Редакция таңдауы

«MUFTIYAT CHESS OPEN CUP – 2025» турнирі өтті

Халықаралық шахмат күніне орай Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 35 жылдығына арналған «Muftiyat Chess Open Cup – 2025» турнирі өтті.

Турнирді Қазақстан шахмат федерациясы ұйымдастырды. Жарыс дін мен дәстүр сабақтастығын сақтай отырып, имамдар арасында зияткерлік ойынды кеңінен насихаттау мақсатында қолға алынған. Сонымен қатар, шахмат арқылы логикалық ойлауды дамыту, бірлік пен ынтымақтастықты арттыру көзделді.

Шымкент қаласы орталық мешітінің наиб имамы Ахметжан Пірәліұлының айтуынша, бұл – қалада алғаш рет өткізіліп отырған ауқымды діни-шахматтық шара. «Біздің Бас мүфтият дін мен дәстүр ұстанымына әрдайым айрықша көңіл бөліп келеді. Соның аясында спорттық, мәдени, қоғамдық бағыттағы пайдалы бастамалар қолға алынуда. Мемлекет басшысы да шахматты дамыту жөнінде бастама көтеріп, бұл ойынды мектеп бағдарламасына енгізу ұсынысын қолдағаны белгілі. Біз де елдік бастамадан қалыс қалмай, имамдар арасында шахмат турнирін өткізуді жөн көрдік», – дейді ол.

Турнирге Шымкент қаласының мешіттерінен 30-ға жуық имам қатысты. Жалпы, қалада 200-ден астам имам қызмет атқарса, оның ішінде 40-қа жуығы шахмат ойнауды меңгерген. Турнир рапид (жылдам шахмат) форматы бойынша өткізілді. Әр ойыншыға 10 минуттан уақыт берілді. Бес тур нәтижесінде жеңімпаздар анықталып, үздік қатысушыларға жүлделер табысталды.

«Бір партиясы бірнеше сағатқа созылатын классикалық форматқа қарағанда, рапид турнирді бір күнде өткізуге мүмкіндік береді. Сондықтан бұл – бүгінгі шара үшін тиімді нұсқа болды», – деді бас төреші Бекзат Дәулетов.

Жарыстың жүлде қоры – 200 000 теңге. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ақшалай сыйлықтар мен алғыс хаттар табыс етілді. Имамдар арасында алғаш рет ұйымдастырылған бұл шахмат турнирі дін мен спорттың өзара үндестігін көрсетіп, келешекте дәстүрлі шараға айналуы мүмкін екендігін көрсетті.

Гүлжауһар ТЕМІРХАНҚЫЗЫ

Соңғы жаңалықтар