Жаз – демалысқа қолайлы мерзім. Бұл мезгілде көптеген отбасы балаларымен саяхатқа шығуды жоспарлайды. Осы орайда, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Шымкент қалалық филиалы ата-аналарға шетелге шығуға қажетті құжаттарды, соның ішінде жаңа туған нәрестеге төлқұжат рәсімдеудің маңыздылығын еске салады.
Филиал мамандарының айтуынша, баланың төлқұжатын туған сәтінен бастап рәсімдеуге болады. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, шетелге шығатын әрбір азаматтың жасына қарамастан жеке төлқұжатының болуы талап етіледі.
Төлқұжат алу үшін ата-ана Шымкент қаласындағы кез келген Халыққа қызмет көрсету орталығына жүгінуі қажет. Осы тұста, өзімен бірге баланың туу туралы куәлігі, ата-ананың бірінің жеке куәлігі, 4 АЕК (15 728 теңге) көлеміндегі мемлекеттік баж салығының төленгені туралы түбіртек болуы керек. Сондай-ақ, құжатты рәсімдеу барысында ата-аналардың бірі болуы міндетті. Ал қызмет көрсету мерзімі 15 жұмыс күнін құрайды.
«Балалар тез өзгеріп, сырт келбеті жиі өзгеретіндіктен, шекара қызметкерлері кейде баланы фотосуреттен тани алмай жатады. Мұндай жағдайда, төлқұжаттың жарамдылық мерзімі әлі аяқталмаса да, оны ауыстыру қажет болады. Төлқұжат 12 жасқа дейінгі балаларға – 5 жыл мерзімге, ал 12-16 жас аралығындағы жасөспірімдерге 10 жыл мерзімге беріледі. Сонымен қатар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, мүгедектігі бар азаматтар, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар төлқұжатты тегін ала алады », – деді Шымкент қалалық филиалының директоры Айнұр Тобаева.
Айта кетейік, Шымкент қаласының тұрғындарына төлқұжатты жедел рәсімдеу қызметі де қолжетімді. Өтініш берушінің қалауы бойынша, қосымша ақы төлеу арқылы құжат 1 немесе 3 жұмыс күні ішінде дайындалады.
«Азаматтарға арналған үкімет»
Шымкент қаласы бойынша
филиалының баспасөз қызметі