Редакция таңдауы

Мемлекеттің көмегішын мұқтаждарға бағытталады

Қазақстанның әлеуметтік дамуы – мемлекеттің басты басымдығының бірі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бағыттағы саясаттың дәйектілігін айқындап, ел халқының әл-ауқатын арттыруды мемлекеттік саясаттың өзегі ретінде белгілеп отыр. Мемлекет басшысы өзінің бір сөзінде: «Әлеуметтік әділет – жаңғырған Қазақстанның басты бағдары. Бұл – азаматтардың мүддесін қорғайтын, шын мәнінде халық үніне құлақ асатын мемлекет құрудың негізі» деген болатын.

Әлеуметтік қолдаудың тиімді тетіктері – қоғамдағы тұрақтылықтың, ел ішіндегі татулықтың кепілі. Білім, денсаулық сақтау, зейнетақы жүйесі мен аз қамтылған топтарға көмек көрсету мәселелері – бүгінгі таңда мемлекеттік саясаттың маңызды құрамдас бөлігіне айналды. Осы орайда Шымкент қаласында да әлеуметтік бағыттағы бастамалар жүйелі түрде жүзеге асып келеді. Миллионнан астам тұрғыны бар мегаполисте халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған бағдарламалардың тиімді орындалуы – жергілікті билік пен қоғамның ортақ жауапкершілігінің көрінісі.

Шымкент қаласы жұмыспен қамту және  әлеуметтік қорғау басқармасының берген мәліметінше, биыл 49 567 адамды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланған. Жыл басынан бері 9 737 адам жұмысқа тартылып, еңбек нарығындағы белсенділік артып келеді екен. Қаладағы жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызды, ал, жастар арасындағы жұмыссыздық 3,5 пайызды құрап отыр.

– Мемлекеттік қолдаудың бір бағыты – қайтарымсыз гранттар. 2024 жылы 428 азамат өз бизнес-идеясын жүзеге асыру үшін 400 АЕК көлемінде, 1 476 800 теңге грант алған. Биыл да 260 азаматқа осындай мүмкіндік берілді. Алайда, осы грант алған азаматтарға мониторинг жүргізу барасында 2024 жылы 36 азамат грант қаражатын нысаналы мақсаты бойынша пайдаланбағандығы анықталған. Қазір олардың бір бөлігі сотқа берілсе, өзгелерімен қаражатты қайтару жұмыстары жүргізілуде. Бұл – мемлекеттік қолдаудың ашықтығын бақылауға деген нақты қадам, – дейді басқарма басшысы Жанат Өтебаева.

Сондай-ақ, өңіраралық ерікті көші-қон мәселесі де назардан тыс қалмаған. 2024 жылы Шымкенттен 159 отбасы (592 адам) елдің солтүстік өңірлеріне қоныс аударса, 2025 жылдың басынан бері тағы бір отбасы (6 адам) солтүстікке көшкен.

2025 жылы Шымкент қаласында 22 215 адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 35,1 пайызға аз – яғни, жұмыспен қамтылған азаматтар саны артқанын көрсетеді.

Ал, 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға қосымша 1,5 АЕК көлемінде (5 538 теңге) жәрдемақы жергілікті бюджет есебінен төленіп жатыр. Мұндай көмек 3 682 отбасыдағы 7 135 баланы қамтып отыр.

Басқарма басшысының айтуынша, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш берушілер ішінде 5 756 адамның жұмысқа жарамды екені анықталып, олардың  2 636 адам жұмыспен қамтылған.

Дегенмен, мониторинг жұмыстары нәтижесінде АӘК алаушылар арасында да заң бұзушылықтар анықталған. Атаулы әлеуметтік көмек алушылардың ішінде 228 отбасында 381 бала 2022, 2023, 2024 жылдары басқа өңірлерде мектепте немесе бала-бақшада тіркелгендігін анықтаған. Жанат Өмірсейітқызының айтуынша, бүгінде ол отбасыларға ақпараттық жүйеде қайта есептеу жұмыстары жүргізіліп, өткен үш жылдың есебі бойынша 84,2 млн теңге қайтаруға жататыны анықталған. Бүгінгі таңда 8,8 млн теңге қаржы қайта есептеу жүйесі арқылы бюджетке қайтарылды.

– «Отбасылық цифрлық картасы» ақпараттық жүйесінің мәліметіне сәйкес «D» және «Е» санатындағы отбасыларды 2025 жылы 10 пайызға, яғни 64 525 отбасыға төмендету жоспары бекітілді. Ақпараттық жүйеде 15 сәуірде бұл санаттағы отбасылар саны 59 293 санын құрады. Жыл соңына дейінгі жоспар 5 232 отбасыға асырып орындалды, – дейді басқарма басшысы.

