Қоғам мен билік арасындағы ашық диалог орнату – мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі. Әсіресе, шалғай елді мекендерде тұратын тұрғындардың мәселелерін дер кезінде тыңдап, нақты шешім қабылдау бүгінгі күннің өзекті талаптарының қатарында. Өйткені, халықтың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін инфрақұрылым, әлеуметтік қолдау, тұрғын үй және жер қатынастары секілді бағыттарда кездесетін түйткілдер жергілікті жерде тез арада шешімін тапқанда ғана азаматтардың мемлекетке деген сенімі артады.
Осы мақсатта AMANAT партиясы еліміз бойынша қоғамдық қабылдау жұмыстарының форматын жаңартып, халықпен тікелей байланыс моделін енгізгені белгілі. Көшпелі қоғамдық қабылдау алаңы – тұрғындар мәселесін уақытылы анықтап, оны орындаушы органдармен бірлесе шешуге мүмкіндік беретін тиімді құрал.
Бүгін Еңбекші ауданы аумағында AMANAT партиясының Шымкент қалалық филиалының ұйымдастыруымен «Құқықтық көмек» жобасы аясында кезекті көшпелі мобильді қоғамдық қабылдау өтті. Шара шалғай елді мекен тұрғындарының талап-тілегін тыңдап, мәселелерін жедел шешуге бағытталған. Қоғамдық қабылдауға партия өкілдерімен қатар Полиция департаментінің мамандары, прокуратура қызметкерлері және тәжірибелі заңгерлер қатысты.
Партияның Шымкент қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов қабылдаудың маңыздылығына тоқталып:
— Бұл – халықтың партияға келуі емес, партияның халыққа өзі баруы, олардың тыныс-тіршілігіне етене араласуы. Шалғай елді мекен тұрғындарының мұң-мұқтажын тыңдап, өтініштерін партиялық бақылауға алып отырамыз. Жыл басынан бері осындай қабылдаулар 27 рет өткізіліп, 491 тұрғынның өтініші қаралды. Соның 59 пайызы оң шешімін тапты. Қалғандары да партияның тұрақты назарында, — деді.
Бүгінгі қабылдауда да тұрғындар тарапынан келушілер көп болды. Өтініштердің басым бөлігін инфрақұрылым мәселелері – газ тарту, жарықтандыру, ауызсу желісін жаңарту және жол сапасына қатысты шағымдар құрады. Сонымен қатар әлеуметтік қамсыздандыру, тұрғын үй кезегі, жер телімдері мен құқықтық мәселелер жөнінде де сұрақтар аз болмады. Әр тұрғын өз сұрағына нақты жауап алып, тиісті мекемелерге жолданатын хаттамалық тапсырмалар әзірленді.
Қоғамдық қабылдау алаңында мамандар әрбір азаматқа құқықтық кеңес беріп, арыз-шағымдарды рәсімдеу тәртібі жөнінде түсіндірме жасады. Полиция өкілдері құқық бұзушылықтың алдын алу, отбасылық-тұрмыстық жанжалдар, тұрғындардың қауіпсіздігі мәселелеріне қатысты ақпарат ұсынды. Ал, прокуратура қызметкерлері заң нормаларын түсіндіріп, күрделі мәселелер бойынша жеке қабылдау ұйымдастырды. Мұндай форматта жұмыстар жүргізу тұрғындар үшін де, мемлекеттік органдар үшін де тиімді екені тәжірибеде дәлелденіп келеді.
AMANAT партиясының көшпелі қоғамдық қабылдаулары жыл соңына дейін жалғасады. Партия өкілдерінің айтуынша, мұндай қабылдаулар шалғайда тұратын халықпен кері байланысты күшейтіп, олардың мәселелерінің дер кезінде шешілуіне айтарлықтай ықпал етіп отыр. Әрбір өтініш – нақты бақылауда, әрбір тұрғын – назарда.
Көшпелі қоғамдық қабылдаулар – қоғам мен билік арасындағы көпір рөлін атқаратын маңызды тетік. Мұндай кездесулер тұрғындардың мәселесін көзбе-көз тыңдап, жедел шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Бастысы – халық пен жауапты органдар арасындағы сенім нығаяды. Еңбекші ауданындағы бүгінгі қабылдау да осы мақсаттың орындалып жатқанын көрсетті. Тұрғындардың өтініштері назардан тыс қалмай, нақты жұмыс жанданып келеді. Демек, ашық диалог пен азаматтардың мәселесіне дер кезінде ден қою – қоғамды дамытудағы ең тиімді жолдардың бірі болып қала беретіні анық.
Салтанат ЖАМАЛДИНОВА
