Редакция таңдауы

МӘМС – АДАМДАРҒА НАҚТЫ КӨМЕКТІ ДӘЛЕЛДЕГЕН ЖҮЙЕ

Қазақстанда денсаулық сақтау жүйесін дамыту – мемлекеттік саясаттың стратегиялық басымдықтарының бірі. Соңғы жылдары елімізде, оның ішінде қарқынды өсіп келе жатқан Шымкент қаласында медициналық қызметтің сапасын арттыруға, инфрақұрылымды жаңғыртуға және озық технологияларды енгізуге бағытталған ауқымды реформалар жүзеге асуда.

Мемлекет ең алдымен халық денсаулығын жақсартуды, медициналық көмектің қолжетімділігі мен тиімділігін қамтамасыз етуді көздей отырып, денсаулық сақтау саласына ерекше назар аударып келеді. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыс медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жаңартудан бастап, жоғары технологиялық қондырғылармен жарақтандыруға, заманауи диагностика мен емдеу әдістерін кеңейтуге дейінгі кешенді шараларды қамтиды.

Сонымен қатар, саланың сапалы дамуы дәрігерлердің кәсіби даярлығы мен біліктілігіне тікелей байланысты екенін түсінген мемлекет медицина қызметкерлерін оқыту, қайта даярлау және кәсіби шеберлігін шыңдау ісіне де айрықша көңіл бөліп отыр. Бүгінде отандық мамандардың халықаралық стандарттар бойынша оқытылуы, әлемдік тәжірибелермен алмасуы және үздік технологияларды практикаға енгізуі саланың жаңа деңгейге көтерілуіне ықпал етуде.

Алайда, денсаулық сақтау жүйесін жаңғыртудың басты бағыттарының бірі – тек ауруды емдеу емес, оның алдын алу екенін атап өткен жөн. Мемлекет профилактикалық медицинаға бет бұрып, халық арасында аурулардың ерте диагностикасы, скринингтер, салауатты өмір салтын қалыптастыру және санитариялық мәдениетті арттыру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуде. Бұл бағыттың стратегиялық мәні – әрбір азаматтың өзінің денсаулығына жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру. Өйткені, қоғамның денсаулығы тек медицина саласының жұмысына ғана емес, ең алдымен әр адамның өз өмір салты мен денсаулығын сақтауға деген көзқарасына тікелей байланысты.

Осылайша, Қазақстанда және Шымкент қаласында денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту тек инфрақұрылымды жаңарту немесе жоғары технологияларды енгізу сияқты техникалық өзгерістермен шектелмейді. Ол халықтың денсаулыққа деген жауапкершілігін арттыруды, аурулардың алдын алуды қоғам санасына терең сіңіруді басты мақсат еткен кешенді және ұзақ мерзімді саясатқа айналып отыр.

Елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілуі ел медицинасының дамуына тың серпін берді. Бірнеше жыл бұрын қолжетімсіз көрінген жоғары технологиялы операциялар бүгінде өңір медицинасы үшін қолжетімді мүмкіндіктерге айналды. Міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру жүйесі ұлттық деңгейде жаңғырып, халыққа медициналық көмекті қолжетімді етудің жаңа тетіктері іске аса бастады. МӘМС қорының Шымкент қалалық филиалының мәліметінше, бүгінде қала тұрғындарының 81,7 пайызы, яғни миллионнан астам адам сақтандырылған. Оның ішінде 800 мыңға жуық жеңілдік санатындағы азамат үшін жарнаны мемлекет төлеуде. Дегенмен, әлеуметтік жағынан әлсіз болуы мүмкін 55 мыңнан астам тұрғын әлі де МӘМС жүйесіне қатыспаған. Жаңартылған жүйенің негізгі мақсаты – осындай топтарды қамтып, барлық азамат үшін медициналық көмекті қолжетімді ету. Осыған орай, филиал мамандары Шымкент қалалық №2 ауруханада баспасөз турын өткізді.

Шара барысында сөз сөйлеген Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Шымкент қаласы филиалы директорының орынбасары Арапкүл Ізбасарова МӘМС жүйесінің басты мақсаты – әрбір азамат үшін медициналық көмектің қолжетімді болуын қамтамасыз ету екенін атап өтті. Оның айтуынша, МӘМС – жинақтау емес, ынтымақтық жүйе. Яғни, әрбір сақтандырылған тұрғын жарнасының көлеміне қарамастан толық көлемде медициналық көмек алуға құқылы. Бұл – халықты ауыр қаржылық шығындардан қорғап, бұрын тек астанадағы ұлттық орталықтарда жасалатын қымбат әрі күрделі операцияларды өңір деңгейінде қолжетімді етуге бағытталған маңызды тетік.

