Қаратау ауданы әкімдігі мен жергілікті полиция қызметкерлері Шымкент қаласы тұрғындарының жеке жер учаскелерінің аумағын құм, тас, құрылыс және инертті қоқыс қалдықтарының үйінділерінен тазарту мақсатында арнайы рейдтік шара өткізді.
Қаратау ауданына қарасты Нұртас шағын ауданы Ақсауыт-Байтереков көшелерінің қиылысында ұйымдастырылған кезекті рейдке аудан әкімдігінің мамандары, полиция қызметкерлері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, тазалық сақтау тұрғысында тұрғындармен түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Қаратау ауданы әкімдігінің қоғамның орта сапасын дамыту бөлімінің бас маманы Әлібек Қалдыбек кейбір тұрғындардың құрылыс заттары есігінің алдынан асып, көшеге дейін шашылып жататынын, ескерту берілсе де, түзеуге әрекет жасағысы келмейтінін айтты. «Сол арқылы көршілері мен жүргіншілерге кедергі келтіріп жатады», – дейді ол.
Ең алдымен, тазалықты сақтау мақсатында ұйымдастырылған іс-шара барысында жеке тұрғын үйлердің көше бойына, қоғамдық орындарға құрылыс қалдықтары және әртүрлі артық заттарды шығаруының алдын алу, жалпы қалдық заттарды тазалау жұмыстары жүргізілді. Жергілікті полиция қызметкерлері тарапынан тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, хаттамалар толтырылды. Мұндай рейдтік іс-шаралар және санитарлық-тазалық жұмыстары аудан көлемінде тұрақты ұйымдастырылып отырады.
М.МАМЫРБАЙҚЫЗЫ