Шымкентте медициналық қызметтің сапасы артып келеді. Бұл – мемлекет тапсырысы мен Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінің тиімді жүзеге асуының нәтижесі. Бүгінде тұрғындар үшін тегін медициналық көмекке қолжетімділік артып, медициналық мекемелер заманауи құралдармен жабдықталып, жоғары технологиямен жасалған күрделі оталар саны артып отыр. Жуырда өткен баспасөз туры аясында тілшілер МӘМС шеңберінде атқарылып жатқан жұмыс барысымен және заңнамадағы жаңашылдықтармен танысты.
Шымкент қаласында амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін медициналық ұйымдар саны 2025 жылы 60-қа жеткен. Оның ішінде 14 мемлекеттік емханаға 607 мың адам, ал 46 жеке емханаға 639 мың адам тіркелген. Бұл – тұрғындар санына шаққандағы теңгерімді көрсеткіш. Халыққа қадамдық қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында соңғы үш жылда жаңадан 14 емхана ашылды. Соның нәтижесінде емханалардағы жүктеме 25 мыңнан 20 мың адамға дейін азайған. Бұл тұрғындардың сапалы қызмет алуға мүмкіндігі артқанын көрсетеді. Стационарлық көмек те назардан тыс қалған жоқ. 2023 жылы ауруханалардағы төсек орын саны 4393 болса, 2025 жылы 4894-ке жетіп, 10 пайыздық өсім тіркелді. Жоғары технологиялық медициналық көмектің көрсеткіші де оң бағытта: биылғы жартыжылдықтың қорытындысы бойынша 356 күрделі ота жасалған. Оның ішінде жүрек 3, бүйрекке 10 трансплантация жасалған. Бүгінде диагностикалық қымбат зерттеулер де қолжетімді. Мәселен,
6 ай ішінде 11442 КТ және 14273 МРТ қызметі көрсетілген.
Трансплантация, тіліксіз отамен танымал мекеме
Баспасөз турының алғашқы бағыты қалалық №1 клиникалық ауруханадан басталды. Бұл мекеме – Шымкент қаласы мен оған жақын аудандардың тұрғындарына тәулік бойы мамандандырылған және жоспарлы, шұғыл медициналық көмек көрсететін көп бейінді стационар. Аурухана 530 төсек-орынға лайықталған. Мұнда доценттер, медицина ғылымдарының кандидаттары, жоғары және бірінші санатты тәжірибелі дәрігерлер қызмет етеді. Заманауи диагностикалық және емдеу жабдықтары, соның ішінде «Arkau innovation» ангиографиялық құрылғысы ауруды ерте анықтауға мүмкіндік береді.
Аурухана базасында жүкті және босанған әйелдерге арналған мамандандырылған хирургиялық орталық жұмыс істейді. Сонымен қатар, панкреатодуоденальды резекциялар, бауыр және өт жолдарына, асқазан-ішек жүйесіне, жамбас буындарына, тізе және жамбас сүйектеріне күрделі оталар жасалады.
Ерекше атап өтерлік жаңалық – ангиографиялық операциялық блоктың ашылуы. Philips Azurion 7 B20 ангиографиялық жүйесі орнатылған бұл бөлме – диагностика мен емдеуді ең жоғары деңгейге көтерген заманауи орталық. Құны 995 млн теңгеден асатын жүйе арқылы ми тамырларының операциялары, инсульт кезінде шұғыл араласу және нейрохирургиялық оталар қауіпсіз әрі дәл жүргізіледі. Сондай-ақ, аурухана базасында МӘМС аясында 100-ге жуық буын ауыстыру операциясы сәтті жасалған. Бұл бұрын қозғалыс мүмкіндігінен айырылған азаматтардың қалыпты өмірге жедел оралуына мүмкіндік берді. Буындарға қолданылатын эндопротездер – АҚШ-та өндірілген сапалы медициналық өнімдер. Құны 1,5 млн теңгеден асатын операциялар бүгінде МӘМС аясында тегін жасалып отыр.
