Шымкент қалалық мәслихатының кезекті жиырма жетінші сессиясында бірқатар маңызды мәселелер қаралды. Жиынға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, мәслихат депутаттары, басқарма басшылары мен БАҚ өкілдері қатысты.

Сессия барысында Әл-Фараби ауданының әкімі болып Маратбек Мықтыбеков тағайындалды. Бұған дейін ол Шымкент қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасын басқарған. Жаңа әкім өз сөзінде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосатынын және тұрғындармен ашық диалог орнатып, нақты нәтижелерге жұмыс істейтінін жеткізді.
Сонымен қатар, сессияда «Шымкент қаласының Құрметті азаматы» атағын беру ережесіне өзгерістер енгізілді. Бұған дейін бұл атақ 12 адамға беріліп келсе, енді 25 азаматқа дейін ұлғайтылды. Қала әкіміт Ғабит Сыздықбеков Құрметті азаматтар тізіміне енгізілген тұлғалардың ғылым, білім, мәдениет және қаланың дамуына қосқан үлестерін ерекше атап өтті. Мәслихат шешімімен 25 адамға «Шымкент қаласының құрметті азаматы» атағын беру туралы қаулы қабылданды.
Жиын барысында Шымкент қаласы әкімдігі мен қалалық тексеру комиссиясының 2024 жылғы бюджетінің атқарылуы туралы есебі тыңдалды. Қала экономикасындағы оң өзгерістердің нәтижесінде бюджет кірістері артып, жоспарланған көрсеткіштерге толық қол жеткізілгені айтылды. Бекітілген бастапқы бюджет көлемі 653,9 млрд теңгені құраса, жыл ішінде бес рет нақтыланып, 129,5 млрд теңгеге өсіп, жалпы бюджет көлемі 783,5 млрд теңгеге жеткен.
Сондай-ақ, сессияда халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау және жұмыспен қамту шаралары, сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары салаларындағы атқарылған жұмыстар бойынша есептер ұсынылды. Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы басшысының да баяндамасы тыңдалды. Басқарма басшысы Әбілқайыр Оңғардың айтуынша, 2025 жылға басқарманың жалпы бюджеті 26 млрд теңгеден асады. Бұл қаржы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясындағы жобаларға, каналдарды күтіп ұстауға, дендросаябақ пен «Жасыл белдеу» аумағын абаттандыруға, сондай-ақ, қаланы көгалдандыру мен көріктендіруге бағытталмақ.
Республикалық ономастика комиссиясының қарауына Шымкент қаласындағы кейбір құрамдас бөліктерге атау беру және қайта атау жөнінде ұсыныстар енгізу туралы мәселе қаралды. Мәслихат шешімімен 10 көше мен 2 аллея дәстүрлі атаулар тізімінен таңдалып, 9 көше Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің есімімен аталатын болды.
Сессия соңында Шымкент қаласы мәслихатының келесі отырысын өткізу жоспары бекітілді. Келесі сессияда жаңа оқу жылы мен алдағы жылыту маусымына дайындық мәселелері қаралатын болады.
Салтанат ЖАМАЛДИНОВА
