Мемлекеттік қызмет жүйесін жаңғырту, кадрлық әлеуетті күшейту және жас мамандарды қолдау – ел дамуының басты тетіктерінің бірі. Бұл орайда жергілікті атқарушы органдардың жұмысы ерекше маңызға ие. Осы орайда Шымкент қаласының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ерлан Бастарұлы Есқараевпен кадрлық саясат, жастарды қолдау тетіктері және мемлекеттік қызметтегі жаңашыл бағыттары жайында сұхбаттасқан едік.
– Мемлекеттік қызметте бірнеше жылдан бері еңбек етіп келесіз. Осы уақыт ішінде бұл салада болған қандай елеулі өзгерістерді атап өтер едіңіз?
– Мемлекеттік қызметтің бүгінгі келбеті мен бұрынғы сипатын салыстырсақ, айырмашылық жер мен көктей. Соңғы жылдары мемлекеттік басқару жүйесі цифрландыруға, басқару тиімділігін арттыруға және халыққа көрсетілетін қызметтің сапасын жақсартуға бағытталды. Мемлекеттік қызметтердің басым бөлігі электронды форматқа ауысып, бүгінде 90 пайыздан астам қызмет көрсету автоматтандырылған.
Электронды үкімет жүйесі, мобильді қосымшалар мен жаңа платформалар азаматтар үшін қызмет алу үдерісін едәуір жеңілдетті. Құжаттарды рәсімдеу уақыты қысқарып, бұрынғыдай ұзын-сонар кезектер мен қағазбастылық артта қалды. Сонымен қатар, мемлекеттік органдар өз қызметін ашық түрде жүргізуге басымдық беріп отыр. Бұл халық сенімін арттырып, қоғамдық бақылаудың нығаюына мүмкіндік беріп жатыр.
Мемлекеттік органдардың қызметі толықтай ашық түрде ресми сайттарда жарияланып отырады. Бұл мемлекет пен халық арасындағы сенімділікті арттыруға және қоғамдық бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді. Мемлекет басшысының жыл сайынғы жолдауларын, Үкіметтің басымдықтары мен мемлекеттік бағдарлама аясында берілетін қолдау шаралары туралы ақпараттарды халық арасында кеңінен насихаттау және халықпен кері байланыс орнату жұмыстары белсенді атқарылып келеді. Халықпен кері байланыс орнатылып жатыр. Қала басшылығы әрбір тұрғынның өзекті мәселесін талқылау, онымен тиімді шешім қабылдау үшін мемлекеттік органдардың қатысуымен жеке қабылдау күні ашық есік форматында өтетін болды. Ал қызмет көрсету сапасын жақсартуға мемлекеттік кадрды жасақтау барысында қызметке қабылдау, конкурстар мен сұхбаттардың ашық әрі әділ өтуіне назар аударылған.
– Цифрландыру мен ашықтық – бүгінгі басқару үдерісіндегі басты бағыттардың бірі. Бұл тұрғыда басқарма тарапынан қандай жұмыстар жүзеге асырылып жатыр?
– Басқарманың негізгі қызметі – қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына мониторинг жүргізу, жергілікті бюджетті жоспарлау және мемлекеттік жоспарлау құжаттарын әзірлеуге негізделген. Осы міндеттерді орындауда біз ашықтық пен цифрлық технологияларды барынша тиімді пайдаланып келеміз. Мәселен, Шымкент қаласы әкімдігінің және басқарманың ресми сайттарында әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, бес жылдық даму жоспары мен қала бюджеті туралы мәліметтер тұрақты түрде жарияланып отырады. Бұдан бөлек, «Ашық бюджет» жүйесі енгізіліп, бюджеттің қалай орындалып жатқанын кез келген азамат онлайн түрде бақылай алады. Құжат айналымы да толық автоматтандырылған. Себебі, мұндай тәсіл мемлекеттік қызметтің тиімділігі мен айқындығын арттырып қана қоймай, халықтың сенімін де нығайтатын маңызды құрал. Екінші жағынан бұл еліміздің халықаралық деңгейде бәсекеге қабілеттілігін жақсартуға көмектеседі.
– Ал қоғам тарапынан мемлекеттік қызметкерге қойылатын талаптар да артып келеді. Сіздіңше, бүгінгі заманның мемлекеттік қызметкері қандай болуы керек?
– Қазіргі мемлекеттік қызметкер жай ғана орындаушы емес, мемлекеттің бет-бейнесі. Сондықтан ол ашық, әділ әрі жауапкершілігі жоғары тұлға болуға тиіс. Әрбір мемлекеттік қызметкер өз жұмысын ел Президентінің саясатын басшылыққа ала отырып, қоғамға қызмет ету миссиясымен атқаруы қажет. Бұл дегеніміз халық алдындағы есеп беру, объективті шешім қабылдау және бюрократиялық кедергілерді жою деген сөз. Сонымен қатар жаңа технологияларды меңгеру, заманауи басқару тәсілдерін игеру де маңызды. Өйткені, мемлекеттік қызметке деген жаңаша көзқарас тұтас қоғамның даму бағытына тікелей әсер етеді.
