Мемлекет басшысы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заңға енгізілген өзгерістерді ресми бекітіп, құжатқа қол қойды. МӘМС туралы заңға қандай өзгеріс енгізілді? Бұл өзгерістер азаматтар мен жүйеге қалай әсер ететіні жайында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Шымкент қаласы филиалының директоры Алимова Ләззат Барлықбайқызымен сұхбаттастық.
– Ләззат Барлықбайқызы, МӘМС туралы заңға өзгерістер енгізілді, өзектілеріне тоқталып өтсеңіз.
– Иә, бұл – халықтың денсаулығын жақсартуға бағытталған үлкен қадам. Ең алдымен, МӘМС жүйесіне қамтылатын азаматтардың ауқымы кеңейеді. Өзгеріске сәйкес, әлеуметтік әл-ауқаты төмен азаматтар, нақты айтқанда, D және E деңгейіндегі дағдарыстық санатқа жататын адамдар үшін жарнаны жергілікті атқарушы органдар төлейді, сондай-ақ, ресми тіркелген жұмыссыздар үшін де жарналар жергілікті бюджет есебінен өтеледі. Бұл 2026 жылға қарай, шамамен 1 миллион азаматтың сақтандырылуына мүмкіндік береді.
– Жақсы жаңалық екен. Бұрын азаматтар жарна төлемей қалса, яғни, жұмысында үзіліс болған жағдайда сақтандыру мәртебесінен айырылып қалатын. Бұл ретте қандай өзгерістер болды?
– Дұрыс айтасыз, бұл өте маңызды мәселе. Енді азамат кемінде бес жыл қатарынан тұрақты жарна төлеген болса, қандай да бір себеппен уақытша жарна төлемесе де, алты айға дейін сақтандырылған мәртебесі сақталады. Бұрын бұл тек үш аймен шектелетін. Бұл шара азаматтарға медициналық көмекті үздіксіз алуға мүмкіндік береді. Бірақ, кейін сол кезеңдегі жарна қарызын өтеу міндетті болады.
– 2026 жылдан бастап енгізілетін «Бірыңғай медициналық көмек пакеті» деген бастама туралы да айтып өтсеңіз. Бұл медицина саласына қандай өзгеріс әкеледі?
– «Бірыңғай медициналық көмек пакеті» – бұл денсаулық сақтау қызметтерін қолжетімді етуді көздейтін бастама. Ең маңызды өзгеріс – онкологиялық ауруларға арналған скринингтер барлық азаматтарға тегін болады, яғни, сақтандырылған мәртебеге қарамастан, ТМККК аясында көрсетіледі. Сонымен қатар, 8 әлеуметтік мәні бар ауруға күдік туындаған жағдайда (мысалы, туберкулез, АИТВ, гепатит, психикалық аурулар, инфаркт, инсульт т.б.) консультативтік-диагностикалық көмек тегін көрсетіледі. Бұрын мұндай көмек тек АИТВ мен туберкулезге күдік болғанда ғана ұсынылатын.
2026 жылдан бастап амбулаторлық диализ, созылмалы ауруларға динамикалық бақылау, амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамту және жоспарлы стационарлық көмек те МӘМС-тің базалық пакетіне енгізіледі. Бұл өзгерістер медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып, қызметтер пакеттерін нақты ажыратуға және халық пен медицина қызметкерлерін дұрыс ақпараттандыруға мүмкіндік береді.
– Бұл өзгерістер қаржылық тұрақтылықты қажет етеді. Осыған байланысты жарна есептеу тәртібінде қандай жаңалықтар енді?
– Жүйе тұрақты жұмыс істеу үшін 2026 жылдан бастап жарна есептеу шегі жаңартылады. Енді жұмыс берушілер үшін – 40 ең төменгі жалақы (ЕТЖ), қызметкерлер үшін – 20 ЕТЖ көлемінде есептеледі. Бұл өзгеріс жүйенің қаржылық тұрақтылығын нығайтып қана қоймай, азаматтардың денсаулық сақтау шығындарын өтеудегі жауапкершілікті әділ және теңдей бөлу қағидатын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
– Мемлекет тарапынан жеңілдік санатындағы азаматтар үшін жарна төлеу мәселесінде қандай өзгеріс бар?
– Қазіргі таңда мемлекет 15 жеңілдік санатына жататын азаматтар үшін жарна төлейді. Бұл – балалар, зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, жүкті әйелдер және т.б. 2025 жылы жарна мөлшерлемесі 2% болса, 2027 жылдан бастап біртіндеп артып, 2037 жылға дейін 4,7%-ға жетеді. Жұмыс берушілер мен қызметкерлер үшін жарна мөлшерлемелері өзгеріссіз қалады. Бұл өзгеріс қызмет ауқымының кеңеюіне байланысты қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған.
– Шымкент қаласында МӘМС аясында қандай медициналық қызметтер қолжетімді? Халыққа нақты қандай көмек көрсетіліп жатыр?
– Бүгінгі таңда Шымкент қаласында 177 медициналық ұйым МӘМС аясында қызмет көрсетеді. Оның ішінде 34-і – мемлекеттік, 143-і – жекеменшік.
Тұрғындарға жыл басынан бері 3,5 миллионнан астам консультациялық-диагностикалық қызмет көрсетілді. Оның ішінде МРТ, КТ, УЗИ сияқты қымбат зерттеулерге сұраныс көп. Сонымен қатар, 500-ге жуық жоғары технологиялық операция (мысалы, кардиохирургия, нейрохирургия) жүргізілді, жалпы құны – 1,8 миллиард теңгеден асады. Жыл соңына дейін осындай 1500 операцияны қаржыландыру жоспарланған.
– Сұхбатыңыз үшін көп рақмет! Өзгерістер халыққа оң әсер ететініне сенеміз.
– Рақмет! Денсаулық – бәрінен қымбат. МӘМС жүйесіне белсенді қатысу – әр азаматтың өз денсаулығына деген жауапкершілігі.
Сұхбаттасқан З.БЕРДІБЕКҚЫЗЫ