Редакция таңдауы

Махаббаттың мәңгілік қуатын жыр еткен туынды

«Ромео мен Джульетта» тұңғыш рет қазақ сахнасында қойылды

Шымкент қалалық опера және балет театрының сахнасында қазақ мәдениеті үшін тарихи оқиға болды. Француз композиторы Шарль Гуноның әлемдік жауһарлар қатарына кіретін «Ромео мен Джульетта» операсы Қазақстанда тұңғыш рет қойылып, ұлттық опера өнерінің жаңа белесіне жол ашты.

Ғасырлар бойы махаббаттың мәңгілік қуатын, жүректің тылсым тереңдігін жырлап келген бұл шығарма әлемдік өнер кеңістігінде бағасын әлдеқашан алған. Енді сол музыкалық ғажайып шығарма шымкенттік көрерменнің жүрегіне жол тартып, қаланың руханият әлеміне сиқырлы тыныс әкелді.

Қойылым төрт күн қатарынан театр сахнасында жоғары деңгейде орындалып, театр ұжымы мен шығармашылық топ осы мәңгілік туындыны шынайы әрі эмоционалдық кеңістігі бай күйінде жеткізуге үлкен дайындық жасапты.

Премьераның алдында өткен брифингте Шымкент қалалық опера және балет театрының директоры, Қазақстанның халық әртісі Майра Мұхамедқызы, қоюшы режиссер, әлемдік сахнада танылған тұлға Яннис Коккос, режиссер ассистенті Стефан Гроглер, қоюшы балетмейстер Натали Ван Парис және костюм дизайнері Сабира Дәулеталиева көрермендер мен журналистерге дайындық барысы мен шығармашылық шешімдер туралы кеңінен әңгімеледі. Әлемдік опера өнерінің нәзік құрылымы, сахна тілінің символикалық сипаты, кейіпкерлердің ішкі сезім өрнектері мен музыкадағы драматургиялық тіндер жайлы терең әңгіме айтылып, әр суреткер өз көзқарасын, өз жауапкершілігін, өз шығармашылық миссиясын бөлісті.

Брифинг барысында Майра Мұхамедқызы: «Әлемдік деңгейдегі опералардың бірі Шекспир мен Шарль Гуноның шығармасы қазақ опера сахнасында алғаш рет қойылып отыр. Бұл – өнер адамдары үшін зор мәртебе әрі үлкен мүмкіндік. Бізге сенім артып, осы жобаны жүзеге асыруға қолдау көрсеткен қала әкімдігіне, мәдениет басқармасына, мәслихатқа және театр ұжымына шынайы алғысымды білдіремін. Сондай-ақ, Қазақстандағы Франция елшілігі мен Франциядағы Қазақстан елшілігіне ерекше ризашылығымды айтамын»,  – деді.

Оның айтуынша, бұл өнер ордасы – жас театр, ал көрермендердің басым бөлігі жастар. Сондықтан бұл операның маңызы өте жоғары, ой салатын, рухани толғаныс тудырары сөзсіз. «Шын мәнінде, бұл – Шымкент мәдениетіндегі зор жаңалық. Қазақстанда алғаш рет қойылып отырған мұндай туынды ұлттық опера өнерінің дамуына тың серпін береді. Оның авторлары әлемдік әдебиет пен музыка классиктері Шекспир мен Шарль Гуно екенін ескерсек, бұл оқиғаның тарихи маңызы, тіпті, арта түседі. Сондықтан еліміздің басқа қалаларының біздің жетістігімізге қызыға қарауы да орынды. Мұндай жоғары баға әрі үлкен жауапкершілікті арқалау зор мәртебе екенін білеміз. Біз мәдениет пен өнердің алдыңғы қатарында болып, руханияттың көшін бастай береміз деп сенемін», – деп өнердің бүгінгі қоғамдағы рөліне тоқталды.

Қоюшы режиссер Яннис Коккос өз сөзінде қазақ халқының қонақжайлылығына ерекше тоқталып, «Бізді дәл осы жердегідей құрметпен қарсы алған ел болған емес» деп таңданысын білдірді. Әлемдік операны қазақ сахнасында француз тілінде қойып, көрерменге таныстыру үшін бар ынта-жігерімен еңбек еткенін, дайындық жұмысы қойылымға санаулы уақыттар қалғанда да жалғасып жатқанын жеткізді.  Тіпті, соңғы көйлектердің өзін костюмер спектакль алдында аяқтауға бар күшін салып отырғанын айтты.

