Редакция таңдауы

Мемлекеттік тіл – тәуелсіздік символы

«Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деп ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, тіл – ел болашағының, ұлт тұтастығының темірқазығы. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, оның этносаралық қарым-қатынас тілі ретіндегі рөлін арттыру – қазіргі Қазақстан қоғамының басты мақсаттарының бірі. Осы бағытта елімізде жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Солардың бірі – Шымкент қалалық тілдерді оқыту-әдістемелік орталығы ұйымдастырған «Мемлекеттік тіл – тәуелсіздік символы» атты қалалық байқау.

Бұл іс-шара Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру мақсатында өткізілді. Байқауға 18-35 жас аралығындағы, Шымкент қаласында тұратын түрлі этнос өкілдері қатысты. Жастар өздерінің қазақ тіліне деген құрметін, оны меңгерудегі шеберліктері мен біліктілігін көпшілікке паш етті.

Байқау бірнеше кезеңнен тұрды. Қатысушылар өздерін таныстырып, қазақ тілінің дамуына қосып жүрген үлестері жайлы ой қозғады. Мақал-мәтелдер мен нақыл сөздерді жалғастыру арқылы тіл байлықтарын көрсетті. Берілген тақырыптар аясында еркін пікір білдіріп, ой толғап, қазақ тілінің қоғамдық рөлі мен маңызын айқындай түсті. Соңында жылдамдық пен тапқырлық сынға түскен сұрақ-жауап бөлімінде білімдерін ортаға салды.

Қазылар алқасы қатысушылардың мемлекеттік тілді меңгеру деңгейіне, ойдың мазмұндылығы мен нақтылығына, сахна мәдениетіне және кәсіби біліктілігіне айрықша мән берді.

«Мемлекеттік тіл – тәуелсіздік символы» байқауы – еліміздегі бейбітшілік пен ынтымақтың, ортақ мақсатқа деген ұмтылыстың көрінісі бола білді. Қазақ тілін меңгерген өзге ұлт өкілдерінің белсенділігі мен шынайы қызығушылығы тіл саясатының дұрыс бағытта дамып келе жатқанын айғақтайды.

Айта кетейік, байқау жеңімпаздары арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

С.ТҰРҒАНТАЙҚЫЗЫ

Соңғы жаңалықтар