Редакция таңдауы

Мәдениеттің мәйегі – кітап

Расында, халқымыз «Кітап – білім бұлағы, білім – өмір шырағы» деп бекер айтпаған. Қараңғыда жанған шырақтай адамның ойы мен жүрегін нұрға бөлейтін ғажайып құдірет бар, ол – кітап оқу. Кітап көңілге нұр сеуіп, ақылға ақыл қосып, уақыттың қадірін ұғындырады. Ұрпаққа білім беретін ұстаз да, ұлттың ұстынындай нар тұлғалар да ақ қағаз жазылған ойдан нәр алады. Қазіргі заманда адамның ішкі әлемін байытып, ой көкжиегін кеңейтетін де, өз жолын табуға көмектесетін де, тағы сол кітап екені анық.

Кітап – әрбір парағы өткен мен бүгіннің, халық пен дәуірдің үніндей мол қазына. Әр оқылған бет жан-дүниеңе жаңа сәуле түсіріп, жүректі жұмсартып, ойды тереңдетеді. Кітап арқылы адам өмір мәнін, табиғат заңын, қоғамның тынысын түсінуге ұмтылады. Кітапсыз адам өз бақыты мен білімінің байлығын толық сезіне алмас еді.

Кітап оқу рухани тәрбиеге де жол ашады. Ол адамға сабыр мен ізгілік, әділдік пен даналықты үйретеді. Қазақи ойлау салты бойынша білімді адам елінің тірегі, сөзі салмақты кісі саналады. Сол себептен әрбір жасқа кітап оқуды үйрету, ой-өрісін кеңейту басты парыз саналады. Кітап тек білім көзі емес, адамның ішкі жан дүниесінің айнасы, сезім мен ойды тәртіпке келтіретін тірек іспетті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек»-деген еді.

Бұл – қазіргі ақпараттың тасқыны қарқын алған заманда жай ғана үндеу емес, ұлттық сананы жаңғыртудың, ұлттың ой-өрісін, рухани әлеуетін көтерудің басты бағыты. Қазір адамның назарын мың түрлі интернет мазмұн өзіне тартып әкетеді. Телефон, әлеуметтік желілер, бейнежазбалар мен қысқа хабарламалар адамның ойлау тереңдігін азайтып, зейін мен тіл байлығын шектеп барады. Осындай кезеңде кітап – рухтың тұтқасы, сананың сәулесі болып қала береді. Кітап оқу – тек ақпарат алу емес, адамды ойлануға, түйсінуге, ізденуге үйрететін мәдениет.

Кітап оқыған адамда логикалық ойлау қабілеті артады, сөйлеу мәдениеті қалыптасады, рухани әлемі байитыны баршаға мәлім. Кітап – сабыр мен зерденің мектебі. Ұлттың өркениеттілігін, қоғамның мәдени деңгейін – оның кітапқа деген көзқарасынан байқауға болады. Әлемнің ең дамыған елдері – ең көп кітап оқитын мемлекеттер. Өкінішке қарай, Қазақстан бұл көрсеткіш бойынша әлемде 95-орында екен. Ал, көш бастап тұрған елдер қатарында АҚШ, Финляндия, Ұлыбритания және Жапония бар. Бәрі де дамыған, жаңағы біз айтқан интернеті бар мемлекеттер. Дегенмен, олар кітап оқуды насихаттайтын, «мәжбүрлейтін» кезден өтіп кеткен. Демек, кітап оқудан алыстап кеткен біз үшін бұл жоба тек мәдени науқан емес, ұлттық сана мен рухани деңгейімізді жаңғыртудың нақты құралы, қарманып қалатын шақ екені анық.

Осы рухани бағытталу жолында еліміздің үш аймағында, Қостанай, Қарағанды, Шымкент қалаларында «Кітап оқитын ұлт» атты жаңа жоба бастау алды. Мақсаты – оқуды өмір салтына айналдыру, әр адамды кітап арқылы өзін дамытуға баулу және елімізді әлемнің ең көп кітап оқитын он елінің қатарына қосу.

