Бекет баба байыз тапқан маңғаз Маңғыстау, асқақ Ақтау мен жаңашыл Жаңаөзен… Қазақ сахарасындағы орны бөлек, жосығы ерек, бұл ежелгі мекендер қазақ үшін тым ыстық, тым жақын. Үш жүз алпыс екі әулие мекені Маңғыстауға бару, Бекет әулиенің басына зиярат ету талай жанның арманы екені белгілі. Көптен бері шырайлы Шымқаланың ардагерлері ауыздан тастамай жүрген осы мәселені қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев шындап қолға алып, көктем айларындабір топ ел ағасы сапарға аттанды.
Сапар алдында қазақтың қайраткер ұлы Асанбай Асқаров атындағы қор ұжымы сапарға баратын, Бекет ата басына зиярат етуші қырық азаматқа арнайы дастархан жайып, құран бағыштап, жасы үлкендердің батасын алды. Елімізге танымал ел ағасы, меценат, руханият жанашыры, заңгер Бекет аға Тұрғараев бастаған топ Шымкенттің жаңа әуежайынан ұшаққа отырып, Ақтауға аттанды.
Маңғыстау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серікбай Құдайбергенұлы бастаған топ біздерді Ақтау әуежайынан жаңа піскен бауырсақ, шұбатымен, өнерпаз ұл-қыздарымен, ән-жырымен, жылы шырайымен құшақ жая қарсы алды. Арнайы автобуспен қала орталығындағы кемеңгер жазушы Әбіш Кекілбайұлының мәдени-рухани орталығына алып барды. Ғимарат алдында Әбіш ағамыздың алып ескерткішіне делегация өкілдері гүл шоқтарын қойды.
Әсем өрнекті Әбіш аға орталығы ғимаратындағы жазушының жәдігерлері, еңбектері мен шығармаларының көрмесін, тарихи суреттерін тамашалап, Әбіш әлеміне саяхат жасадық. Бойымызға рухани нәр алып, серпіліп қалдық. Өңірдің өшпес мұралары, өлмес тұлғалары, ақын-жазушылары жайлы мол мағлұмат алдық. Мұнан соң осы өңірдің тумасы, мемлекет және қоғам қайраткері Ж.Мыңбаевтың ескерткішіне де ат басын бұрып, тағзым жасап, гүл шоқтарын қойдық.
Түркі дүниесінің мәдени астанасы атанған Ақтау қаласын аралап, зәулім де заманауи ғимараттары, университет пен кітапханаларын, мешіттерді көріп өтіп, теңіз жағалауындағы алаңға тоқтадық. Суретке түстік. Қарт Каспий теңізі терең тебіреніп, асау толқындарымен, айдынындағы ақ шағалаларымен Ақтау қаласының тынысын ашып, өзгеше өрнек, әдемі сән беріп тұр. Қала тұрғындары мен қонақтары теңіз жағалауында серуендеп, тынығуы үшін барынша жағдай жасалыпты.
Аспанмен астасып, көкке қолын созған биік ғимараттар, тұрғын үйлер нақыштары өзгеше легімен көз тартады. Ерекше назар аударады. Ақтауда жүз сексен мыңдай тұрғын тұрады екен. Отызға тарта ұлыс өкілдері мекендейді. Арғымақ мінезді, азулы ақындар Светқали Нұржан, Сабыр Адай, Маңғыстаудың Маңдайлысы атанған Қосымбаеваларды қалың қазақ таниды…
Теңіз жағалап жол жүріп, қала шетіндегі «Сая» демалыс үйіне келіп тоқтадық. Ақ көйлек киіп, аққудай сыланып, Шымкенттің шырайлы қызы, жерлесіміз Ұлбосын Ахметова замандасымыз бастаған қызметкерлер бізді көбігі тасыған қымырандары мен ыстық бауырсағын ұсына қарсы алып, бауырларына басты. Төрден орын сыйлады.. Ұзақ жолдан шаршап келген ардагерлерге ақ дастархан жайып, сорпасы мен шәйін ұсынып жатып, шипажайдың ерекшеліктері жайлы айтты.
Маңғыстау облысының ардагерлерін басқаратын Серікбай Құдайбергенұлы ақкөңіл, елгезек азамат екен. Елпілдеп, аяғымызды жерге тигізбей жағдай жасап, жолбасшылық жасап жүрді. Арнайы бағдарламалық іс-шара жасап, жауаптыларды бекітіп қойған. Кешке арнайы ет асып, қонақасы берілді. Оның алдында шипажайдың залында табиғаты тамаша Маңғыстау кереметтері кестеленген бейнебаян көрсетті. Кешкісін керемет концерт тарту етті. Белгілі әнші, ұстаз Рухия шәкірттерімен өнер көрсетіп, шаршауымызды басты. Топ жетекшіміз Кенжехан Төлебаев Шымкент қаласының әкімінің атынан арнайы Алғыс хат пен Шымкент қаласы бейнеленген картина тапсырды. Оған қоса Шымкенттің символына айналған Қызғалдақ пішінді естелік белгі мен көптеген әдеби кітаптарды тарту еттік. Қос тарап Маңғыстау өңірі, оның ішінде Ақтау қаласы мен Шымкенттің өзара байланысын, достық қарым-қатынасын паш ететін заттай естелік сыйлықтармен алмасты.
