
Шымкент қаласындағы мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдардың қызметкерлеріне мемлекеттік сатып алу мәселелеріне арналған кезекті оқыту семинары өтіп жатыр. Іс-шараның негізгі мақсаты – мемлекеттік сатып алу саласындағы қолданыстағы заңнама талаптарын кеңінен түсіндіру, сатып алу рәсімдерін дұрыс әрі тиімді жүргізу жолдарын көрсету, сондай-ақ, қатысушылардың практикалық біліктілігін арттыру.

Семинар барысында мемлекеттік сатып алу жүйесіндегі соңғы өзгерістер, жиі кездесетін қателіктер, жоспарлау мен конкурс өткізу тәртібі, сондай-ақ, ашықтық пен тиімділікті қамтамасыз ету тетіктері талқыланады. Қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарға сала мамандарынан тікелей жауап алу мүмкіндігіне ие болады.
Аталған оқыту семинары мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор қызметкерлерінің кәсіби деңгейін арттыруға, мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің сапасын жақсартуға және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алуға бағытталған.
Шымкент қалалық мемлекеттік сатып алу басқармасы басшысының орынбасары Бақыт Құдайбергеновтың айтуынша, мемлекеттік сатып алу саласында алдағы уақытта қателіктерді болдырмау, автоматтандыру, тиімділікті арттыру мәселелері басты назарда тұр. Бүгінгі іс-шараға жалпы 240 қызметкер қатысып отыр.
«Shymkent» ӘКК» АҚ мемлекеттік сатып алу жөніндегі менеджері Мұқағали Ерғалиев аталған семинар барлық тапсырыс берушілерге оң септігін тигізетінін айтады. Қазіргі таңда заңнамадағы көптеген өзгерістер қызметкерлердің біліктілігін арттырып, заң бұзушылықтың алдын алады.
Бұрын мемлекеттік сатып алу бойынша әр жеңімпазды анықтаудың мерзімі ұзақ болатын. Бүгінде бұл бағытта автоматтандыру жүйелері енгізілді.
«Шымкент келбеті»
