Шымкент қаласында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының (КҚГҚ) алдын алу мәселелері бойынша брифинг өтті. Мамандар аурудың таралу қаупі, сақтық шаралары және алдын алу жұмыстары туралы баяндады.
Шымкент қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл Тұрымбетованың мәліметінше, Шымкент қаласында әзірге КҚГҚ жұқтыру дерегі тіркелмеген. Дегенмен, жыл басынан бері кене шаққан 12 адам медициналық көмекке жүгініпті.
Мамандардың айтуынша, бұл аурудың табиғи ошақтары қала маңында бар. Өткен жылдары кейбір аудандарда вирус анықталған болатын. Сондықтан мамандар биыл да қауіптің жоғары екенін айтып, тұрғындарды сақтық шараларын күшейтуге шақырды. Мәселен, қаладағы 11 қолайсыз елді мекенде мемлекеттік тапсырыспен қаржыландыру арқылы жылына 2 рет кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстары жүргізіледі.
Эпидемиологтардың айтуынша, Шымкент қаласы мен оның айналасындағы кейбір аудандар КҚГҚ таралу қаупі жоғары аймақтарға жатады. Бұл вирус негізінен кенелер арқылы беріледі. Кене шаққан кезде вирус адам ағзасына еніп, ауыр инфекциялық процесс тудырады. Сонымен қатар, вирус жұқтырған жануарлардың қаны немесе басқа да биологиялық сұйықтықтарымен байланысқан кезде де жұғу қаупі бар.
Брифинг барысында мамандар қалада кенеге қарсы дезинсекциялық жұмыстардың белсенді түрде жүргізіліп жатқанын хабарлады. Арнайы бригадалар саябақтарда, мал жайылымдарында, өзен-көл жағалауларында және қала шетіндегі елді мекендерде кенеге қарсы өңдеу жұмыстарын жүргізуде. Дегенмен, мамандар тұрғындардың да жеке сақтық шараларын ұстануы маңызды екенін атап өтті.
– Тұрғындарға табиғатқа шыққанда жабық киім кию, кенеге қарсы арнайы препараттарды қолдану, далада серуендегеннен кейін денені мұқият тексеру қажет. Егер кене жабысса, оны жалаң қолмен ұстамай, арнайы құралдармен алып, дереу дәрігерге жүгіну керек. Қасапшылар, малшылар және ветеринарлар жеке қорғаныс құралдарын пайдалануы қажет. Ал, кене шаққан адамды тасымалдаған жағдайда жеңіл көліктер де арнайы тазалық жұмысын жүргізген жөн, – дейді департамент басшысының орынбасары.
Шымкент қаласындағы медициналық мекемелер КҚГҚ күдікті жағдайларын анықтау және емдеу үшін қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Дәрігерлер ауру белгілері байқалған жағдайда, науқастарды тез арада оқшаулап, вирусқа қарсы терапия жүргізуге дайын.
Қазіргі таңда бұл ауруға қарсы арнайы вакцина жоқ. Ғалымдар зерттеу жұмыстарын жалғастырып жатқанымен, КҚГҚ-ның алдын алудың ең тиімді жолы – жеке сақтық шараларын сақтау және кенелердің таралуына жол бермеу.
Г.ТЕМІРХАНҚЫЗЫ