Мегаполисте Мемлекет басшысының Ұлттық Құрылтайда көтерген бастамасы аясында «Кітап оқитын ұлт» республикалық жобасы таныстырылды. Жиынға жоғары оқу орындары мен колледждердің оқытушылары, жастар, педагогтер және БАҚ өкілдері қатысты.
Жобаны жүзеге асырып отырған «Кітап оқитын ұлт» қоғамдық қоры жуырда құрылғанымен, бастама Президенттің «Ұлттың зияткерлік әлеуетін арттыру үшін кітап оқу мәдениетін қалыптастыру қажет» деген ұсынысына негізделген. Осыған дейін кітапханалардың қорын толықтыру, жаңарту сынды бастамалар болғанымен, бұл жоба сол бағыттағы кешенді әрі жаңа қадам болып отыр.
Жоба аясында алты санат қамтылған: «Кітап оқитын мектеп», «Кітап оқитын колледж», «Кітап оқитын университет», «Кітап оқитын әулет», «Кітап оқитын педагог» және «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші». Әрбір қатысушы өзінің санатына сәйкес сарапшылар таңдаған 15 кітапты оқуы керек. Кітаптар тізімі министрлік өкілдері, ғылыми институттар мен академиялық орта мамандарынан құралған арнайы сарапшылар тобының зерттеу нәтижесінде бекітілген. Әрбір жастағы, кәсіби бағыттағы оқырманның деңгейі мен мүмкіндігі ескерілген: ең аз көлемі 120 бет болса, ең көбі 700 беттен аспайды. Орташа есеппен бір кітап 300-400 беттен тұрады.
Бағдарламалар тобының жетекшісі Бекарыстан Аманжоловтың айтуынша, бұл байқаудың басты ерекшелігі – халықты кітап оқуға ынталандыру мақсатында қаралған қомақты жүлде қоры. «Қазақстанның әлемдік кітап оқитын мемлекеттердің арасындағы рейтингі біршама төмен. Біз осы көрсеткішті көтеріп, елді алғашқы ондыққа енгізгіміз келеді. Оның ең тиімді жолы – қоғамды ынталандыру. Сондықтан жеңімпаздарға миллион теңге көлемінде сыйақы тағайындадық», – дейді ол.
Жалпы жүлде қоры 40 миллион теңгені құрайды. Әр санаттың жеңімпаздарына 1 миллион теңгеден беріледі, ал 2-орын иегерлері 600 мың теңге, 3-орын иегерлері 400 мың теңге алады.
Жоба шеңберінде әр санат үшін арнайы сынақтар ұйымдастырылады. Мәселен, мектеп оқушылары арасында түрлі байқаулар өтсе, студенттер дебат турнирлерінде бақ сынайды. Педагогтар викториналар мен квиз-сайыстарға қатысса, мемлекеттік қызметшілер үшін кәсіби құзыреттілікті арттыратын әдебиеттер бойынша талқылаулар өткізіледі. Ал, «Кітап оқитын әулет» санатында кемінде бес адамнан тұратын отбасы мүшелері ата-әже, әке-шеше, балалары кітап оқып, оны талқылау арқылы үлгі көрсетеді.
Қатысушылар қыркүйектен ақпанға айына дейін кітаптарды оқып, қысқаша рецензия жазып отырады. Арнайы ашылатын «Readination» онлайн жүйесінде әрбір қатысушы оқыған кітабын тіркеп, өз рейтингін көре алады. Бұл жүйе жарыстың ашық әрі әділ өтуіне мүмкіндік береді.
Бекарыстан Нұрланұлының сөзінше, жоба демеушілердің қолдауымен жүзеге асып отыр. Бас демеуші – «Alaygom Electric Company», ал серіктестер қатарында Аmanat партиясы мен жергілікті әкімдіктер бар.
Айта кетейік, «Кітап оқитын ұлт» жобасы пилоттық режимде Қарағанды, Қостанай облыстары мен Шымкент қаласында қолға алынып отыр. Алдағы уақытта бастама оң нәтиже көрсетсе, еліміздің барлық өңірін қамту жоспарланған.
Гүлжауһар БАЖАҚАЙ