Шымкент қаласында белгілі сатирик, халықтың сүйікті қаламгері Көпен Әмірбектің туғанына 75 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Шымкент думан» республикалық әзіл-сықақ фестивалі өтті.
Бұл фестиваль – күлкі мен сатираны ұштастырып, сатира өнерін жаңа деңгейге көтеруде. Олай дейтініміз, әзіл – қоғамның айнасы, ол арқылы елдің көңіл-күйі, қоғамдағы өзекті мәселелер мен шындықтың боямасыз көрінісі бейнеленіп жатады.Көпен Әмірбек сатира жанрында өз қолтаңбасын қалдырған дара тұлға. «Үкіметтің кішкентай атағынан, халықтың «Көпен келе жатыр» деген атағы үлкен» деген Көпен Әмірбектің шығармалары халықтың санасына ой салып, өткір тілімен елді күлдіре отырып, ойландыратын терең мағыналы дүниелерден тұрды. Халық арасындағы өзекті мәселелер де Көпен шығармасынан тыс қалмаған. Бүгінгі фестиваль де дәл осы сатира мен юмордың рөлін насихаттауға бағытталғаны қуантты.
Фестивальге еліміздің бірнеше өңірінен сатира театрлары мен әзілкештер жиналды. Қатысушылар екі кезең бойынша өнер көрсетті. Еркін тақырыптағы монологтары мен интермедиялары көрерменді бір баураса, екінші турда Көпен Әмірбектің шығармаларын орындап, сатириктің мол мұрасын дәріптеді. Фестивальдің әділқазылар алқасының құрамында қазақ сатирасының майталмандары Бауыржан Ибрагимов, Мұхтар Шерім, Жүсіп Ақшора, Жұлдызай Дүйсенбиева және Көпен Әмірбектің інісі Базарбек Әмірбекұлы бар. Бұл фестиваль сатира жанрының қоғамдағы маңызын көрсетіп қана қоймай, жас сатириктерге үлкен мүмкіндік сыйлады. Жастар үшін Көпен Әмірбек сынды дара тұлғаның мұрасымен танысып, оның шығармашылығынан шабыт алу да үлкен сабақ.
– Алғаш өткізіп отырған әзіл фестивалінің Шымкентте өтуі заңдылық. Олай дейтініміз, Шымкент өңірі әзілдің ордасы сияқты. Жалғыз сатира театры да Шымкентте. Ағам күлкіні өнер деп бағалап, оны ұлттың рухани азығы деп санады. Оның әрбір шығармасы қоғамдағы түйткілдерді әзілмен астарлап жеткізіп, халықты ойландыруға бағытталған. Көпен бір әулеттің ғана емес, мұқым қазақтың Көпені болған азамат. «Күле білу – өмір, күлдіре білу – өнер, күлкі болу – өлім» деген қазақ үшін бүгінгі жиынның маңызы зор, – деді Көпен ағаның інісі, белгілі журналист Ерсұлтан Әмірбек.
Көпен Әмірбектің есімі қазақ сатирасының тарихында алатын орны ерекше. Оның шығармалары қанша жыл өтсе де, өзектілігін жоғалтпай, халыққа ой салатын дүниелер болып қала бермек. «Шымкент думан» фестивалі – әзіл мен сатира өнерінің дамуына тың серпін беретін, дәстүрлі түрде жалғасын табатын мереке боларына сеніміміз мол.
Екі күнге созылған «Шымкент думан» фестивалі көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Шымкент қаласының әкімдігі ұйымдастырған,
7 жылдан кейін қайта жаңғырған бұл фестивальде күлкі мен өнер тоғысып, ерекше кешке айналды. «Тулип Холл» концерт залында өткен бұл кешке белді әзіл ұжымдары – «Шымкент шоу», «Шаншар», «Алдараспан», «Миллион», Қанат Әлжаппаров пен Қайрат Әділгерей қатысты. Сондай-ақ, халықтың сүйікті әншілері Әлжаппар Әлқожа және Ханзада өнер көрсетті. Фестивальдің басты мақсаты – қазақ әзілінің биік деңгейін көрсету және талантты өнерпаздарды қолдау болды. Кеш барысында Көпен Әмірбек атындағы арнайы жүлде мен жүлделі орындар табысталды. Әділ-қазылар шешімімен жүлделі 1 орын мен 700 мың теңге сертификатына және Көпен Әмірбек атындағы Арнайы жүлде 300 мың теңге сертификатына Алматы қаласынан келген Қ.Қожамияров атындағы республикалық академиялық ұйғыр музыкалық комедия театры иеленсе, бас жүлде 1 миллион теңге Қызылордадан келген “Күлкістан” әзіл-сықақ театрына бұйырды.
Салтанатты шараға қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек арнайы қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Ол өз сөзінде, «Шымкент – қазақ өнері мен мәдениетінің қайнаған ортасы. Бірақ, соңғы 7 жылда “Шымкент думан” фестивалі өтпей қалғаны өкінішті жағдай. Енді осы дәстүрді қайта жандандырып, оны тұрақты түрде ұйымдастыруды қолға аламыз. Бұл фестивальдің басты мақсаты – әзіл арқылы қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеру, сатираны дамыту және көрерменге мәдени демалыс сыйлау. Біз бұл шараның келесі жылдары да үздіксіз жалғасатынына сенеміз», – деп атап өтті.
Кешке жиналған көрермендердің қарасы көп болды. Шынайы күлкі, таза әзіл мен әсем әндерге толы болған бұл фестиваль көпшіліктің көңілінен шығып, халық арасында жылы лебізге ие болды. Шымкенттің қонақжайлығын сезінген әрбір қатысушы өздеріне көрсетілген құрмет пен қошеметке дән риза болып тарқасты. Шымкент халқының осындай игі бастамаларды қолдайтынын байқаған ұйымдастырушылар бұл фестивальді жыл сайын дәстүрлі түрде өткізуді жоспарлап отыр. «Шымкент думан» – күлкі мен қуаныш сыйлаған, халықтың ыстық ықыласын жинаған ерекше кеш болды.
Салтанат ЖАМАЛДИНОВА