Шымкентте көп балалы ана грант қаржысымен ерекше балаларды түзету-дамыту орталығын ашты.

Жыл сайын қала экономикасын дамыту және жұмыс орнын құру мақсатында жаңа жобаларға мемлекеттік қолдау көрсетіліп келеді. Шымкент қаласында биыл әлеуметтік осал топтар санатындағы 431 тұрғынға комиссия шешімімен 400 АЕК-ге дейінгі мөлшерде қайтарымсыз грант берілді. Қолдау алған азаматтардың басым бөлігі қаржыны мақсатты жұмсап, бизнес-жобаларын жүзеге асырып жатыр.
Мемлекеттің қолдауымен кәсібін бастаған жанның бірі – қала тұрғыны, көп балалы ана Ақмейір Қабылбек. Ол биыл алғашқы лекте мемлекеттік грантқа өтінім беріп, комиссия алдында бизнес-жобасын сәтті қорғап шыққан. Нәтижесінде 400 АЕК мөлшеріндегі грант қаражатына қол жеткізіп, ерекше балаларды түзету-дамыту орталығын ашты.
2025 жылғы айлық есептік көрсеткішке сәйкес, 400 АЕК 1 572 800 теңгені құрайды. Кәсіп иесі бұл қаржыға ерекше балаларға арналған велосипед-тренажер, электрлі жүру жолағын, батут, татами, орындықтар және логопедиялық құрал-жабдықтар сатып алған. Ал орталыққа арналған ғимаратты өз қаржысы есебінен жалға алып, ісін бастап отыр.
Бүгінде орталықта 5 жасқа дейінгі ерекше күтімді қажет ететін 20 балаға логопед, АВА-терапевт, сенсорлық интеграция және АФК мамандары қызмет көрсетіп, дамытуға атсалысып жатыр.
Айта кетейік, гранттарды бекіту кезінде комиссия жобаның өміршеңдігіне, жаңа жұмыс орындарының құрылуына, нарықтағы сұранысына және үміткердің сала бойынша тәжірибесіне, біліктілігіне ерекше мән береді.
Мемлекеттен берілген қаржы қайтарымсыз болғанымен, оның мақсатты жұмсалуы қатаң бақыланады. Еңбек мобильділігі орталығында арнайы мониторинг тобы жұмыс істеп, жобалардың іске асуын қадағалайды. Егер қаржы мақсатсыз жұмсалса, ол мемлекетке қайтарылады.
Айта кетейік, қайтарымсыз грант үй мен жер телімін сатып алуға, несиені өтеуге, сондай-ақ, акциздік тауарларды өндіруге берілмейді.
