Редакция таңдауы

Көше атаулары ретке келтіріліп жатыр

Ұлттық құрылтайдың IV отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жергілікті әкімдерге көше атаулары мәселесін реттеуді тапсырған еді.

– Қазір елді мекендердің аумағы ұлғайып жатыр, қалаларда жаңа аудандар бой көтеруде. Осыған байланысты атауы қайталанатын немесе мүлдем атауы жоқ мыңдаған көше пайда болды. Бұл жағдай өрт сөндірушілерге, тәртіп сақшыларына, жедел жәрдем мен басқа да құрылымдарға қиындық туғызады. Ең алдымен осындай көшелердің атауын ретке келтіру қажет, – деген болатын Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев мекенжай атауларын өзгертуде жершілдік пен тамыр-таныстыққа жол жоқ екенін ескертті.

– Менің бастамаммен ономастика саласын ретке келтіру үшін ауқымды жұмыс басталды. Көшелер мен елді-мекендерге атау беру немесе атауларды өзгерту мәселесіне келгенде жергілікті атқарушы органдар көп қателік жіберген, бұл ретте тіпті, жерлестік пен тамыр-таныстыққа жол берілген. Сондықтан бұл істі орталықтандыру туралы шешім қабылданды.Депутаттар бастамаға қолдау білдірді. Соның нәтижесінде бізде ономастика саласындағы жұмыстың бірыңғай әрі нақты регламенті бар. Алайда, тиісті рәсімдерді өзгертіп қана қоймай, сонымен бірге, бұл жұмыспен тиянақты айналысу керек. Тарихи әділдік қағидатын қатаң ұстану қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Осы орайда, Шымкент қаласы аумағында аудан әкімдіктерімен бірлескен зерделеу жұмыстары нәтижесінде 3 545 көше тіркеліп отыр. Оның ішінде, 2444 көше – тарихи жер-су, дәстүрлі атаулармен, 1069 көше – кісі есімдерімен аталған. Алайда, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының дерегі бойынша қалада 6 714 көше бар екені көрсетілген.

Бүгінде Шымкент қаласының сәулет және қала құрылысы басқармасы көше санаттарын нақтылау жұмыстарын жалғастыруда. Қалада атауы жоқ 32 көше және идеологиялық тұрғыдан ескірген 236 көше бар. Бұл атаулар кезең-кезеңімен, қоғамның пікірін ескере отырып өзгертілетін болады.

2024 жылы қайта атау және атау беру бойынша 185 көше ұсынылды. Оның 12-сіне тиісті келісім алынған. Сонымен қатар, Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай ұсынылған 20 тұлғаның 10-ы (Абай – 3, Қаратау – 7) Президент Әкімшілігі тарапынан қолдау тапты. 2025 жылғы 23 мамыр күні 20 көше және 2 аллеяға атау беру бойынша көпшілік тыңдау өтеді.

Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мақсатында, 2029 жылға дейін мемлекеттік тілді меңгерген тұрғындардың үлесін 98,5 пайызға жеткізу көзделген. Ал қазіргі көрсеткіш – 93 пайыз.

Г.ТЕМІРХАНҚЫЗЫ

Соңғы жаңалықтар