Ертесіне ертемен әулие бабамыз Бекет ата басына барып зиярат жасау үшін үш жүз шақырымдық жолға шықтық. Жаңаөзенге баратын жолымыз жөндеу көрген ашық та тегіс екен. Жаңашыл Жаңаөзенде ел байлығы – қара алтынымыз мұнайдың ордасы секілді. Қаптаған бұрғылау крандары толассыз жұмыс істеп тұр. Қазынамыз «қара алтынды» өндіріп жатыр. Бұл көріністер жанымызды жадыратты. Жаңаөзен кіреберісінде жетісайлық жерлесіміз, кәсіпкер Жаңбырбай Дәрменов бастаған топ бізді күтіп алып, жол бастады.
Жаугершілік заманда шейіт болғандардың көзіндей болып, қадам сайын мүжілген тастар көне заманнан сыр шерткендей. Осында тек қазақтар ғана емес, шетелдік саяхатшыларды, испандықтарды да кездестірдік. Қазақ сахарасындағы киелі тарихи мекендерді аралап жүрген сәті екен. Серікбай Құдайбергенұлы шетелдіктермен ағылшын тілінде көсіліп тілдесті. Арнайы шатырлар тұрғызылған, киіз үйлер тігіліп, үстелдер қойылған. Дастархан жайылып, дәм-тұз, астық тегіннен-тегін таратылуда. Кірмесіңе қоймайды, шақырады. Қазақы пейіліне риза боласың. Бозжыра шатқалынан да өттік. Қатпар-қатпар қалың қабаттары алыстан көз тартады. Манаурайды. Кезінде теңіз асты болған терең сайлар, аңғарлар, шатқалдар ағарақтап, назарыңды аударады.
Үстірт қуалап, үстінен салынған жолдармен шақырымдарды шаң қаптырып, Бекет ата жатқан тауға да жеттік-ау. Бабаның басы қоршалған. Ат шаптырым алаңға зиярат етушілерге арналып, қос қабатты екі ғимарат салыныпты. Шығыс әдісімен салынған қызыл күрең кірпішті үйдің біріншісін жерлесіміз Серікжан Сейітжанов салып бергенін естіп, іштей риза болдық. «Жақсыдан шарапат» деген осы да. Жуынып-шайынып болып, қой сойып, садақамызды атадық. Бізбен бірге барған белгілі дінтанушы, бірнеше кітаптың авторы Мұхамеджан Естеміров Бекет атаның рухына арнап, құран аяттарын оқыды.
Жеңіл жайланып, тау аңғарында төмендегі Бекет баба атамыздың мешіт үйіне қарай баспалдақты жалғыз аяқ жолмен ылдиладық. Екі жағында үрейлі терең құз-жыралар, қарасаң басың айналады. Демалыс күндері болған соң ба, зиярат етушілер көп. Емізулі бала да, жас та, кәрі де бар. Бір-біріне қабыл болсын деген ізгі тілектерін аямайды. Жол-жөнекей демалатын орындықтар, шатырлар орнатылған екен. Демалып, тынығып аласың. Жарты жолда бұлақ суы бар. Сусындадық. Тау беткейінде биікке орналасқан Бекет ата үйіне де жеттік. Әулиелік қонған Бекет ата қоныс еткен тау бөктерінде шебер шендестірілген үш бөлмелі үй ішіне кіріп, баба рухына құран бағыштадық. Отбасымызға, ел мен жерге жақсылық пен құт-береке, тыныштық тіледік.
Бекет ата Мырзағұлұлы 1750-1813 жылдары өмір сүрген. Қазақ даласында ағартушылық қызметпен айналысқан білімді кісі болыпты. Ясауи ілімін жалғастырған оның көріпкелдік, әулиелік қасиеттері де болған деседі.
Иә, тау бөктеріндегі бір жоғары өрлеп, бірде төмен құлдилаған екі жарым сағаттық жолды еңсеру жігерлілік пен күш-қайратты талап етеді. Әрине, жол азабы ауыр болғанымен, киелі мекенге табан тиген сәтте бойыңа күш-қайрат құйылып, шаршағаныңды ұмытып кетесің. Десе де, қазіргідей технология дамыған заманда тау бөктеріндегі киелі мекенге барып қайту үшін аспалы жол (канатная дорога) келешекте салынса деген пікірімізді білдіргіміз келеді. Әрине, бұл келешектің келелі ісі болмақ. «Ақтау қаласын да екінші Дубайға айналдырса» деген де арманымызды жасырмаймыз. Мұнайлы Маңғыстау да, Ақтау да, жаңашыл Жаңаөзен де жыл өткен сайын қанат жайып, жайнап келеді. Бармасаң, келмесең жат боларсың дегендей, өз еліміздегі көруге тұрарлық киелі орындар.
Пердеш ЕСЕНБЕКОВ, журналист