Редакция таңдауы

Мәслихат депутаттары қала бюджетін нақтылады

Шымкент қаласы мәслихатының кезекті XXV сессиясы өтіп, күн тәртібіне енгізілген мәселелер қаралды. Сессияға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты.

Мәслихат төрағасы Бахадыр Нарымбетовтың төрағалығымен өткен жиында қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы, инфрақұрылымдық жобалар мен тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту бағытында атқарылған жұмыстар сараланды.

Күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі – 2025-2027 жылдарға арналған қала бюджеті нақтыланды. Биылғы бюджеттің 38,3 млрд қала жолдарын жөндеуге, 29 млрд тұрғын үй саласына бағытталды. Бюджеттік қаражаттың бөлінуі қаланың даму басымдықтарына сәйкес қайта қаралып, тиімді пайдалану тетіктері қарастырылды.

Шымкент қаласы әкімдігінің жергілікті мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының іске асырылу барысы туралы есеп те тыңдалды. Сонымен қатар қаланың инфрақұрылымын дамыту бойынша атқарылған жұмыстар талқыланды. Айта кетейік жолдарды жөндеу, қоғамдық көлік жүйесін жақсарту, тұрғын үйлер мен инженерлік жүйелерді жаңарту секілді маңызды жобалар үнемі депутаттардың жіті назарында.

Отырыс барысында денсаулық сақтау саласындағы атқарылған жұмыстар мен дамыту шаралары қаралып, қаланың медициналық мекемелерін жаңғырту, жаңа технологияларды енгізу, дәрігерлердің біліктілігін арттыру мәселелері жайында денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек
Асылбеков баяндамасында айтты.

Сессия отырысында талқыланған тағы бір маңызды мәселе, тұрғын үйге мұқтаж азаматтарға қолдау көрсету мақсатында «Шымкент қаласында тұрғын үй сертификаттарының мөлшері мен оларды алушылар санаттарының тізбесін айқындау туралы» шешімге өзгерістер енгізу туралы болды. Бұл өзгеріс әлеуметтік көмектің қолжетімділігін арттырып, баспана мәселесін шешуге ықпал етпек.

Мәслихат отырысында қалалық әкімдік жанындағы терроризмге қарсы комиссия мен кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның дербес құрамына өзгерістер енгізу мәселелері де қаралды.

Сессияға қатысқан қала әкімі Ғабит Сыздықбеков отырыс барысында қала инфрақұрылымын дамыту және әлеуметтік мәселелерді шешу бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың, бюджет қаражатының тиімді игерілуін ерекше назарда ұстау керектігін атап өтті.

– Қаламыздың өркендеуі үшін мемлекеттік-жекешелік әріптестікті нығайтып, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған жобаларды белсенді іске асыруымыз қажет, – деді қала басшысы.

Отырыс соңында Шымкент қаласы мәслихатының кезекті сессиясын өткізу мәселесі талқыланып, алдағы күн тәртібіне енгізілетін сұрақтар нақтыланды. Депутаттар ұсынылған жобалар бойынша өз пікірлерін білдіріп, қала тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту бағытында нақты ұсыныстар жолдады.

Салтанат тЖАМАЛДИНОВА

Соңғы жаңалықтар