Редакция таңдауы

Кәсіби мерекеде әріптестердің еңбегі еленді

Өткен аптада шаһарда Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты жиын өтті. Іс-шарада қала әкімі Ғабит Сыздықбеков көпшілікті айтулы мерекемен құттықтап, ақпарат саласында еңбек етіп жүрген қызметкерлерді марапаттады. Мерекелік жиында саланың дамуына елеулі үлес қосқан үздік журналистер, операторлар, редакторлар мен медиа саласының басқа да өкілдеріне құрмет көрсетілді.

Салтанатты рәсім аясында БАҚ өкілдері Қазақстан Республикасы Президентінің атынан мемлекеттік наградаларға ие болды. Марапаттар кәсіби шеберлік, азаматтық жауапкершілік пен ақпарат саласындағы адал еңбек үшін табысталды.

Қала әкімі өз сөзінде бұқаралық ақпарат құралдарының қоғам өміріндегі маңызын айрықша атап өтті. Ол журналистердің қызметі тек кәсібилікті ғана емес, сондай-ақ, жоғары азаматтық ұстанымды талап ететінін жеткізді. БАҚ өкілдері маңызды ақпаратты жедел әрі сенімді жеткізу, қоғамдық пікірді қалыптастыру және өзекті мәселелерді жария ету арқылы ашық, демократиялық қоғамды нығайтуға елеулі үлес қосып келе жатқанын айтты. Мерекемен құттықтаған қала әкімі сала қызметкерлеріне сарқылмас шабыт, шығармашылық табыс тіледі.

Дәстүрлі мерекелік басқосуда әріптестеріміздің еңбегі еленді. Атап айтқанда, «Шымкент келбеті» газетінің бас редакторы Айдар Құлжанов «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі Гүлжауһар
Бажақай Мәдениет және ақпарат министрлігінің Құрмет грамотасына ие болды.

Кәсіби мереке қарсаңында Қазақстан Журналистер одағының Құрмет грамоталары табыс етілді. Жемісті еңбек етіп жүрген журналистердің маңдай тері мен шығармашылық ізденісі ескерусіз қалған жоқ. «Шымкент келбеті» газетінің жауапты хатшысы Замира Алдабергенова мен тілшісі Салтанат Жамалдинова Қазақстан Журналистер одағының Құрмет грамоталарымен марапатталды. Мұның бәрі де – редакция ұжымының табанды еңбегіне берілген шынайы алғыс.

Ақпарат саласында өнімді еңбек етіп жүрген әріптестерімізге осылайша құрмет көрсетілді. Бұл – ұзақ жылғы еңбектің жемісі деп білеміз. Ақпаратты дәл, шынайы жеткізу – әр журналистің басты мұраты. Олар күн демей, түн демей, ел үшін еңбек етеді. Сол еңбектің еленуі – үлкен мәртебе. Барша марапат иелерін шын жүректен құттықтаймыз.

 

Ә.АЙТӨРЕ

Соңғы жаңалықтар