– Мемлекеттік қызметтің жаңа моделінде тиімділік пен нәтижелілік басты өлшем ретінде қарастырылады. Экономика және бюджеттік жоспарлау саласында бұл қалай көрініс тауып отыр?
– Рас, тиімділік пен нәтижелілік – жұмысымыздың басты ұстанымы. Экономиканың әр саласындағы негізгі көрсеткіштерге талдау жүргізу, индикаторларды жоспарлау және бюджетті нақты бағытта бөлу – басты міндетіміз.
Былтыр Шымкент қаласының жалпы өңірлік өнімі 4 триллион 407 миллиард теңгеге жетіп, өсім 7,7 пайызды құрады. Бұл республикалық көрсеткіштен едәуір жоғары. Сондай-ақ тартылған инвестиция көлемі 54 пайызға артты, құрылыс жұмыстары 20,5, тұрғын үй алаңы 32,5, сауда 19,8, көлік қызметі 7,2, өнеркәсіп өнімінің көлемі 23,4 пайызға ұлғайды.
Қала экономикасының қысқа мерзімді индикаторы 19,4 пайызға өсіп, бұл көрсеткішпен елімізде Астанадан кейінгі екінші орынға шықтық. Бюджет көлемі де жыл санап артып келеді. Мәселен, 2023 жылы 656,4 млрд теңге болса, былтыр 791,4 млрд теңгеге жетті. Биыл бюджет көлемі 850,1 млрд теңгені құрап отыр. Бюджеттің артуына тартылған инвестициялар, өндіріс орындарының көбеюі және шағын, орта кәсіпкерліктің қарқынды дамуы тікелей әсер етіп келеді. Осы жерде биыл кәсіпкерлікті қолдауға 16,8 млрд теңге бағытталғанын ерекше атап өткім келеді.
– Бюджет жобаларын әзірлеу барысында цифрлық технологиялар қаншалықты тиімді пайдаланылып отыр?
– Бюджет жобаларын әзірлеуде цифрлық технологиялар басқарманың жұмысында шешуші рөл атқарады. Қазір Шымкент қаласының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы «Электрондық бюджет» ақпараттық жүйесін белсенді түрде қолданып келеді. Бұл жүйе бюджетті жоспарлау, бекіту және орындалуын бақылау үдерістерін автоматтандырып, адами фактордың ықпалын барынша азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, мемлекеттік сатып алулар, инвестициялық жобаларды мониторингтеу және стратегиялық құжаттардың орындалуын бақылау да арнайы платформалар арқылы жүзеге асады.
Басқарма цифрлық трансформация бағытында үнемі ізденіс үстінде. Smart city тұжырымдамасы аясында ашық мәліметтер базасы, интерактивті карталар, бюджеттік деректерге қолжетімділік құралдары енгізіліп жатыр. Бұл өз кезегінде бюджеттік үдерістің айқындылығын арттырып қана қоймай, тұрғындармен кері байланысты жақсартып отыр.
– Қала экономикасының алдағы жылдарға арналған негізгі даму болжамдары қандай?
– Шымкент қаласының алдағы жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамына тұрақты өсімді қамтамасыз ету, тұрғындардың өмір сапасын арттыру және экономикалық әртараптандыру кіреді. Орта мерзімді кезеңде жалпы өңірлік өнімнің жыл сайынғы өсімі 5-6 пайыз деңгейінде болады деп жоспарланып отыр.
Экономикадағы басты басымдықтары – өңдеу өнеркәсібін дамыту, заманауи технологияларды енгізу, экспорттық әлеуеті жоғары жобаларды қолдау және инвестициялық ахуалды жақсарту. Сонымен қатар, туризм, көлік-логистика саласы және шағын бизнесті қолдау арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу көзделген. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктері арқылы да бірқатар маңызды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру жоспарда тұр. Қала тұрғындарының саны жыл сайын артып келе жатқанын ескере отырып, білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үй салаларында жаңа нысандар салуға ерекше көңіл бөлінеді.
– Шаһардың бюджеттік тәуелсіздігін арттыру үшін қандай қадамдар жасалып жатыр?
– Бюджеттік тәуелсіздікті арттыру – қала әкімдігінің басты стратегиялық міндеттерінің бірі. Бұл бағытта салықтық түсімдер базасын ұлғайту, кәсіпкерлік қызметті кеңейту және инвестициялық белсенділікті арттыру іс-шаралары қолға алынып жатыр. Шағын және орта бизнеске қолайлы экожүйе қалыптастыру, өндірістік алаңдар мен индустриялық аймақтарда инфрақұрылымды дамыту да бюджеттің өзіндік кірістерін көбейтудің негізгі жолы. Сонымен бірге, қала аумағындағы пайдаланылмай жатқан жер телімдері мен мүліктерді экономикалық айналымға енгізу арқылы қосымша кіріс көздері қарастырылады. Басқарма бюджетті тиімді жоспарлау арқылы жергілікті қаржы ресурстарын барынша ұтымды пайдалануға күш салып отыр. Бұл сыртқы тәуелділікті азайтып, дербес даму бағытын нығайтуға мүмкіндік береді. Қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етудегі бұл бағыттар алдағы уақытта да жалғасын тауып, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға қызмет ететін болады.