Шымкент қалалық №1 клиникалық ауруханасы трансплантология саласында да үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Мамандар өз бетінше бүйрек пен бауыр трансплантациясын жүргізіп, науқастарға екінші өмір сыйлауда. Қазірге дейін 237 бүйрек, 32 бауыр трансплантациясы жасалған.
– Бүгінде бүйрек пен бауырда жиналған тасты ешқандай хирургиялық араласусыз алу мүмкіндігі бар. Бұл — қазіргі заманғы литотриптор аппаратының көмегімен жүзеге асады. Бүгінге дейін аталған құрылғы арқылы жүздеген процедура сәтті жасалды. Емделушілер тек Шымкент қаласынан ғана емес, Тараз, Қызылорда, Алматы, Астана, Қостанай мен Көкшетау секілді өңірлерден де келіп, оң нәтижеге қол жеткізіп отыр. Себебі, литотриптор тастың тығыздығы (Hounsfield бірлігімен өлшенетін) мен көлеміне қарай дәл жұмыс істейді. 1500–1800 HU тығыздықтағы және 1,5–2 см көлемдегі тастарды тиімді ұсақтауға қабілетті мұндай жоғары дәлдіктегі құрылғы елімізде тек осы ауруханада қолжетімді, -дейді қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бақытжан Абдуллаев.
Ерте анықталған дертке ем қонымды
Баспасөз туры аясында қалалық №13 емхананың тыныс-тіршілігі таныстырылды.
1963 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан бұл емханада қазіргі таңда 46 мыңға жуық тұрғын тіркелген. Оның 7 762-сі жасөспірімдер, 3855-і балалар болса, 34 328-і ересек азамат. Мекемеде 362 қызметкер жұмыс істейді. Олардың қатарында 101 дәрігер, 200 орта буын маманы, 36 кіші буын қызметкері және әкімшілік-шаруашылық бөлімнің 25 қызметкері бар. Емхана құрамындағы 7 бөлімшенің әрқайсысы нақты аймақтар бойынша қызмет көрсетеді. Мәселен, 1 аймаққа 1700 адамнан, педиатриялық аймақтарға 500 балаға дейін тіркелген.
Емханада педиатрия бөлімінің қызметі жүйелі түрде жүргізіледі. Жаңа туған сәбиден 6 жасқа дейінгі 4135 бала тіркеуде тұр, оның ішінде 75-і ерекше балалар. Олар кешенді емдік-сауықтыру шараларымен қамтылған. Бүгінде емханада ҚР ДСМ-нің №11 бұйрығына сәйкес «Дамыту және ерте араласу орталығы» жұмыс істейді. Бұл орталық дамудағы ауытқулары бар балаларды ерте анықтап, олардың мүмкіндігін барынша ашуға бағытталған. Сонымен қатар, педиатрлар мен мейірбикелер тарапынан патронаж қызметі үздіксіз ұйымдастырылып отырады. Есту қабілеті ақауын ерте анықтауға арналған аудиоскрининг кабинеті де бар. Диагностикалық-лабораториялық бөлім жоғарғы деңгейдегі құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Эндоскопист, рентгенолог, әлеуметтік қызметкерлер мен психологтар да тұрақты түрде қабылдау өткізеді. МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған азаматтардың үлесін азайту бағытында да ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді.
Шымкент медицинасының дамуы мен мамандардың кәсіби біліктілігі, МӘМС жүйесінің тиімділігі – қала тұрғындарының денсаулығын жақсарту бағытында атқарылып жатқан нақты істердің айғағы. Мәселен, 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында МӘМС шеңберінде көрсетілетін қызметтердің ауқымы да, сапасы да артқан. Жоғары технологиялық оталардың кеңінен енгізілуі, медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық жабдықталуы да сөзімізге дәлел.