Астанадағы Конституциялық сот ғимаратында өтіп жатқан Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның барлық отырыстарына осы комиссияның мүшесі ретінде талқылауға қатысудамын.Өздеріңізге мәлім, бұл жұмыс Мемлекет басшысының тапсырмасымен жарты жыл көлемінде мемлекеттік хатшы Е.Карин бастаған арнайы комиссия тарапынан егжей-тегжейлі қаралған болатын. Нәтижесінде қазақстандықтардан түскен 2000-нан астам пікір-ұсыныс түгелдей қаралып, бүгінгі заман талаптарын және озық халықаралық тәжірибелерге сүйеніп Ата заңның 84% пайызына өзгерістер мен толықтырулар енді. Осылайша комиссия мүшелерінің толық қолдауымен бүгінгі қолданыстағы Конституцияға өзгерістер енгізу емес, Жаңа Конституцияның жобасын келісу туралы шешім қабылданды.
Көзіқарақты адамға Жаңа Конституцияның Кіріспесі мен 3 бапты оқығаннан-ақ барлық мәселе түсінікті деп ойлаймын. Саяси мәні жоғары жаңа Ата заңымызда мемлекеттік мүдде, тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуы үшін барлық мәселе жан-жақты қамтылып отыр. Елдің пікірі, қоғамдық ұйымдар мен партия белсенділерінің ұсыныстары толық ескерілген.
Конституция – кез келген мемлекеттің құқықтық іргетасы, оның даму бағыты мен стратегиялық бағдарын айқындайтын негізгі құжат. Конституциялық реформа елдің саяси жүйесін заман талабына сай жаңғыртуға, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға және қоғам мен билік арасындағы сенімді нығайтуға бағытталған маңызды қадам. Өздеріңізге белгілі, қолданыстағы Конституция Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасу кезеңінде қабылданып, мемлекетті орнықтыруда тарихи міндетін толықтай орындады.
Бүгінгі таңда байқапа көріп отырғандарыңыздай, әлемдегі геосаяси жағдайдың өзгеруі мен халықаралық қатынастардың күрделенуі, ғылым мен технологияның қарқынды дамуы, сондай-ақ қоғам сұраныстарының жаңа деңгейге көтерілуі құқықтық жүйені жаңаша пайымдауды талап етуде. Қалыптасу кезеңінен – әлемдік бәсекеге қабілеттілікті арттырып, даму кезеңіне өтетін уақытта елдің ішкі әлеуеті мен институционалдық тұрақтылығын одан әрі күшейту қажет. Елдің одан әрі дамуы үшін Конституция нормаларын қазіргі заман талаптарына бейімдеу қажеттілігі туындады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының өткен жылдың қыркүйек айындағы Жолдауынан кейін құрылған парламенттік реформаны жүзеге асыру бойынша Жұмыс тобы жарты жылға жуық тұрақты әрі жүйелі жұмыс жүргізді.
Бұл жұмыста азаматтардың пікірін ескеру үшін e-Otinish және eGov ақпараттық платформалары арқылы тұрғындардан мыңдаған ұсыныс-пікірлер түскен. Олардың ішінде тек саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың өзінен 1600-ден астам ұсыныстың түсуі қоғамның бұл үдеріске белсенді қатысқанын көрсетіп отыр.
Жиналған ұсыныстарды жүйелеу үшін комиссия құрамына республикамыздың барлық өңірлерінен өкілдер, құқық қорғау, сот саласының мамандары, ғылыми-зерттеу ұйымдарының сарапшылары, құқық қорғау ұйымдарының басшылары мен өкілдері, парламент депутаттары, мәдениет және медиа саласының өкілдерін қоса алғанда барлығы 130 адам тартылды. Комиссияның 6 отырысы өтті. Отырыстар барынша ашық әрі жария форматта ұйымдастырылды. Ресми интернет-ресурстарда және Конституциялық соттың әлеуметтік желідегі парақшаларында отырыстың жұмысы тікелей эфирде көрсетілді. Ақпаратты жедел тарату және қоғаммен кері байланысты қамтамасыз ету мақсатында «Конституциялық реформа – 2026» атты арнайы Telegram-арна іске қосылды. Сонымен қатар комиссия мүшелері бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы өз ұстанымдарын кеңінен түсіндіріп отырды. Бұл «Естуші мемлекет» қағидатын іс жүзінде іске асырудың кезекті және нақты көрінісі. Отырыстардың ашық өтуі қоғамда түрлі алып-қашпа пікірлердің алдын алып, ұсынылып отырған нормалардың мәні мен логикасын түсінуге мүмкіндік берді, сондай-ақ қабылданған шешімдердің заңдылығын және қоғамдық қолдауын арттырды. Сондықтан жаңа конституциялық жобаны – нағыз халықтық конституция деуге толық негіз бар. Ұсынылып отырған Жаңа Конституцияның жобасында 11 бөлім және 95 бап қамтылған, ал қолданыстағы редакцияда 9 бөлім және 101 бап болғанын жақсы білесіздер. Жалпы алғанда жаңа Конституцияның жобасына жаңадан 2 бөлім енгізіліп, 77 бабына өзгерістер енгізілді, бұл Негізгі заң мәтінінің 84 пайызын құрайды.
Бұл өзгерістерді жай ғана редакциялық түзетулер деп қарастыруға болмайды. Бір баптың өзгеруі бірқатар баптардың жойылуына немесе толықтыруларға алып келеді. Бір-ақ мысал, бір палаталы Парламентке көшу қолданыстағы қос палаталы жүйеге тән Мәжіліс пен Сенаттың өкілеттіктерін айқындайтын ондаған нормалардың күшін жоюды көздейді. Жаңадан қосылған өзгерістер де көп. Конституцияның жаңа редакциясында Кіріспе (Преамбула) бөлімі толығымен жаңадан жазылып, Онда Ұла даланың мыңжылдық тарихына сүйеніп, Ата Заңның негізгі мақсат-мұраттары айқындалды.
Сонымен қатар, Вице-Президент институты, Халықтық кеңес, Адвокатура және басқа да маңызды жаңа институттар мен ұғымдар енгізілді. Бұл өзгерістер жекелеген баптарды түзетумен шектелмейді. Олар Конституцияның құрылымын, құқықтық мазмұнын және басқару философиясын тұтастай жаңартуға бағытталған. «Нормативтік құқықтық актілер туралы» заң талаптарына сәйкес, егер құжаттың жартысынан астамы өзгертілсе, оның жаңа редакциясы қабылданады. Осыған орай, Конституцияның жаңа редакциясын қабылдау заңды ұйғарым, бастысы қазіргі заман талаптарына, қоғамның сұранысына және мемлекеттің стратегиялық даму мақсаттарына толық сәйкес келеді.
Қорыта айтқанда, жаңа Конституция – бұл елдің ұзақ мерзімді дамуын бағыттайтын темір қазық, мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатын қалыптастыратын негізгі құжат. Жоба халық тарапынан қолдау тапқан жағдайда, жаңа Конституция – Қазақстанды халықаралық қауымдастыққа Адам құқықтары мен Заң үстемділігін ту еткен, бірлігі мекем, білім мен ғылымға сүйенген, өркениетті, тарихы терең, болашақ алдында жауапкершілігі мол ел ретінде танытатына сенімдімін.
*Бахадыр НАРЫМБЕТОВ,*
*Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы, Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның мүшесі.*
