«Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС тәжірибесін зерделеу үшін Шымкентке «Каспий жылу, су арнасы» МКК өкілдері келді. Ақтаудан келген әріптестер құрамында негізгі департаменттер мен бөлімшелердің басшылары бар. Мамандар «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС қызметінің барлық саласындағы жаңалықпен танысты. Іс-шара аясында Шымкент кәсіпорнының бас директоры Анарбек Орман «Каспий жылу, су арнасы» МКК директоры Танаш Өскеновпен кездесті.
Маңғыстаулық әріптестер Шымкент қаласы үшін ауыз судың негізгі бөлігі өндірілетін Ақбай-Қарасу су қабылдағышының жұмысымен танысты. Өндірістік процестің басым бөлігі автоматтандырылған, су қабылдағыштарында заманауи және энергияны үнемдейтін сорғы жабдықтар орнатылған. Ақтауда ауыз су қала тұрғындарына Каспий теңізінен жеткізіледі. Тұзды суды тұщыландыруды «МАЭК» ЖШС кәсіпорны жүзеге асырады, сумен қамтамасыз ету төрт орталық торап арқылы бөлінеді.
Алайда, ақтаулық әріптестер арасында Шымкент кәріз-тазарту құрылыстарының кешені ерекше қызығушылық тудырды. Өйткені, Маңғыстау облысының орталығына кезекті КТҚ салу жоспарланып отыр, сондықтан қонақтарға шымкенттік мамандармен тәжірибе алмасу маңызды болды. Оның ішінде ағынды суларды тазарту процестерін автоматтандыру, энергияны үнемдейтін сорғы және ауа үрлеу жабдықтары, кешеннің қажеттіліктерін жабу үшін баламалы энергия көздерін пайдалану, артық тұнба мен жағымсыз иістен құтылу үшін «Айдро процесс» биотехнологиясын қолдану барысымен танысты. Сонымен қатар, олар хлорелла қолдану тәжірибесін зерделеп, соның арқасында Бөржар жинақтағышындағы ағынды суды толық тазарту жұмысы жүргізілуін бақылады. Әріптестер «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС мамандарының жұмысына өте жоғары баға берді. Одан өзге, мамандарды оқыту және біліктілігін арттыруға арналған «Smart-маман» оқу орталығының бағдарламасымен танысып, Шымкент кәсіпорнының мұражайына барды.
Сапардың соңғы күнінде «Каспий жылу, су арнасы» МКК мамандары «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-інің сумен жабдықтау және су бұру желілерінде жоспарлы алдын алу жұмыстарының жүргізілуімен танысты.
Қонақтарға түрлі диаметрлі құбырлардың ішкі жағдайын зерттеу үшін қолданылатын «Ravion» теле-инспекциялық жүйесі ұсынылды. Бейнекамерамен жабдықталған дөңгелекті роботтың (үлкен диаметрлі коллекторлар үшін арнайы қайық қолданылады) арқасында мамандар проблемалық жерлерді көре алады және ықтимал қауіпті жою үшін жедел шешім қабылдай алады. Сондай-ақ, телеинспекциялық жүйе жаңартылған құбырларды пайдалануға қабылдау кезінде қолданылады.
Тереңірек ақпарат алу үшін әріптестер Шымкент кәсіпорнының негізгі бөлімдері мен бөлімшелерінің басшыларымен В2В форматында кездесулер өткізіп, сумен жабдықтау және су бұру саласындағы өзекті мәселелерді талқылады. Маңғыстаулық әріптестер кездесуден алған тәжірибе «Каспий жылу, су арнасы» МКК жұмысына енгізілетінін айтты.
«Су ресурстары- Маркетинг»
ЖШС-нің баспасөз қызметі