
Өткен аптада Шымкент шаһары түркі елдерінің «MIRAS» сәндік этнодизайнерлер форумын алғаш рет қабылдады. Ол түркі әлемінің сәндік өнерін, киім мәдениетін және көшпелі дәстүр мен заманауи этнодизайнды өзара үйлестірген бірегей іс-шара болды. Әрі осынау басқосу түркі халықтарының рухани тамырын қайта сабақтастырып, бауырлас елдердің ортақ өнерін жаңаша қырынан танытуға жол ашты.
Шымкент қаласы әкімдігі мен Түркі мәдениеті және мұрасы халықаралық қорының бірлесіп ұйымдастыруымен өткен шараға Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан мемлекеттерінің белгілі дизайнерлері мен қолөнер шеберлері, сондай-ақ, Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан келген этнодизайн мамандары, ғалымдар мен өнертанушылар қатысты.
Бір көргенде-ақ көңілге жылу ұялататын ұлттық нақыш, терең ойға жетелейтін көне өрнек пен соны стильдің үйлесімі бұл форумның мәнін айқындады. Форум «Қызғалдақ» сарайында өткен «Түркі киімтануы және өрнек семиотикасы» атты ғылыми-танымдық конференциямен шымылдығын түрді.
Ашылу салтанатында қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек сөз алып, түркі халықтарын жақындастыратын мұндай форумның ел болашағы үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтті. Ол ұлттық киім мен дәстүрлі өнерді дәріптеу – жас ұрпақтың рухани кеңістігін байытып, мәдени тұтастықты күшейтетінін айтып, форумның ізгілікті мақсатына тоқталды.
Оның осы ойын толықтырған Халықаралық түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова түркі халықтарының киім мәдениеті – ұлттың тарихи коды, шежірелі тамыры екенін тілге тиек етті. Әрбір ою-өрнектің ар жағында ғасырлар бойы қалыптасқан халықтық таным, дүниені қабылдау жүйесі, эстетикалық қағида жатқанын айтқан ол этнодизайнның жаңа толқыны осы құндылықтарды заманмен үндестіріп, жас ұрпаққа қолжетімді етіп көрсетуі тиіс деген пікірін білдірді.
Әзербайжандық философия ғылымдарының докторы, Бакудегі ұлттық тарих музейінің Ерекше қорының меңгерушісі Афет Рустамбаева да түркі дүниесінің киім дәстүрлері өзара сабақтас, ортақ өрнек пен ұқсас мәнге негізделгенін айтып, этнодизайн – өткеннің көшін тек жалғап қана қоймай, оны жаңа мазмұнмен толықтыратын шығармашылық кеңістік екенін атап өтті. Осылайша, форумның алғашқы бөлігі бауырлас елдердің өнер зерттеушілері мен дизайнерлерінің ортақ бағыт-бағдарын белгілеп, алдағы ынтымақтастықтың рухани негізін айқындағандай болды.
Форумның көркем тынысын ашқан негізгі іс-шаралардың бірі – Көрме орталығында өткен ұлттық киімдер дефилесі. Түркиядан, Өзбекстаннан, Қырғызстаннан, Әзербайжаннан және еліміздің бірнеше қаласынан келген онға жуық сән үйі өздерінің брендтік топтамаларын жұртшылық назарына ұсынды. Әр елдің сән топтамасы – өз алдына бір мектеп, өз алдына тарих. Ұлттық мұраны қазіргі заман талабымен үйлестіре тігілген киімдер күнделікті жұмысқа да, ресми жиынға да, кешкі салтанатқа да арналған үлгілер бойынша көрсетілді. Солардың ішінде жұрттың ілтипатына бөленген коллекция – Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің жас дизайнері, Мәдениет саласының үздігі Айдана Әлайдарованың «Алшы асық» атты топтамасы. Ол киімдерге асықты түйме орнына қолдану арқылы қазақы ұғымды жаңаша символикамен ұштастырып, «асығың алшысынан түссін» деген халықтық тілекті заманауи сәнге көркем тілмен енгізген. Дизайнердің айтуынша, бұл элемент – қазақ қыздарының жолы әрдайым ашық, ісі берекелі болсын деген ниеттің көрінісі. Үш буынның бойынан жалғасып келе жатқан ұлттық ойды жаңа үлгіде танытқан бұл жаңашыл шешім киімнің сәндік-тәжірибелік маңызын арттыра түсті.
Форумның екінші күні түркі елдерінен келген шеберлердің қатысуымен өткен шеберлік сағаттарына арналды. Мұнда қатысушылар қолөнердің көне техникаларын ортаға салып, дәстүрлі өнерді жаңғыртудың жолдарын талқылады. Өзбекстандық танымал этнодизайнер, «Guliston Dizayn Lyuks» компаниясының негізін қалаушы Дильдор Рузметова қолөнер – тек сән емес, ол түркі халықтарының тарихи санасын сақтайтын ортақ мұра екенін атап өтті. Оның айтуынша, құрақ (құрамыш), кесте, зергерлік бұйымдар, киіз басу, тері өңдеу сынды өнер түрлері халықты біріктіретін ортақ мәдени код. Сондықтан мұндай дәстүрлі өнер түрлерін ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізу қажет. Бұл ұсынысқа қатысушылардың біразы қолдау білдіріп, түркі халықтарының ортақ өнерін халықаралық деңгейде танытуға ынталы екенін көрсетті.
Шеберлік сағаттарында Әзербайжан, Қырғызстан және Өзбекстан шеберлерінің жұмыстары айрықша көзге түсті. Әзербайжандық кесте өнерінің нәзіктігі, қырғыз миниатюрасының дәлдігі, өзбек шеберлерінің өрнек композицияларындағы бай қиял – бәрі бір алаңда тоғысып, түркі халықтарының ортақ эстетикалық тамырын тағы бір мәрте әйгіледі. Географиялық аймақтың ерекшелігі ою-өрнекке, түс таңдауына, техникалық тәсілге қалай әсер ететіні жөніндегі пікірталастар да қызықты өтті. Бұл басқосу тек өнер үйрету емес, рухани сабақтастық пен мәдени байланыстарды тереңдететін ортақ мектепке айналды.
Форумның ресми жабылу салтанаты ерекше сән-салтанатпен өтіп, қатысушылар еңбегіне лайық марапатталды. Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек форумның табысты өткенін атап өтіп, алдағы жылдары да бұл дәстүр жалғасын табатынына сенім білдірді. Жиынның көркем түйіні ретінде «TURAN» ансамблінің музыкалық-фольклорлық қойылымы ұсынылды. Түркі халықтарының байырғы музыкасы, қылқобыздың сыңғыры, домбыраның шертпесі, сазсырнайдың сырлы үні көрермендерді бір серпілтіп, терең ойға қалдырды.
Шымкентте өткен «MIRAS» түркі сәндік этнодизайнерлер форумы бауырлас халықтардың бірлігі мен өнердегі сабақтастығын айшықтаған, ұлттық мәдениетті жаңа деңгейде көрсеткен маңызды оқиға болды. Бұл басқосу түркі әлемінің сәндік мұрасын жаңа биікке көтеріп, өнер мен руханияттың тоғысқан жарқын үлгісіне айналды. Бүгінгі өнерпаздар өткеннің аманатын арқалап, келешек ұрпаққа жететін рухани көпірді бекіте түсті. Осылайша, Шымкент төрінде өткен бұл форум түркі дүниесінің ортақ мәдени кеңістігін бір арнаға тоғыстырған тарихи жиын ретінде есте қалды.
Гүлжауһар БАЖАҚАЙ
