
Бүгінде мемлекеттік қызмет қоғамның тұрақты дамуы мен елдің болашағын айқындайтын маңызды институттардың бірі екені белгілі. Мемлекеттік қызметтің беделі халықтың билікке деген сенімінің көрсеткіші болса, ал, мемлекеттік қызметшінің кәсіби біліктілігі, мәдениеті және азаматтармен тиімді қарым-қатынасы орната білуі сол сенімді нығайта түсері анық. Сондықтан мемлекеттік қызметшілердің кәсіби деңгейін арттыру, олардың қызметтік этикасын жетілдіру және халықпен ашық әрі сапалы жұмыс жүргізу – заман талабы. Бұл бағыттағы жұмыстар мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттырып қана қоймай, қоғам мен мемлекет арасындағы өзара сенімді нығайтуға ықпал етеді.
Осы орайда Шымкент қаласы Мемлекет сатып алу басқармасы басшысының орынбасары Бақыт Құдайбергеновпен сұхбаттасып, мемлекеттік қызметтің беделін арттыру, қызметшілердің кәсіби деңгейі, адами құндылықтарға негізделген мәдениеті мен этикалық ұстанымдары жөнінде пікірлескен едік.

–Бақыт Сұлтанұлы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қызметкерлерге үлкен жауапкершілік артып отырғаны белгілі. Бұқараның билікке деген сенімін қалыптастыру мен жақсартуда аймақтардағы мемлекеттік қызметшінің рөлі маңызды. Олай болса, сіздердің басқарма тарапынан мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін дамыту, оның имиджін көтеру, меритократия қағидаларының сақталуы турасында қандай іс-шаралар ұйымдастырылуда? Нәтижесі қандай?
–Сұрағыңыз өте өзекті. Мемлекет басшысы айқындаған міндеттерге сәйкес аймақтардағы мемлекеттік қызметшілердің кәсібилігі мен жауапкершілігін арттыру – біздің басқарманың басым бағыттарының бірі.
Мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін дамыту бағытында Шымкент қаласының мемлекеттік сатып алу басқармасы жыл сайын мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыруға үлкен мән береді. Бұл орайда мемлекеттік қызметке және басшылық лауазымға алғаш тағайындалған қызметшілерді қайта даярлау курсына бағыттау бойынша жоспар құрып, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының филиалдарында және уәкілетті оқу орталықтарына жолдамамен жібереді.
Сонымен қатар, салалық заңнамадағы өзгерістер бойынша, мемлекеттік қызметшінің лауазымдық нұсқаулығына да байланысты тиісті оқу орталықтарына біліктілігін арттыруға жібереді.
Шымкент қаласы бойынша мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай ұйымдастырушы ретінде айқындалған Шымкент қаласының мемлекеттік сатып алу басқармасы «Электрондық коммерция орталығы» ЖШС-мен бірлесіп, 2025 жылғы 13 мамырда және 2026 жылғы 21 қаңтарда «Көрме» орталығында қала аумағындағы барлық тапсырыс беруші мекемелердің жауапты мамандарына арналған оқу семинарын өткізді.
Аталған семинар Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңының талаптары және мемлекеттік сатып алу саласына енгізілген соңғы өзгерістер жан-жақты түсіндіріліп, бұл өз кезегінде тапсырыс беруші мекемелер қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыруға және тәжірибеде жиі кездесетін мәселелер мен сұрақтарды талқылауға мүмкіндік берді.
Ал, сіз айтып отырған мемлекеттік қызметшінің имиджін көтеру бағытында «Ашық есік күндері», көшпелі қабылдаулар, қоғамдық кездесулер тұрақты түрде өткізіліп келеді. Сонымен бірге, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы қамтамасыз етілуде, әдеп нормаларын сақтау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бойынша түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүзеге асырылады.
Меритократия қағидаларын сақтау бойынша да атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Шымкент қаласының мемлекеттік сатып алу басқармасы меритократия қағидатын бос лауазым пайда болған жағдайда, осы мемлекеттік органның ішінен өзінің біліктілігі мен тәжірибесі, сондай-ақ еңбек өтілі мен біліктілік талаптарына сай келген мемлекеттік қызметшіге мемлекеттік қызметте мансаптық өсуге қолдау білдіреді. Мәселен, 2025 жылғы нәтижеге тоқталсақ, Басқарманың жетекші маманы жоғары тұрған бас маманның бос лауазымына тағайындалды, сондай-ақ бөлім басшысы жоғары тұрған басқарма басшысының орынбасары лауазымына тағайындалды. Сондай-ақ 2026 жылдың басында Басқарманың бас маманы жоғары тұрған бөлім басшысы бос лауазымына тағайындалды. Бұл өз кезегінде, аталған мемлекеттік қызметшілер үшін үлкен мүмкіндік берді, өз кәсібилігі, білімі, жұмыс нәтижелеріне оң баға беріліп, құзыреттері бағаланып, мансаптық өсуге жетеледі.
–Мемлекеттік қызметшілердің мәдениеті, көпшілік ортада өзін ұстауы да үлкен жауапкершілік екенін білеміз. Десе де дөрекілік танытып, астамгершілікке салынатындар да кездеспей тұрмайды. Шымкенттің шенеуніктері арасында мұндай келеңсіздікке жол бергендері бар ма? Оларға қандай шара қолдандыңыздар?