«Бұл опера, әсіресе, жастар үшін өте маңызды. Себебі, махаббат пен жеккөру қатар жүретін мәңгілік тақырып адам санасына ой салып, іс-әрекетке баға беруге мүмкіндік ашады деп сенемін. Айта кету керек, театрдың қаржылық мүмкіндігі аса жоғары емес. Соған қарамастан ұжымның арманы – биік, әлемдік деңгейге ұмтылысы – зор. Барлығы ынта-жігерімен дайындалып жатқанына шын мәнінде таң қалдым. Уақытпен санаспай, өз ісіне сүйіспеншілікпен беріліп еңбек етіп жүр. Театр ұжымының барлық мүшесі өздерінің бұрын істелмеген жұмысын істеп, декорацияны уақтылы дайындап шықты. Бұл еңбекті жоғары бағалаймын. Мұнда мен тек әртістердің емес, техникалық қызметкерлердің еңбегін де айтып отырмын», – деді ол.

Сонымен қатар Яннис Коккос бұл операға таңдау жасаған Майра ханымның өзі екенін айтты. «Қойылымның негізгі өзегі – мәңгілік тақырып, яғни, махаббат. Бұл – ешқашан өлмейтін құндылық. Ал, адамдар арасындағы бақталастық пен жеккөру – адам мен адамды, тіпті, ұжымдар мен халықтарды бір-біріне қарсы қоятын құбылыс. Біз осы арқылы көрерменге ой салғымыз келеді. Өйткені, мұндай сезімдер адам бақытына зиян келтіреді. Кездейсоқтықтың өзі кейде апатқа алып келетіні Ромео мен Джульетта оқиғасынан да көрініс табады», деп қойылымның философиялық және әлеуметтік маңызына тоқталды.

Ол, сондай-ақ, трагедияның түпкі мәніне тоқталды. «Жас жұбайларды құтқарғысы келген қайырымды әкей Лоренцо Джульеттаға у сияқты дәрі дайындап береді. Ол шын мәнінде у емес еді. Бойжеткен ұйықтап, Ромео келген кезде оянуы керек еді. Алайда, кездейсоқтықтың кесірінен Ромео әкей Лоренцоның хатын ала алмай қалады және Джульеттаның өлі емес, тек ұйықтап жатқанын білмейді. Сөйтіп, ол у ішеді. Осылайша, тағдырдың бір сәттік бұрылысының салдарынан екеуі де ажал құшты. Сол себепті кездейсоқтық – өмірдегі аса маңызды ұғым. Қазір де бұқаралық ақпарат құралдарына, қазіргі ақпараттарға көз жүгіртсек, адамдардың бір-біріне жау болып, араздасқаны өте көп. Негізінде тереңірек үңілсек, бұл араздықтардың нағыз орынды себебі болмауы да мүмкін. Дәл сол секілді Капулетти мен Монтекки әулеттерінің ғасырлар бойы жалғасқан қастастығы сияқты. Олар, тіпті, бұл қастастықтың неден басталғанын да білмейді. Тек оны автоматты түрде, әдетпен, ойланбастан жалғастыра береді. Ал, бұл оқиғаның немен аяқталғаны бәріне белгілі», – дейді режиссер.

