Астанада Конституциялық комиссияның кезекті отырыстары өтіп, Қазақстан Республикасының Конституциясына енгізу ұсынылған түзетулер жан-жақты қаралды. Өзгерістер қоғам өкілдері, саяси партиялар мен сарапшылар қауымдастығынан келіп түскен екі мыңнан астам ұсыныс негізінде қалыптастырылған.

ҚР Конституциялық сотының төрайымы Эльвира Азимованың айтуынша, барлық ұсыныстар біртұтас жинақталған кестеге біріктірілген.
– Азаматтар мен сарапшылардың белсенді қатысуы реформаның жоғары қоғамдық маңызын көрсетеді. Конституциялық өзгерістер халықтың тікелей қатысуымен жүргізілуі тиіс, – деді ол.
Отырыстар барысында Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев, Сенат депутаты Нұрлан Бекназаров, Мәжіліс депутаттары Снежанна Имашева, Айдос Сарым және өзге де қоғам қайраткерлері баяндама жасады.
Ерлан Сәрсембаевтің айтуынша, түзетулер Үкіметтің, Конституциялық соттың, прокуратура мен сот билігінің жекелеген функцияларын, құқық қорғау тетіктерін, жергілікті өзін-өзі басқаруды, арнайы құқықтық режимдерді және Конституцияға өзгеріс енгізу тәртібін нақтылауға бағытталған. Сонымен қатар болашақ бір палаталы Парламент – Құрылтайдың қызметі регламенттелмек.
Ұсынысқа сәйкес, Құрылтай пропорционалды өкілдік жүйесі бойынша сайланатын 145 депутаттан тұрады. Өкілеттік мерзімі – бес жыл. Заң шығару үш оқылымнан өтеді.
Нұрлан Бекназаров Конституцияға Халық кеңесінің мәртебесін бекіту ұсынылып отырғанын айтты. Бұл Қазақстан халқының мүддесін білдіретін жоғары консультативтік орган болмақ.
Снежанна Имашева түзетулердің салыстырмалы кестесін таныстырып, өзгерістер конституциялық құрылысты нақтылау мен нығайтуға, құқықтық айқындықты арттыруға және құқық қорғау тетіктерін күшейтуге бағытталғанын атап өтті. Ерекше назар Преамбуланы күшейтуге, зайырлы және құқықтық мемлекет қағидаттарын бекітуге, адам қадір-қасиетін, өмір сүру құқығын, жеке өмір мен дербес деректерді қорғауға аударылған.
Комиссияның тағы бір отырысында парламенттік фракция жетекшілері бір палаталы Парламентке көшу бастамасын қолдады. «AMANAT» партиясының өкілі Елнұр Бейсенбаев бұл қадам саяси партиялардың рөлін күшейтетінін айтты. «Ауыл» партиясының жетекшісі Серік Егізбаев реформаның болашақ ұрпақ өміріне тікелей әсер ететінін жеткізді.
ЖСДП жетекшісі Асхат Рахымжанов реформаның мақсаты – билікті ашық әрі халыққа жақын ету екенін атап өтті. «Respublica» партиясының жетекшісі Айдарбек Қожаназаров құқық үстемдігі мен институттарды нығайту елдің орнықты дамуының негізі екенін айтты.
Қазақстан Халық партиясының өкілі Магеррам Магеррамов пен «Ақ жол» партиясының жетекшісі Азат Перуашев пропорционалды сайлау жүйесі мен Халық кеңесінің құрылуын көппартиялық өкілдікті күшейтетін маңызды тетік деп бағалады.
Айдос Сарым Конституцияның 53-бабы жаңа редакцияда 23 тармаққа дейін кеңейіп, Парламенттің функционалы 1,5 есе артатынын айтты.
Бас прокурордың бірінші орынбасары Жандос Өміралиев Конституцияда «Миранда ережесін» бекіту бастамасын қолдап, ұсталған азаматтың құқықтары бірден түсіндіріліп, адвокатпен қамтамасыз етілуі тиіс екенін атап өтті.
Сарапшылар мен депутаттар арнайы құқықтық режимдер енгізу, жеке деректерді қорғау, табиғатты сақтау, білімнің зайырлы сипатын бекіту, өмір сүру құқығын абсолютті ету, адвокатура мәртебесін айқындау, сондай-ақ неке ұғымын Конституцияда нақтылау ұсыныстарын қолдады.
Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев өмір сүру құқығын басты құндылық ретінде бекіту қажеттігін айтты. Ал жастар өкілі Гүлзира Атабаева білімнің зайырлы сипатын нақтылау жас ұрпақ үшін маңызды бағдар болатынын жеткізді.
Отырысты қорытындылаған Эльвира Азимова түзетулер бойынша елеулі ілгерілеу жасалғанын айтып, жұмыс топтарынан түскен қосымша ұсыныстар жинақталған кестеге енгізілетінін хабарлады.
Айта кетейік, Конституциялық комиссияның жұмысы әрі қарай жалғасып жатыр.
Gov.kz