–Иә, мемлекеттік қызметшінің мәдениеті мен мінез-құлқы – қоғамның билікке деген сенімін қалыптастыратын негізгі факторлардың бірі. Бұл бағытта талап та, жауапкершілік те жоғары.
Жалпы алғанда, мемлекеттік қызметшілер тарапынан әдеп нормаларын бұзу фактілері жүйелі сипатта емес, алайда, жекелеген жағдайлар кездесіп отырады. Мұндай деректер, әдетте, азаматтардың өтініштері, әлеуметтік желілердегі кері байланыс немесе ішкі бақылау нәтижесінде анықталады.
Әдеп талаптарын бұзған жағдайда әрбір факт Әдеп жөніндегі уәкілдің немесе Әдеп жөніндегі кеңестің қарауына шығарылады. Мән-жайы жан-жақты зерделеніп, қызметшінің әрекетіне құқықтық және этикалық баға беріледі. Қажет болған жағдайда заңнамаға сәйкес ескерту, сөгіс, қатаң сөгіс түріндегі тәртіптік жазалар қолданылуы мүмкін, ал, қайталанған немесе ауыр жағдайларда лауазымынан босатуға дейінгі шаралар қарастырылады.
Сонымен қатар, біз алдын алу шараларына ерекше мән береміз. Атап айтқанда, мемлекеттік қызметшілер арасында әдеп, қызметтік этика, халықпен қарым-қатынас мәдениеті бойынша тұрақты түрде түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Жаңадан қабылданған қызметкерлер үшін міндетті түрде әдеп нормалары бойынша арнайы таныстыру сабақтары өткізіледі.Ұжым ішінде салауатты моральдық-психологиялық ахуал қалыптастыруға бағытталған жұмыстар күшейтілді.
Басты мақсат жазалау емес, мемлекеттік қызметшінің жауапкершілігін арттыру, азаматтармен сыйластыққа негізделген қарым-қатынас мәдениетін орнықтыру. Бұл бағыттағы бақылау мен талап алдағы уақытта да қатаң сақталатын болады.
–Шымкент қаласының мемлекеттік сатып алу басқармасының былтыр атқарған жұмыстарын саралағанда толымды табыстар аз еместігін байқаймыз. Алдағы күндердің атқарылар жұмыстары жайлы да біле отырсақ…
–Мемлекеттік басқару жүйесіндегі негізгі басымдықтардың бірі – бюджет қаражатының тиімді, ашық әрі мақсатты жұмсалуын қамтамасыз ету. Осы тұрғыда бірыңғай ұйымдастырушы арқылы өткізілетін мемлекеттік сатып алулардың рөлі ерекше. Себебі бұл механизм қаржыны үнемдеумен қатар, сатып алу рәсімдерінің ашықтығы мен бәсекелестігін арттыруға мүмкіндік береді.
Мысалы, 2025 жылы мемлекеттік сатып алу веб-порталында жалпы сомасы 393,2 млрд теңгеге 1 345 конкурс жарияланып, барлығы 1 903 лот қамтылды. Сатып алулар құрылымына талдау жасайтын болсақ, негізгі үлес жұмыстарға тиесілі – 248,8 млрд теңгеге 358 конкурс (472 лот). Сонымен қатар қызметтер бойынша 72,9 млрд теңгеге 636 конкурс, тауарлар бойынша 70,9 млрд теңгеге 335 конкурс өткізілді. Әлеуметтік маңызы бар бағыттардың бірі – тамақтану қызметтері аясында 577,8 млн теңгеге 16 конкурс ұйымдастырылды.
Аталған көрсеткіштер мемлекеттік сатып алулар көлемінің айтарлықтай өскенін аңғартады. Соған қарамастан, сатып алу рәсімдерінің тиімді ұйымдастырылуының нәтижесінде 15,8 млрд теңге бюджет қаражаты үнемделіп, үнемдеу деңгейі 4 пайызды құрады. Бұл – бәсекелестіктің сақталғанын, жоспарлау мен мониторингтің сапалы жүргізілгенін көрсететін маңызды индикатор.
Жалпы алғанда, бірыңғай ұйымдастырушы тарапынан сатып алу рәсімдері жүйелі түрде жүргізіліп, қаржылық тәртіп пен заңнама талаптарының сақталуына тұрақты бақылау орнатылған. Мұндай тәсіл мемлекеттік қаражатты ұтымды пайдалануға ғана емес, қоғам тарапынан мемлекеттік сатып алуларға деген сенімді арттыруға да ықпал етеді.
Алдағы кезеңде бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі жетілдіру, тәуекелдерді азайту, цифрлық құралдарды кеңінен пайдалану және сатып алу процестерінің ашықтығын күшейту негізгі міндеттердің қатарында қала бермек. Бұл өз кезегінде мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырып, бюджет қаражатының әр теңгесінің нақты нәтиже беруін қамтамасыз етуге бағытталған.
–Бақыт Сұлтанұлы, сұхбатыңызға көп рақмет.
Сұхбаттасқан
Ж.ШАЛАБАЕВА