– Басқармада жас кадрларды тарту және оларды кәсіби дамыту бағытында қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр? Жалпы мемлекеттік қызметті жастарға тартымды ету үшін не істеу керек?
– Иә, бұл – өте маңызды әрі көп қырлы мәселе. Біз жас мамандарды қолдау мен тәрбиелеуге ерекше мән береміз. Өйткені болашақ солардың қолында. Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы жас кадрларды тарту және олардың кәсіби дамуын қамтамасыз ету бағытында жүйелі әрі нақты іс-шараларды іске асырып келеді. Біріншіден, біз студенттер мен жоғары оқу орындарын енді тәмамдаған түлектерге арналған жастар практикасын ұйымдастырамыз. Бұл жастардың мемлекеттік құрылымда алғашқы тәжірибе жинауына мүмкіндік беретін тамаша алаңға айналып отыр. Мұнда олар тек білімдерін шыңдап қана қоймай, нақты жұмыс дағдыларын меңгереді. Екіншіден, жастарды мемлекеттік қызметке тарту мақсатында түрлі ашық байқаулар, конкурстар өткіземіз. Олардың қарым-қабілетін, ой-өрісін, бастамашылдығын бағалай отырып, лайықты үміткерлерге жол ашылады. Үшіншіден, басқармада жастарға арналған кадрлық бағдарламалар сәтті жүзеге асып отыр. Бұл бағдарламалар жас мамандарға мансаптық өсу жолдарын айқындап береді. Сонымен қатар, оларды кәсіби тұрғыдан жетілдіруге бағытталған түрлі курстар мен тренингтерге қатысу мүмкіндігі қарастырылған.
Мемлекеттік қызметті жастарға тартымды ету үшін ең алдымен мотивация мен сенім қажет. Яғни, олар мемлекеттік қызметтің тек құжатпен айналысу емес, елдің дамуына үлес қосатын маңызды сала екенін ұғынуы керек. Жастар өзін дамытқысы келеді, сондықтан біз оларға өсу, үйрену, жетілу жолында кеңістік ашуымыз қажет. Мұнда менторлық бағдарламалар, оқыту курстары, әлеуметтік қолдау жүйесі үлкен рөл атқарады. Әрбір жас маман өзін қажет екенін сезінсе, сол ұйымнан алыстамайды деп ойлаймын.
– Ал мемлекеттік қызметке жаңадан келген жас мамандарды бейімдеу, оқыту бағытында қандай тиімді тәжірибелер бар?
– Өте орынды сұрақ. Шындығын айтқанда, маманның қаншалықты білімді, қабілетті болуы маңызды. Бірақ сол қабілетті іске асыру үшін бейімделу, ортаны түсіну, құрылымға сіңісіп кету де үлкен сын. Осы тұрғыда біз бірнеше нақты тәжірибені енгізіп, нәтижесін көріп келеміз. Мысалы, менторлық жүйе өте тиімді тәсіл екенін көрсетті. Жаңа келген жас қызметкерге тәжірибелі маман бекітіледі. Ол жас маманға бағыт-бағдар беріп, алғашқы кезеңдегі сенімсіздіктен шығуына көмектеседі. Бұл тек кәсіби қолдау ғана емес, адами тұрғыдан да үлкен демеу.
Сонымен бірге, жаңа айтқанымдай, басқармада жас мамандарға арналып оқыту бағдарламалары, семинарлар мен тренингтер өткізіледі. Онда бюджет саласы, стратегиялық жоспарлау, мемлекеттік сатып алу, заңнамалық негіздер сынды маңызды тақырыптар қамтылады. Тағы бір пайдалы бағыт кері байланыс жүйесі. Әр жас маманның бейімделу барысы бақыланып, уақтылы кеңес беріледі, кемшілігі мен жетістігі талқыланады. Бұл оларды жауапкершілікке де, ізденіске де жетелейді. Сондай-ақ, жас мамандарға психологиялық бейімдеу мен әлеуметтік қолдау бағытында да іс-шаралар атқарылады. Командалық рухты қалыптастыру үшін тимбилдинг, ашық пікір алаңдары, бейресми кездесулер өткізіледі. Бұл да ортаның бір бөлігі болуға, ұжыммен жақындасуға көмектеседі.
Жас мамандарды цифрлық сауаттылыққа да үйретеміз. Бүгінде мемлекеттік қызметтегі жұмыс процестерінің дені цифрлы жүйеге көшкендіктен, жас қызметкердің бұл бағыттағы білімі басты талаптың бірі. Шындығы сол, жас кадрлар – мемлекеттің адам капиталы. Біз сол капиталды дамытуға, қолдауға және дұрыс жолға бағыттауға мүдделіміз. Жастарға мүмкіндік беру – болашаққа салынған ең сенімді инвестиция деп ойлаймын.
Сұхбаттасқан:
Жадыра МҮСІЛІМ