Шымкент қаласында медициналық қызметтердің бағасын тұрақтандыру, инфляцияны төмендету және денсаулық сақтау саласының қолжетімділігін арттыру мақсатында қала әкімдігі мен бірқатар медициналық және фармацевтикалық ұйымдар арасында меморандумға қол қойылды.

Құжаттардың негізгі мақсаты – ақылы медициналық қызметтердің, дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдардың бағасын төмендету, баға саясатындағы ашықтықты қамтамасыз ету және тұрғындар үшін медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру.
Меморандумға «№14 емдеу орталығы» ЖШС, «Ай-Нұры медициналық орталығы» ЖШС, «КАМЕЯ Pharm Group» ЖШС, «Otau Med» ЖШС, «Атамекен медициналық орталығы» ЖШС, «ЗЕРДЕ-ФАРМА» ЖШС, «МУРАТ-ФАРМ» ЖШС және «ЗЕРДЕ ғылыми-өндірістік бірлестігі» ЖШС сынды ұйымдар қосылды. Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Айдын Кәрімовтың айтуынша, бұл бастама медициналық ұйымдардың жұмысын ашық жүргізуге, олардың тиімділігін арттыруға және тұрғындардың сенімін күшейтуге бағытталған.
– Меморандум қала тұрғындары үшін медициналық қызметтер мен дәрі-дәрмектердің қолжетімділігін арттыруға тікелей ықпал етеді. Сонымен бірге инфляциялық қысымды төмендету бағытындағы жұмыстың маңызды бөлігі саналады, – деді
Айдын Кәрімов.
Оның айтуынша, тараптардың өзара міндеттемелері баға тұрақтылығын қамтамасыз етіп қана қоймай, қызмет сапасын арттыруға, медициналық ұйымдар арасында адал бәсекелестікті дамытуға және азаматтардың мүддесін қорғауға мүмкіндік береді.
Ресми мәліметке сүйенсек, 2025 жылдың қарашасында Шымкенттің жылдық инфляция деңгейі 11,8 пайызды құраған. Бұл көрсеткіш республика бойынша орташа деңгейден (12,4 пайыз) төмен. Өңірлер рейтингінде қала 17-орында тұр және инфляциясы төмен өңірлер қатарына енеді.
Айлық инфляция көрсеткіші қазан айымен салыстырғанда 0,1 пайыз деңгейінде қалып отыр. Бұл азық-түлік, басқа да тауарлар мен ақылы қызметтер бағасының тұрақтанғанын білдіреді. Қала әкімдігі баға тәртібінің сақталуына және ашықтығына бақылауды күшейтетінін хабарлады.
Айта кетейік, өткен аптада әкімдік әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру мақсатында 100-ден астам кәсіпкерлік субъектісімен меморандумға қол қойған болатын. Бұл шара қала тұрғындарының әлеуметтік әл-ауқатын арттыру бағытындағы жүйелі жұмыстың жалғасы саналады.
С.ТҰРҒАНТАЙҚЫЗЫ
