады. Соның ішінде «юниор» санатында 12 жас талант түрлі кондитерлік туындылар әзірлеп, қазылар алқасының жоғары бағасына ие болу үшін барын салды. Байқау қатысушылары тек шеберлігін ғана емес, шығармашылық ойлау қабілетін, ұлттық ерекшеліктерді заманауи стильде үйлестіре білуін де көрсетті.

Колледж атқарушы директоры Қайрат Айтбаев іс-шараның маңызы туралы айта келіп «Халықаралық сайысқа көрші елдерден, Алматы мен Астанадан да үздік педагогтар мен студенттер қатысып отыр. Жеңімпаздар Францияда өтетін әлемдік чемпионатқа жолдама алады. Біздің ең басты мақсатымыз өз кәсібіне шынайы берілген, еңбекті сүйетін студенттерді халықаралық деңгейге шығару болып отыр. Өзіміздің тәжірибемізді, біліктілігімізді, мүмкіндігімізді көрсету – жастарға кәсіби өсіп, әлемдік аренада ел намысын қорғауға үлкен жол ашады» дейді.

Байқау нәтижесінде «Юниор» санатында бас жүлде иегері атанып, Әлем чемпионатына жолдама алған Түркістан жоғары көпсалалы аграрлық колледжінің студенті Пернен Мұхаммедәлі болды. Алтын жүлдеге Тамақтандыру индустриясы және сервис колледжінің студенті Гүлден Нұралықызы, Қырғыз Республикасының Кәсіби наубайхана колледжінің қатысушысы Ажар Кенешова және Өзбекстанның Янгиюль агротехнологиялық техникумының өкілі Асилбек Рахманов ие болды. Күміс жүлдені Қырғызстаннан келген Дилноз Инаятова мен Түркістан облысының атынан қатысқан Бексұлтан Қарабай жеңіп алды. Үшінші орын Қоғамдық тамақтану және сервис колледжінің студенті Бегәлі Жүніске және Қырғыз Республикасынан келген Фарида Болоткановаға бұйырды.

Ал кәсіби санатта бас жүлдені иеленіп, Әлем чемпионатына жолдама алған  Астана қаласындағы Қоғамдық тамақтану және сервис колледжінің арнайы пән оқытушысы Еркебұлан Махмұт болды. Алтын жүлде Шымкент қаласы Тамақтандыру индустриясы және сервис колледжінің оқытушысы Хабибулла Усманов пен Бішкек қаласының Кәсіптік наубайхана лицейінен келген Джамиля Джуматаева, Өзбекстанның Янгиюль агротехнологиялық техникумының өкілі Адолат Темироваға берілді. Ал қола жүлдені Астана қаласындағы Nanmai bakery наубайханасының шебері Аида Тесекбаева иеленді.

Үміткерлердің жұмыстарын жоғары білікті халықаралық сарапшылардан құралған қазылар алқасы бағалады. Олардың қатарында Франция Резиденциясының бас әкімшісі, Орталық Азиядағы колатин чемпионатының ұйымдастырушысы Карлос Марсала, Le Dessert наубайханасының білікті аспазы Айгерім Бекова, Францияның Қазақстандағы елшілігінің мәдениет және ынтымақтастық жөніндегі кеңесшісі Себастьен де Куртуа, Еуразиялық Кубоктың президенті Ержан Пазылов пен вице-президенті Гүлмира Күлпейісова секілді тағы бірнеше қазы төрелік етті.

CHOCOLATINE KAZAKHSTAN-2025 халықаралық байқауы өңірде кондитерлік өнердің дамуына, жас мамандардың кәсіби деңгейін арттыруға, халықаралық тәжірибе алмасуға және Қазақстан мен Орталық Азияның бай гастрономиялық мәдениетін әлемге танытуға үлкен септігін тигізгені анық. Өйткені байқау арқылы қатысушылар шығармашылығын, кәсіби шеберлігін шыңдап қана қоймай, жұмысшы мамандықтарының абыройын көтеруге бағытталған маңызды қадамдардың бірі ретінде бағаланды. Өйткені байқау тек үздік аспаздарды анықтаумен шектелмей, жұмысшы мамандықтарының абыройын көтеріп, жас таланттардың кәсіби шеберлігін шыңдауға мүмкіндік берді. Ең бастысы, еңбекті қадірлеу, маңдай термен келген шеберлікті дәріптеу, қоғам дамуының түп қазығы болған қарапайым жұмысшылардың еңбегін бағалау бүгінгі күннің басты талабына айналып отырғаны  қуантады.

 

Жадыра МҮСІЛІМ

Соңғы жаңалықтар

betwinner melbet megapari megapari giriş betandyou giriş melbet giriş melbet fenomenbet 1win giriş 1win 1win