Редакция таңдауы

Мемлекеттік сатып алуға деген сенім нығайды

Шымкент қаласында Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтіп, қала дамуына қатысты бірқатар маңызды мәселе қаралды. Жиын барысында қаланың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен былтырғы қалалық бюджеттің орындалу барысы, қоғамдық көлікпен қамтамасыз ету, жол инфрақұрылымының сапасы және мемлекеттік сатып алудағы қоғамдық бақылау нәтижелері күн тәртібіне қойылды.

Кеңес төрағасы Бұхарбай Парманов жиынның күн тәртібін таныстырғаннан кейін Шымкент қалалық қаржы басқармасының басшысы былтырғы қаржылық қорытындыларын жария етті. Оның айтуынша, қала бюджеті 783,5 миллиард теңгені құраған. Ал түсім көлемі 791,4 миллиард теңгеге жетіп, жоспардан 7,9 миллиард теңгеге асып түскен. Салықтық түсімдер – 7 миллиардқа, салықтық емес түсімдер – 900 миллион теңгеге артығымен орындалған. Бюджет қаражатының 99,6 пайызы игеріліп, 780,1 миллиард теңге нақты жұмсалған. Дегенмен 3,3 миллиард теңге игерілмеген. Оның негізгі себептері – мердігерлердің мерзімінде жұмыс атқармауы, сот процестері және тауар жеткізудегі кідірістер болып отыр.

Қоғамдық кеңес отырысында көлік және жол инфрақұрылымын дамытуға қатысты Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы баяндама жасады. Оның айтуынша, биыл көлік және жол саласына 135 миллиард теңге қарастырылып отыр. Бұл қаржының 92 миллиарды – жол құрылысына, ал 42,7 миллиарды – қоғамдық көлік қызметін жетілдіруге бағытталған. Жыл соңына дейін қалада 850 көшеде жалпы ұзындығы 1 059 шақырым болатын жол жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Қазір құрылыс жұмыстары басталып кеткен. Жоспарда 540 көше жыл соңына дейін аяқталып, пайдалануға беріледі. Қалған көшелер келесі жылға өтпелі нысандар ретінде қарастырылып жатыр. Сонымен қатар, ұзындығы 45,7 шақырымды құрайтын 15 ірі көше мен даңғылда қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Кеңес мүшелері валидаторлардан түскен қаражаттың тиімді жұмсалуын да көтерді. Басқарма басшысының айтуынша, бұл қаржы келісімшарт негізінде автобус компанияларының шотына аударылып, олардың қызметін қолдауға бағытталады. Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар бағыттарда субсидиялау жалғасады. Кеңес мүшелері қаладағы жол сапасына қатысты сын-ескертпелерін де білдірді. Жаңа салынған жолдардың бір жылдан кейін қайта бұзылуы, қисық жолдар мен жөндеу жұмыстарының жүйесіздігі және сапасыз орындалуы тұрғындардың наразылығын туғызып отыр. Бұл мәселеге қатысты жауапты тұлғалардың жауапкершілігін күшейту ұсынылды. Сондай-ақ, «Қамқор» бағдарламасы аясында тұрғын үй алу процесіндегі қиындықтар сөз болды. Кеңес мүшелері құжат қабылдау мерзімінің қысқалығы мен бюрократиялық кедергілердің көптігін атап өтіп, бағдарламаны жетілдіру қажеттігін жеткізді.

Отырыста қоғамдық бақылау нәтижесінде бюджет бағдарламаларын жүзеге асыруда орын алған кемшіліктер де жария етілді. 31 бағдарлама әкімшісіне тәртіптік шара қолданылып, екі қызметкер жұмыстан босатылған. Кеңес мүшелері келешекте бюджет ашықтығын арттырып, тұрғындармен тиімді кері байланыс орнату қажеттігін алға тартты.

Жадыра МҮСІЛІМ

Соңғы жаңалықтар