Аталған жобаның Шымкент қаласында да жүзеге асырылуы қаламызға берілген бақ деп қабылдайық. Олай дейтінім, үйімізде баламызды кітап оқыта алмайтын ата-анамыз, үйде болсын, түзде болсын қолымызда қағаз емес, смартфон жүретін халықпыз.

– Біз бұл бағытта белсенді аймақтардың бірі болғанымызға қуанып қалдық. Біздің мақсатымыз – жобаны тек өткізу емес, оны халықтық қозғалысқа айналдыру. Сол үшін де қалада арнайы жобалық кеңсе құрылып, барлық оқу орындары, кітапханалар, мәдениет мекемелері мен БАҚ өкілдері бірлесіп жұмыс жүргізудеміз. Жоба алты негізгі бағыттан тұрады: «Кітап оқитын мектеп» – 6–10 сынып оқушылары арасындағы байқау, «Кітап оқитын колледж» – студенттер арасындағы пікірсайыс түрінде өтеді, «Кітап оқитын университет» – жоғары оқу орындары арасындағы зияткерлік дода, «Кітап оқитын педагог» – ұстаздарға арналған білімді сынау алаңы, «Кітап оқитын әулет» – отбасылық форматтағы ойын-эстафета, ал «Кітап оқитын мемлекеттік қызметкер» – қоғам алдындағы тұлғалардың рухани ізденісін қолдауға бағытталған танымдық сайыс. Кітаптар тізімі – көркем әдебиеттен бастап, тұлғалық даму мен тарихи танымға дейінгі кең ауқымды қамтиды. Бұл арқылы біз жастардың ойлау көкжиегін кеңейтуді, ұстаздардың және ата-аналардың үлгі болуын, ал мемлекеттік қызметкерлердің рухани мәдениетін көтеруді көздейміз, – дейді “Кітап оқитын ұлт” жобасының Шымкент қалалық кеңсе жетекшісі Ақан Бесбаев.

Қала әкімдігі мен жастар ресурстық орталығының бастамасымен құрылған жобалық кеңсе бүгінде мектептер, колледждер, жоғары оқу орындары, кітапханалар мен мәдениет мекемелерін біріктіріп, ауқымды қозғалысқа айналып отыр. Жоба алты бағытта жүзеге асады. «Кітап оқитын мектеп» – оқушылар арасындағы байқау, «Кітап оқитын колледж» – пікірсайыстар алаңы, «Кітап оқитын университет» – зияткерлік додалар, «Кітап оқитын педагог» – ұстаздарға арналған сайыстар, «Кітап оқитын әулет» – отбасылық оқу мәдениетін дамыту, «Кітап оқитын мемлекеттік қызметкер» – рухани дамуды қолдауға бағытталған бастама.

Қазір бұл жобаға 66 мыңнан астам шымкенттік қатысып отыр. Жобаның жүлде қоры – 40 миллион теңге. Бірақ нағыз жеңіс – рухани жеңіс. Кітап оқуға дағдыланған ұлт – өз болашағына салынған ең сенімді инвестиция. Иә, бүгінде интернеттен бәрін табуға болады. Бірақ, ақпарат – білім емес, ал
білім – даналық емес. Даналық тек ой сүзгісінен өткен, уақыттың екпініне төтеп берген кітаптардан табылады.

Президентіміздің тағы бір айтқан сөзі бар: «Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз». Бұл сөздер кітапқа бет бұру тек жастар үшін ғана емес, тұтас қоғам үшін стратегиялық қажеттілік екенін тағы да дәлелдейді. Сократтың «Менің білетінім – ештеңе білмейтінім, ал өзгелер мұны да білмейді» деген даналық сөзі ойға оралады. Қазақ халқы да «Білім алу – тал бесіктен жер бесікке дейін» деп бекер айтпаған. Шын мәнінде, кітап оқу – үздіксіз үдеріс, ешқашан тоқтамауға тиіс құндылық. Біз немқұрайлық танытуға құқығы жоқ қоғамда өмір сүріп жатқандықтан, әрқайсымыздың рухани дамуға қосқан үлесіміз бүкіл елдің дамуына әсер етеді.