– Биылдың өзінде шымкенттіктер үшін мыңға жуық жоғары технологиялы операция МӘМС есебінен тегін жасалды. Мұндай медициналық көмектің құны кейде миллиондаған теңгеге дейін жетеді. Бірақ, сақтандыру жүйесінің арқасында науқастар қаржы мәселесін ойламай-ақ сапалы әрі дер кезінде емделе алады. Тек 2025 жылдың өзінде қалада 1 жүрек және 17 бүйрек трансплантациясы сәтті орындалған. Әрбір отаның құны шамамен 10 млн теңгеге дейін жетеді, алайда шымкенттіктер оларды тегін алған. Бұрын мұндай операциялар өңірде жасалады деп ешкім ойлаған жоқ, ал бүгінде бұл – қалыпты тәжірибеге айналды, – дейді Арапкүл Ізбасарова.

Жақында ғана қаладағы №1 қалалық клиникалық ауруханада бүйрек трансплантациясының 244-ші отасы сәтті аяқталды. Бұл жолы донор науқастың туған інісі, ағасының өмірін сақтап қалды. Реципиент 2020 жылдан бастап «созылмалы бүйрек жеткіліксіздігі» диагнозымен дәрігерлердің тұрақты бақылауында болған. 2023 жылдан бері гемодиализ емін қабылдап келген. Осындай жауапты сәтте інісінің донор болуға шешім қабылдауы бауырмалдықтың үлгісі болды. Ота №1 қалалық клиникалық ауруханасының жоғары білікті трансплантолог-дәрігерлер тобының қатысуымен жүргізілді. Бүйрек трансплантациясы реципиенттің өмір сапасын айтарлықтай жақсартып, толыққанды өмірге қайта оралуына зор мүмкіндік береді. Бұл – МӘМС жүйесінің әлеуметтік маңызын айқын көрсететін нақты дәлел.

Сондай-ақ соңғы бес жылда Шымкенттің жүрек орталығында 23 науқасқа жасанды жүрек орнатылған. Бір жасанды жүректің құны – 77 млн теңге. Бұрын әлемнің жетекші клиникаларында ғана қолжетімді болған бұл технология қазір қарапайым шымкенттіктердің өмірін сақтауда қолданылады. Мұның барлығы МӘМС жүйесінің өңірлік медицинаға енгізген тың мүмкіндіктерінің нәтижесі. Қаладағы медициналық инфрақұрылым да жаңа деңгейге көтерілді. Бүгінде Шымкентте 177 медициналық ұйым жұмыс істейді, оның 34-і мемлекеттік, қалғаны 100-ден астам жекеменшік клиника. Бұл тұрғындар үшін еркін таңдау мүмкіндігін кеңейтіп қана қоймай, бәсекелестік ортаны қалыптастырып, медициналық қызмет сапасын арттыруға ықпал етеді. МӘМС енгізілгелі бері емханалар мен ауруханаларға жаңа құрал-жабдықтар алынып, мамандардың біліктілігін арттыруға жағдай жасалды. Халыққа көрсетілетін қызмет көлемі де, сапасы да жылдан жылға өсіп келеді. Қор тарапынан қаржыландыру сатып алу тетігі арқылы жүзеге асырылады. Қомақты қаражат амбулаториялық және стационарлық көмек, соның ішінде КТ, МРТ, УЗИ сияқты қымбат диагностикалық қызметтерге бағытталады. Мәселен, кардиохирургия мен нейрохирургия салаларында операциялардың құны бірнеше миллионнан 70 миллион теңгеге дейін барады. 2025 жылдың 9 айында қаладағы медициналық мекемелерде 258 мыңнан астам науқас стационарлық ем қабылдаған. Оның 30 мыңы тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі бойынша, ал қалған бөлігі МӘМС есебінен көрсетілген. Күндізгі стационарда 31 мыңға жуық адам ем алған, олардың да жартысынан астамы сақтандыру арқылы қамтылған.