Қазіргі таңда Шымкентте 41 970 мүгедектігі бар адам тіркелсе, оның 8 099-ы – 18 жасқа дейінгі балалар. Олардың өмір сапасын жақсарту үшін 14,7 млрд теңге қарастырылып, оңалту құралдары мен әлеуметтік қызметтер көрсетілуде.

2025 жылы зейнеткерлер мен ардагерлерге санаторлық-курорттық ем қабылдауы үшін жыл сайын мәслихаттың шешімімен 5500 адамға тегін жолдама беріледі екен. Ол үшін бюджеттен 865,0 млн теңге қарастырылған.

– Басқармаға қарасты «Ізетті зейнеткер» сауықтыру кешенінде бұрынғы 70 орындық ғимаратта жылына 2 мыңға жуық зейнеткерге қызмет көрсетіп келген еді. 2025 жылдың наурыз айында 4 қабатты 120 орындық жаңа ғимаратқа көшіп, жылына 3 500 зейнеткер санаторлық-курорттық ем қабылдайтын жағдай жасалды. Зейнеткерлердің шипажайларға кезекке тұруы автоматтандырылып, қариялар енді санаторлы-курорттық ем қабылдауға geo-shym.kz сайты арқылы өтініш беріп, кезек ретін онлайн бақылай алады, – дейді Жанат Өмірсейітқызы.

Әлеуметтік салада мемлекет қамқорлығына ерекше мұқтаж жандарға – психоневрологиялық ауытқуы бар, тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедектігі бар балаларға, 18 жастан асқан психоневрологиялық ауруы бар азаматтарға, өзіне-өзі қызмет көрсете алмайтын жалғызілікті қарттар мен І және ІІ топтағы мүгедектігі бар адамдарға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі. Бұл қызметтер стационар, жартылай стационар және үйде қызмет көрсету түрінде ұйымдастырылады. Бүгінде бұл міндеттер тек мемлекеттік мекемелердің үлесінде ғана емес, сонымен қатар үкіметтік емес ұйымдар арқылы да жүзеге асырылуда. Мұндай тәсіл әлеуметтік қолдаудың сапасын арттырып, оны алушылардың өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Шымкент қаласында да бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Үкіметтік емес сектордың әлеуетін пайдалану арқылы арнайы әлеуметтік қызметтерді алушылар саны артты, әрі әр азаматтың жеке қажеттілігіне сай көмек көрсету мүмкіндігі кеңейді. Бұл – мемлекет пен азаматтық қоғамның серіктестік негізінде әрекет етуінің нәтижесі.

Басқармаға қарасты №1, №2, №3, №4, №5, №6, №7, №9, №10 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтары және «Өмірлік қиын жағдайдағы адамдарды әлеуметтік бейімдеу орталығы», «Белсенді ұзақ өмір» орталықтары және 4 Үкіметтік емес ұйым (Өркен, Алғыс, Жігер, Аяла) арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге арналған лицензия алды. Олар 2025 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша жалпы 3 279 адамды оңалту шараларымен қамтып отырған көрінеді.

Сонымен қатар, әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту, жаңа нысандар салу және бар мекемелерді күрделі жөндеуден өткізу арқылы қызмет алушылардың жағдайын жақсарту көзделуде. Осы мақсатта, 2025 жылы қалада бірқатар жаңа нысандар іске қосылады екен.  Соның ішінде, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес,  Бозарық ықшам ауданында 150 орындық жаңа оңалту орталығы салынып жатыр. Сонымен қатар, психоневрологиялық ауытқуы бар жастар мен балаларға арналған 150 және 50 орындық екі орталық мамыр айының соңына дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде екен.

Бүгінде психоневрологиялық аурулары бар 18 жастан асқан мүгедектігі бар адамдарға арналған №1 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы аумағында қосымша 50 орындық ғимараттың құрылысы жүріп жатыр. Құны 1 млрд 945 млн теңгені құрайтын бұл нысан биылғы жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Сонымен қатар, №2 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығын күрделі жөндеуден өткізу үшін жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленіп жатыр. Бұл мақсатқа 20 млн теңге бөлініп, қазіргі таңда «Дала Центр» ЖШС құжаттарды дайындау үстінде. Ал, №6 балаларға арналған арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында күрделі жөндеу жұмыстары басталып кеткен. 1,3 млрд теңге қаржы қаралған бұл жоба 2025 жылдың шілде айында толық аяқталуы тиіс.

Бұл бастамалар Шымкент қаласының әлеуметтік саладағы даму бағытының нақты нәтижесі екендігін көрсетеді. Мемлекеттік қолдау мен инфрақұрылымдық жаңғыртудың арқасында ерекше қажеттілігі бар жандардың өмір сүру сапасын арттыру – басты мақсат болып қала береді.

 

Салтанат ЖАМАЛДИНОВА

 

Соңғы жаңалықтар