Шымкент қаласы мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханада азаматтарды жеке мәселелері бойынша кезекті қабылдау өткізді. Іс-шараға жалпы 6 азамат жазылған. Қала тұрғындары негізінен әлеуметтік мәселелерді көтерді.

ҚР Мәдениет қайраткері Әбдіхалық Әбдірайымов қаланың мәдениет саласын жандандыруда бірқатар ұсыныстарды алға тартты. Белгілі ақын-жазушылардың аллеясын ашу, әр салада еңбегі сіңген азаматтар туралы фильм түсіру, өнер фестивальдерін өткізу сынды мәселелерді айтты.
Қала мәслихатының төрағасы халықтың мәдениетін көтеру керек екенін, мұның бәрі де ұтымды ұсыныстар екенін атап өтті. Ендігі ретте айтылған ұсыныстар назарға алынып, идеологиялық тұрғыдан зерделеу жұмыстары жүргізіледі.
Қала тұрғыны Гүлмира Уселбекова баспана кезегі жылжымай жатқанына шағымданып, көмек сұрады. Б.Нарымбетов тұрғын үй кезегі тек қана заң аясында шешімін табатынын айтты.
Сондай-ақ, қабылдауда тұрғындар 236 орамда көшелерді жарықтандыру, атау беру, М.Мәметова көшесіне (235 орам) асфальт төсеу сынды өтініштерін жеткізді.
Іс-шараға қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер, білім, дене шынықтыру және спорт, тұрғын үй, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының өкілдері қатысып, азаматтардың сауалдарына жан-жақты жауап берді.
Т.ДҮЙСЕНБЕКҰЛЫ