Баспасөз турының негізгі бөлігі №2 қалалық аурухананың нейрохирургиялық бөлімінде өтті. Журналистер мұнда мойын омыртқасы сынған, ауыр жарақат алған жас жігіттің операциясының нәтижесімен танысты. Жарақаттан кейін ол өздігінен қозғала алмай қалған. Көп жағдайда мұндай жағдайлар адамды өмір бойы мүгедек етеді. Алайда, жоғары санатты нейрохирург, PhD, аурухананың стратегиялық даму жөніндегі орынбасары Еркін Медетов жетекшілік еткен дәрігерлер тобы 6 сағатқа созылған күрделі операция жасап, науқасқа қайта қозғалу мүмкіндігін сыйлады. Омыртқаның зақымданған бөлігі арнайы «кейдж» құрылғысымен бекітіліп, жұлынға түсетін қысым азайтылған. Операциядан кейін бірнеше күн ішінде науқастың қолдары мен аяқтарында қозғалыс пайда болды. Бұл – заманауи технологияның, тәжірибелі мамандардың және МӘМС жүйесінің үйлесімді жұмысының нақты жемісі.

– Мидың тамыр патологиялары кезінде жасалатын күрделі нейрохирургиялық оталар, мидың ісіктеріне арналған ашық оталар, сондай-ақ омыртқа мен жұлынға қатысты барлық жоғары технологиялы операциялар біздің ауруханада орындалады. Жыл басынан бері МӘМС жүйесі арқылы 100-ден астам науқасқа тегін ота жасалды. Тек өткен аптаның өзінде 7 күрделі операцияны тегін орындадық. Бұлар – құны жоғары, аса жауапты оталар, бірақ сақтандыру жүйесінің арқасында тұрғындар үшін толық тегін, – дейді Еркін Медетов. Оның айтуынша, орталық аурухана өткен жылы ашылғандықтан, әлі де қажет техникалар бар. Дегенмен қазіргі мүмкіндіктің өзі жоғары технологиялы оталарды толық жүргізуге жеткілікті.

– Жаңа ғана тілдескен науқасымыз биіктіктен құлап, мойын омыртқасы сынып, омыртқалары орнынан тайып кеткен. Соның салдарынан қол-аяғы жұмыс істемей қалған. МӘМС аясында омыртқаларын түзету, бекіту және жұлынды босату операцияларын жасадық. Кейін жұлынның өткізгіштігін қалпына келтіру ота­сын орындадық. Қазір науқастың қол-аяғы қайта қозғала бастады. Алда толық оңалту кезеңі күтіп тұр, – дейді Еркін Медетов.

Нейрохирургиялық бөлімде бар болғаны 13 төсек пен 3 жетекші хирург бар болса да, жыл сайын жүзден астам жоғары технологиялы операция жасалады. Биылдың 11 айында жасалған операциялардың жалпы құны 800 млн теңгеден асты және толықтай МӘМС арқылы төленді. Бөлімде бес резидент білім алып, тәлімгерлердің жетекшілігімен күрделі оталарға қатысады. Бұл – болашақ нейрохирургтарды дайындаудың маңызды алаңы. Сонымен бірге ангиографиялық кабинетте журналистер ми қан тамырларындағы аневризмаларды анықтау және емдеу процесін көрді. Мұнда да дәлдік пен кәсібилік шешуші рөл атқарады, себебі әр әрекет адамның өмірін сақтауға бағытталған.

Шымкент қаласының мысалы МӘМС жүйесінің өңір медицинасына қандай нақты өзгерістер әкелгенін айқын көрсетеді. Тұрғындар үшін бұрын мүмкін емес болған жоғары технологиялы медициналық қызметтер енді қолжетімді. Қала ауруханалары заманауи жабдықпен қамтылып, мамандардың кәсіби деңгейі артып, күрделі оталарды жергілікті жерде жасау тәжірибеге айналды. Ең бастысы – тұрғындар қымбат медициналық қызмет үшін қаржы жинау, қарызға кіру немесе шетелге шығу жөнінде ойламайды. МӘМС жүйесі олардың денсаулығын қорғап, әлеуметтік қауіпсіздікке жағдай жасайды.

Бүгінгі Шымкент медицинасы – жоғары технологиялы, тиімді және қолжетімді. Бұл жетістіктердің барлығы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің дұрыс ұйымдастырылуының, инновациялық технологияларды енгізудің және білікті кадрларды қолдаудың нәтижесі. Әрбір құтқарылған өмір, әрбір қалпына келген қозғалыс, әрбір жасалған күрделі операция – МӘМС жүйесінің шынайы тиімділігін дәлелдейтін оқиға. Шымкенттің осы бағыттағы тәжірибесі өңірлік деңгейде заманауи медицинаны дамытудың үлгісі бола алады.

Салтанат ЖАМАЛДИНОВА

Соңғы жаңалықтар

betwinner melbet megapari megapari giriş betandyou giriş melbet giriş melbet fenomenbet 1win giriş 1win 1win