Редакция таңдауы

Конституция – ел дамуының даңғыл жолы

30 тамыз — Қазақстан Республикасының Конституциясы күні! Биыл Қазақстан халқын бір тудың астына біріктірген Ата заңымыздың қабылданғанына отыз жыл.

1995 жылғы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы орнықты тәуелсіз мемлекетті құрудың, еліміздің одан әрі тұрақты дамуы мен жаңа құқықтық кеңістікті қалыптастырудың берік нормативтік тұғырына айналды.

Конституция жаңадан шаңырақ көтерген Тәуелсіз Қазақстан Республикасының жарқын болашағын анықтап берді. Ата заң аясында елдіктің ең алғашқы қазығы қағылып, қабырғасы қаланды. Шаңырағымыз биіктеп, босағамыз бекіді. Заңы кемелденген, саясаты орнықты, қоғамы тұрақты, сыртқы және ішкі геосаяси ахуалы қалыптасқан іргелі елге айналдық.

Осыдан 30 жыл бұрын қазіргі Ата заңымыз қабылданды. Бұл қадам тереңнен тамыр тартатын мемлекеттігімізді тың өріске бастап, Қазақстан Республикасының күрделі геосаяси жағдайдағы дамуының даңғыл жолын айқындады.

Конституция — кез-келген елдің тірегі. Заңы мықты мәңгілік ел саналады. Заңға сеніп, заңға арқа сүйеген ел ғана жаңа ғасырдың төрінен орын алып, жарқын болашаққа еркін жол тартады.

Конституция елімізде азаматтық қоғамның орнығуы мен құқық үстемдігінің бекуіне барынша ықпал етіп, тиімді билік жүйесінің қалыптасуы мен ұлттық заңнаманың дамуын және басқа да қоғамдық институттардың сындарлы жұмыс атқаруын қамтамасыз ететін нормативтік негізі мықты, өміршең де маңызды құжат екендігі бүгінгі таңда мойындалған ақиқат.

Қасиетті Тәуелсіздігіміздің берік тұғырына айналған Ата заңыңымыздың әрбір қазақстандық үшін аса қымбат екенін екінің бірі біледі, оны қайталап айтып жатудың өзі артық. Конституциямызда тайға басылған таңбадай анық жазылаған, ең басты орында тұратын адам құқығы және оның бостандығы туралы баптар, сондай-ақ, саяси және әлеуметтік-экономикалық құрылым қағидаттарының арқасында қазақ даласында әділетті қоғам мен қуатты мемлекет құрып отырмыз. Ата заңымыз Қазақстан сынды жарқын болашақты бетке алған мәңгілік елдің мызғымас тұғырына, бағыт сілтер темірқазығына айналды.

Қазақстан Республикасы Конституциясындағы басты қағида халық билігі, заңның үстемдігі, азаматтардың теңдігі және халпы халықтың бірлігі болып табылады. Қасиетті тәуелсіздігімізді мәңгілік ету үшін жоғарыда аталған қастерлі ұстанымдардан айнымауымыз керек. Сонда ғана еліміздің жарқын болашаққа бет алған даму бағдары анық болады. Сонда ғана келешегіміз кемел, мемлекеттігіміз мәңгілік болмақ.

Мемлекетіміздің саяси тұрақтылығы, азаматтар арасындағы келісім, алыс-жақын шетелдермен байланыс мемлекеттің берік конституциялық негізінің арқасында қалыптасады. Конституциясы кемел ел — ертеңі ерен, болашағы жарқын ел. Демек Ата заңымыздың алдында әрбір азамат бірдей, Конституциямыз кез-келген Қазақстан азаматының арқа тірегі, сүйеніші.

Еліміз егемендік алғаннан бері жылдан-жылға тек алға қадам басып келеді. Біздің елдің отыз жылға жеткен жетістігі мен толағай табысына алыс-жақын шетел таңдай қаға тамсанады. Жас мемлекеттің мұншалық тез дамуына және ішкі-сыртқы саяси жағдайының осыншалық тұрақтылығына таңданбау қиын әрине. Осы жетістіктің бәрі кемел Конституциясымыздың арқасында екенін ешқашан естен шығармауымыз керек.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бастан кешкен қиын-қыстау кезеңде де, қазіргі даму кезеңінде де Конституцияның ел өмірінің барлық саласында тура жол сілтеп, кемелденудің алтын арқауына айналғанын өмірдің өзі айқын дәлелдеп отыр.

Сондықтан да Конституциямызды – ел кемелділігінің негізгі арқауы деп мәлімдеуге құқылымыз!

М.Акишев,
Шымкент қаласы әкімі аппаратының
Әдеп жөніндегі уәкілі

Соңғы жаңалықтар

betwinner melbet megapari megapari giriş betandyou giriş melbet giriş melbet fenomenbet 1win giriş 1win 1win