Жобаны жүзеге асыру мерзімі 2025 жылдың қыркүйегінен 2026 жылдың сәуір айына дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында тіркеу, оқу кезеңдері, байқаулар мен марапаттау рәсімдері кезең-кезеңімен өтеді. Әр ай сайын қатысушылардың оқу белсенділігіне талдау жасалып, үздіктердің бейнежазбалары әлеуметтік желілерде жарияланады. Бұл – бір жағынан мотивация, екінші жағынан халықтық серпіліс тудырар құрал.

– Жоба барысында ең белсенді оқырмандар мен жеңімпаздарға қомақты жүлделер тағайындалған. І орын – 1 миллион теңге, ІІ орын – 600 мың теңге, ІІІ орын – 400 мың теңге. Жалпы жүлде қоры 40 миллион теңгені құрайды. Бірақ біздің көзқарасымызда ең үлкен марапат – адамның өз бойындағы рухани байлықтың оянуы. Кітап оқу арқылы адам өз әлемін таниды, ойын тереңдетеді, жүрегін тәрбиелейді. Жобаны үйлестіру үшін қалалық деңгейде жауапты тұлғалар бекітіліп, әр мектепте, колледжде, университетте «Оқырман клубтары» мен «Кітап бұрыштары» ашылды. Бұл орталықтарда пікірталастар, авторлармен кездесулер, әдеби кештер мен кітап алмасу акциялары өтеді. Әдістемелік орталықтың жетекшілігімен оқырмандарға арналған нұсқаулықтар, викториналар және оқу күнделіктері дайындалды. Ақпараттық бағыттағы жұмыстарға да ерекше көңіл бөлінуде. Әлеуметтік желілерде #КітапОқитынҰлт және #ЧитающаяНация хэштегтері арқылы халықтық қозғалыс қалыптасып келеді. Қатысушылар оқыған кітаптары туралы қысқаша бейнепікірлер түсіріп, TikTok және Instagram желілерінде бөлісуде. Сонымен бірге танымал тұлғалар, өнер адамдары мен блогерлер жоба амбассадорлары ретінде насихат жұмысына атсалысып жатыр, – дейді Шымкент қаласы білім басқармасы Әдістемелік орталығының директоры Шолпан Айтбаева.

Біз кітаппен бірге есейдік. Жастығымыздың әр парағын Абайдың даналығына, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романындағы қазақ рухының ұлылығына, Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділеріндегі» азаттық аңсаған ел тарихына арнадық. Бексұлтан Нұржекеев пен Дулат Исабеков шығармаларынан махаббаттың нәзік те шынайы табиғатын сезініп, Мұхтар Мағауиннің туындыларынан ұлттық болмысымызға, қанымыздағы намыс пен тектілікке мақтанышпен қарауды үйрендік. Шаханов пен Фаризаның отты жырларын жаттап өстік. Олардың әр шумағы бізге өмірдің мәнін, рухтың биігін үйретті. Бізді әдебиет тәрбиеледі, бізді кітап өсірді. Ал, бүгінде өз балаларымызға сол кітаптың құдіретін жеткізіп жүрміз бе? Қолында телефоны, көз алдында экраны бар өскен ұрпаққа кітаптың иісін, парақтың шылдыр үнін сездіре аламыз ба? Бұл – әр ата-ананың, әр ұстаздың, әр саналы азаматтың өзіне қоятын сұрағы. Кітап – ұлттың рухани тамыры. Тамыр тереңге бойласа ғана ағаш биік өседі. Сондықтан ұрпағымызды экран емес, кітап тәрбиелесін. Ендеше жобаға сәттілік, өміршеңдік тілейміз.

Кітап оқитын ұлт – ойлайтын, сезінетін, биіктейтін ұлт.

Салтанат
ЖАМАЛДИНОВА

Соңғы жаңалықтар

betwinner melbet megapari megapari giriş betandyou giriş melbet giriş melbet fenomenbet 1win giriş 1win 1win