Қазіргі қоғамда суицид мәселесінің жиі сөз болуына байланысты қойылым финалына қатысты қойылған сұраққа режиссер «Шынында да, қазір жастар арасындағы өзіне-өзі қол жұмсау – өзекті мәселе. Бірақ, айта кету керек, бұл мүлде басқа жайт. Себебі, осы ұлы шығармада суицид адам өзін қоғамда жалғыз сезінгендіктен, өз орнын таба алмағандықтан болған жоқ. Қазір бұл көбіне әлеуметтік мәселе болып отыр. Ал, мұндағы жағдай кездейсоқтықтың кесірінен деуге болады. Ромео өзін-өзі өлтірді, өйткені, Джульеттаның өлгеніне сенді. Ол Джульеттасыз өмірді елестете алмады. Өмірді жек көргендіктен немесе өмір сүргісі келмегендіктен емес, сүйгенінсіз ғұмыр кеше алмайтыны үшін жалған дүниені тәрк етті. Джульетта да Ромеоның өлгенін көргенде тіршіліктен баз кешті. Ал, бүгінде өзіне-өзі қол жұмсау – әлеуметтік проблеманың салдары. Адамдар өз кеудесіне қамалып, өмірдің мәнін таба алмай қалады. Сондықтан қазіргі жағдай Ромео мен Джульетта трагедиясындағы жағдайдан мүлде өзгеше, екеуін бір нәрсе деп қарастыруға болмайды», – деп ойын түйіндеді.

Костюм дизайнері Сабира Дәулеталиева операның көркемдік стиліндегі киімдердің жасалуы туралы айтты. Оның айтуынша, кейіпкерлердің костюмдеріне ерекше бағалы таза маталар қолданылып, барлығы қолмен тігілген. Себебі, сол дәуірде де киімдер қолдан тігілгені белгілі. Бұл өте ауқымды жұмыс болған. Себебі тарихи сипаттағы костюмдер болғандықтан, көйлектерді тігуге бір жарым ай уақыт жұмсалған. «Қайта өрлеу дәуірінің нақышын дәл беру үшін әрбір бөлшекке айрықша мұқият қарау талап етілді» дейді костюмер.

Бұдан кейін әлемдік операны тамашалаған қалың көрермен қойылымнан ерекше әсерде шықты. Себебі «Ромео мен Джульетта» қойылымы – музыка мен драманың шырқау биігі, махаббат үшін бәріне қарсы шыққан қос жүректің шексіз нәзік жыры. Гуноның лирикалық әуені Шекспирдің сөз әлеміне жан бітіріп, адам болмысының ең терең иірімдерін қозғап өтті. Әр қойылым жаңа әлем, әр көрініс жаңа тынысқа себеп болды. Көрермендер спектакль барысында тек оқиғаны көріп қана қоймады, адамның сүйе білу қабілетін, тағдырдың тікенекті соқпағын, өмірдің кездейсоқтыққа толы болмысын өз жүректерінен өткізіп отырып сезінді.

Яннис Коккостың сахналық шешімдерінде кеңістік оқиға өтетін орын ғана емес, сезімдердің айнасы, кейіпкерлердің тағдырлық көрінісі бірінен соң бірі жылжып өтіп жатты. Сахнаның минималистік құрылымы, жарықтың поэтикалық ойыны, композициялық сызықтардың дәлдігі де операның ішкі философиясын ашуға бағытталғандай. Режиссер Ромео мен Джульетта әлемін символдық іргелі кеңістікке айналдырып, Веронаны нақты уақыт пен мекеннен жоғары метафоралық деңгейге көтерді. Әсіресе жас ғашықтардың жүрек дүрсілі, махаббаттың өлеңге айналған сәттері көрерменді ерекше сезімге бөледі.

Финалдағы трагедия асқан драматизммен емес, үнсіздіктің салмағымен жеткізілді. Бұл үнсіздік  махаббаттың нәзіктігін, тағдырдың қатыгездігін, өмірдің қайталанбас құндылығын көрсететін соңғы штрих болғанға ұқсайды. Сол сәтте сахнаның тынысы бәсеңдеп, музыка жүректің баяу соғуына ұқсап, көрерменді адам болмысының мәні туралы терең ойға жетеледі. Расында да, көрермен бір сәт тынысын ішке тартып, адамзаттың ең терең сағынышы, ең биік сезімі, ең нәзік трагедиясын өз жан дүниесімен сезінді. Ал осындай әлемдік жауһардың Шымкент қалалық опера және балет театрының сахнасында қойылуы қазақ өнерінің жаңа шыңын ашып, ұлттық руханияттың көкжиегін кеңейткені сөзсіз.

Жадыра МҮСІЛІМ

Соңғы жаңалықтар

betwinner melbet megapari megapari giriş betandyou giriş melbet giriş melbet fenomenbet 1win giriş 1win 1win