Ұлттық рухты сақтау — ұлт ретінде сақталудың басты шарты. Ал осы рухтың, осы болмыстың шынайы бейнесін жеткізудің ең терең, ең әсерлі тәсілдерінің бірі – бейнелеу өнері, соның ішінде кескіндеме. Бұл өнер түрі арқылы халықтың салт-дәстүрі, рухани-мәдени болмысы, тарихы мен тағдыры көркем тілмен, бояумен бейнеленеді.
Сурет өнері — үнсіз тіл. Ол тарихты, тұлғаны, табиғатты сөзсіз сөйлетеді. Бірақ ең бастысы – ұлттың жаны мен жүрегін бейнелей алады. Қазақтың кең байтақ даласы, көшпелі өмір салты, жылқы мінезділігі, қонақжайлығы мен ерлік дәстүрі – осының бәрі көркем туындыларда көрініс тапқан.
Суретші – шежіреші. Ол қылқалам арқылы халқымыздың өткені мен бүгінін, болмысын, арманы мен арпалысын ұрпаққа жеткізеді. Сондықтан сурет өнері – тек эстетикалық ләззат беретін сала емес, ол – ұлттың рухани кодының көркем көрінісі.
Қазақ кәсіби кескіндемесінің негізін қалаушы – Әбілхан Қастеев. Оның «Ескі мен жаңа», «Түрксіб», «Колхоздың сүт фермасы», «Қыз Жібек» сынды картиналарында қазақ қоғамының өткені мен жаңарған заманы шебер суреттеледі. Қастеев ұлттық колоритті – киіз үй, домбыра, мал шаруашылығы, ұлттық киімдер, әйел бейнесі арқылы тамаша жеткізе білді.
Қастеевтің туындылары – қазақ тіршілігінің көркем шежіресі. Оның картиналарынан ұлттық киім үлгілерін, дәстүрлі тұрмыс заттарын, қазақ әйелінің нәзіктігі мен еңбекқорлығын, дала ерлерінің қажырлығын көре аламыз.
Қазақ бейнелеу өнерінде ұлттық құндылықтарды жаңаша тануға ұмтылған суретшілердің қатары бүгінде де көп. Олар фольклорлық элементтерді, ою-өрнек пен мифологиялық бейнелерді кескіндеме тіліне айналдырып жүр. Домбыра бейнесі, батырлар, эпостық кейіпкерлер, көшпелі өмір – бұлар ұлттық танымның басты белгілері.
Суретші Айша Ғалымбаева, Гүлфайрус Исмаилова, Сабыр Мәмбеев сияқты тұлғалар әйел бейнесі, қазақ қызының ибалығы мен ішкі әлемін көрсету арқылы ұлттық рухты көтеріп, дәстүрдің нәзік иірімдерін жеткізе білді.
Қазіргі жас суретшілер арасында да этномәдени бағытта ізденіс жасап жүргендер көп. Олар дәстүрлі символиканы жаңа стильмен біріктіру арқылы көрерменге таныс дүниені басқа қырынан танытады. Бұл — дәстүр мен жаңашылдықтың үндестігі.
Бүгінде ұлттық тәрбие – білім беру жүйесінің негізгі бағытына айналуда. Осы орайда бейнелеу өнері сабағында тек сурет салу техникасы ғана емес, ұлттық өрнек, дәстүр, мәдениет элементтері де оқытылуы тиіс. Баланың қылқалам арқылы ою салуы, киіз үй бейнелеуі, тұлпардың кескінін жасауы – ұлттық дүниетаныммен жақындасуының бір жолы.
Сурет тек қабырғаға ілінетін туынды емес, ол – идеология. Кескіндеме арқылы біз ұлтты тәрбиелей аламыз. Ол үшін көркемдікке ғана емес, ұлттық мазмұнға назар аудару қажет.
Сурет өнері – мәңгілік. Ал егер ол ұлттық болмысқа қызмет етсе, онда оның өміршеңдігі де, құндылығы да арта түседі. Бүгінгі ұрпақ батырлар жырын оқымаса да, сурет арқылы Қобыландыны, Алпамысты, Домалақ ананы, Қыз Жібекті танып-біле алады. Сурет — визуалды жады. Ол ұлтты сақтайды, болмысты бекітеді.
Ұлттық құндылықтар мен бейнелеу өнері – бір-бірін толықтыратын қос қанат. Осы екеуінің үйлесімі арқылы біз ұлттық сана мен көркем мәдениеттің алтын көпірін құра аламыз.
«Қай өнер туындысында ұлттық рух болмаса, ол — тек көрініс қана. Ал рухты өнер – ұрпаққа өсиет, ұлтқа қызмет».
Ақерке СӘРСЕН,
М.Әуезов атындағы Оңтүстік
Қазақстан университетінің Мәдениет және өнер факультетінің
«Бейнелеу өнері және дизайн» кафедрасының оқытушысы, магистр