ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкент қаласына жұмыс сапарымен келген кезде Мәдениет және өнер университетін ашуды тапсырған болатын. Сол уақытта Ақорданың ресми сайтында «Мемлекет басшысы жұртшылықтың Шымкент қаласында Мәдениет және өнер университетін ашу жөніндегі ұсынысын қолдады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қала әкімі Ғабит Сыздықбеков пен Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға тиісті тапсырма берді» деп жазылған болатын. Осыған орай, ел Президентінің тапсырмасын орындау бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.
Тарихқа зер салар болсақ, Әл-Фараби атындағы Шымкент педагогика және мәдениет институты 1967 жылы құрылған. Бұл мәдениет мекемелері үшін білікті кадрлар мен мектептерге музыка пәні мұғалімдерін даярлаумен айналысатын оқу орны болатын. Бұл елде теңдесі жоқ бірегей жоғары оқу орны еді. Оған 1975 жылы Шығыстың ұлы ойшылы – Әбу Насыр Әл-Фарабидің есімі берілді. Онда 700-ге жуық студент оқыды.
Институт жұмыс істеген жылдары еліміздің көрнекті мәдениет қайраткерлерінің үлкен бір шоғырын даярлады. Олардың арасында халық әртістері Мақпал Жүнісова мен Нағима Есқалиева да бар.
1990 жылдары жүзеге асырылған құрылымдық реформалар аясында институт М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің құрамына қосылды. Сол уақыттан бері қарай университеттің құрамында мәдениет факультеті ретінде жұмыс істеп келеді. Дегенмен, бұл жағдай студенттер санының бірнеше есе азаюына әкеп соқты.
Бүгінгі таңда Қазақстанда жеке дара жұмыс істеп тұрған Мәдениет институты жоқ. Бұл Шымкенттегі Мәдениет институтын қалпына келтіру мәселесін ерекше өзекті етіп отыр.
Бүгінде мәдениет саласындағы білікті мамандарға деген сұраныс артты. Соңғы жылдары Шымкент қаласы мен еліміздің Оңтүстік өңірлерінде жаңа мәдениет үйлері, оқушылар сарайлары, демалыс және шығармашылық орталықтары көптеп ашылып, мәдениет саласындағы инфрақұрылым жедел дамып келеді. Осыған байланысты білікті мамандарға, атап айтқанда, режиссерлерге, музыканттарға, хореографтарға, оқытушыларға, мәдени жоба менеджерлеріне деген сұраныс күрт өсті. Бүгінгі таңда Оңтүстік Қазақстан университеті мәдениет факультетінің түлектері осы салаларда сұранысқа ие болып отыр.
Бүгінде Шымкент қаласындағы саябақтар мемлекеттік меншікке қайтарылып жатыр. Бұрындары Мәдениет институтының түлектері осы саябақтарда мәдени-көпшілік іс-шараларды тұрақты түрде өткізіп тұратын. Бұл қоғамдық кеңістіктерді күтіп ұстауға, тазалық пен еңбекті насихаттауға, жалпы, тұрғындардың мәдени деңгейін көтеруге ықпал ететін еді.
Жоғарыда аталған факторларды ескере отырып, Мәдениет институтын жеке оқу орны ретінде құру — негізделген әрі стратегиялық маңызы бар қадам болмақ.
Бұл шешімнің мынадай артықшылықтары бар екенін айта кеткен жөн. Өңірде мәдениет саласының дамуына, осы сала мамандарының беделі мен мәртебесін арттыруына ықпал етеді. Мәдениет және өнер саласына қажетті неғұрлым жоғары мамандандырылған кадрларды даярлауға жол ашылады. Бұл институт мәдени саясатты тиімді түрде жүзеге асыруға және креативті индустрияның дамуын ғылыми-әдістемелік тұрғыда сүйемелдеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, мәдениет мекемелерімен өзара серіктестік байланыстарды нығайтуға және тәжірибеге бағытталған бағдарламаларды кеңінен қолдануға да ықпал етеді.
Мәдениет институтын дербес ЖОО ретінде қайта құру – бұл тарихи әділеттілікті қалпына келтіру ғана емес, сонымен қатар Шымкент пен бүкіл оңтүстік өңірдің мәдени өміріне қуатты серпін беретін қадамға айналады. Бұл шешім мәдениет және қоғамның рухани дамуы саласындағы заманауи сын-қатерлерге жауап бере алатын білікті мамандардың жаңа буынын дайындауға мүмкіндік береді.
Тағабай ҚАСЫМОВ