2025 жылдың 24 қазанында Шымкенттегі Әл-Фараби кітапханасы бақ қараған Бақтияр Тайжанның сөзі мен сыры үйлескен кереметтей шығармашылық кешін өткіземін деп өзгеше бір әсерлі күйге түсті. Өйткені, белгілі журналист, «Парасат», «Ерен еңбегі үшін» медальдерінің иегері Бақтияр Тайжанның 63 жасқа толған мерейтойына орай «Намысың болсын найзадай!» атты шығармашылық кеші мен кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. Мизам шуағында ұйымдастырылған мағыналы іс-шараға келушілерді «Намысың болсын найзадай!» деген атаудың өзі еліктіріп әкеткені хақ. Қонақтар бірінен соң бірі кітапхананың кіре берісінде мерейтой иесінің суреттері топтастырылған заманауи баннерге естелікке фотоға түсіп жатты.

Мен бұл күні әдейі алдыңғы қатарға жайғастым. Осынау тарихи сәтті, ақжайлау ағаның, ұлағатты ұстаздың абыройы асқақтап, мерейі тасыған тамаша сағаттарды көңіл фотоаппаратыма түсіріп алуға тырыстым. Білесіз бе, мен бұл күні сондай әсерленіп, арқаланып отырдым. Бұл басқосуға кіл абыройлы азаматтар келді. Ірі байрақты бәсекелерден қалмайтын Әбдімәжит Сыздықбеков бастаған нағыз спорт жанкүйерлері, шаһар басшылығы, шенді-шекпенділер, мүйізі қарағайдай қаламгерлер мен атынан ат үркетін спортшылар, қаламды серік еткен жорналшылар қауымы қатысып, ағаны мерейтойымен құттықтап, ақжарма тілектерін жаудырды. Арасында қаланың, ауданнан да келген басқарма басшылары бар. Бірінен кейін бірі Бақтияр Тайжанның иығына шапан жауып, құрмет көрсетіп жатты. «Менің ағам арда азамат қой!» деп біз отырдық мына жақта марқайып. Шынтуайтында, шапан жабу деген қазақтың дәстүрі ғана емес, ағаның қарапайымдылығы мен кәсіпке адалдығына, қазақ журналистикасында салған қайталанбас сүрлеуіне, азаматтық болмыс-бітіміне, ұлт үшін ешнәрседен қаймықпайтын табандылығына көрсетілген ілтипаттың көрінісі.
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек пен Бақтияр Тайжанның аға-іні болып сыйласқанына ширек ғасырға жуықтапты. Яғни, мерейтой иесін танығаны бүгін емес. Содан да болар, Сәрсен Абайұлы әңгімені әріден бастап ағаның спорт саласындағы батпандай салмағы туралы айтты.
–Бүгін саналы ғұмырын қазақ журналистикасына арнаған қаламы қарымды журналистің шығармашылық кешінде ең алғашқы кітабының тұсаукесерінің куәсі болып отырмыз. Ағамыздың шәкірттері 10-15 кітаптан шығарып жатқанда, өзінің алғашқы кітабының енді жарық көруі қарапайымдылығын, жазғанын жаздым деп ешкімге міндет қылмайтынын, елмен бірге жүретінін көрсетсе керек. Біз Бақтияр ағамызды мақтамаймыз, Бақтияр ағамызбен мақтанамыз! Қазақ спорты туралы көптеген көркем деректеріңіз бен мақалаларыңыз, қазақ балуандары мен боксшылары туралы жинақтарыңыз келер ұрпаққа қалдырған мол мұра екені баршамызға аян. Абыройлы белестердің биігінен көріне беріңіз! — деп Б.Байдуллаұлының көптеген мақалалары мен деректерінің қазақ спорты үшін маңызы зор екенін, елге сіңірген еңбегін атап өтті.
Спорт демекші, осы күні Болат Қырықбаев бастаған Біржан Жақыпов қоштаған білекті спортшылар да осы жиыннан табылды. Әншейінде сөзге жоқ, қызыл сөзден қашатын спортшы ағайын соңына дейін тапжылмай отырып тыңдады. Бұл да болса аталған жүздесудің қаншалықты тартымды һәм салмақты болғанын аңғартып тұрса керек.
…Бекзат Саттарханов пен Мұхтархан Ділдәбеков Сидней Олимпиадасынан жеңіспен оралып, әуежайға қонды дегенін естігенде Бақтияр ағамыз үстіне үй киімді іле салып шайтанарбамен құстай ұшып, әуе айлағына жетіп келіпті. Сонда сол кездегі облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Болат Қырықбаев Астана бағытына қарай бет алған ұшаққа Сидней Олимпиадасының чемпиондарының жанына Бақтияр ағамызды да қосып жіберіпті. Әуедегі екі жарым сағатта олардың ата-анасын да сұхбатқа тартып, екі күннен кейін «Жас Алаш» газетінің айқарма бетіне көлдей мақала жариялапты. «Шымкентке өзіміз сыймай қаламыз ғой. Ал сырттан келіп сіңісіп кету оңай емес. Мұның бәрінің артында бір-ақ нәрсені астын сызып тұрып ерекше айтқым келеді.
Ол – Бақтиярдың қарапайымдылығы һәм адамгершілігі» деді Болат Қырықбаев. Кеш мінберінен сөйлеген қайсыбір қонақтың да айтар түпкі ойы осы қарапайымдылық һәм адамгершілік болды.

Сөз кезегі қалалық мәслихат төрағасы Бахадыр Нарымбетовке келгенде: «Журналист ретінде деңгейі қандай жоғары екенін барлықтарыңыз білесіздер. Егер де Бақтияр Тайжан жазушы болғанда, оның қаламынан керемет туындылар жарыққа шығар еді. Себебі, спорттың қай түрі, қай жарыс туралы жазса да, өзіңді сол доданың ішінде жүргендей сезінесің. Қай жерінен кемшілік кеткенін немесе өзіндік ұсыныс-пікірлерін қоса жазған мақаласын оқығаннан кейін әжептәуір сарапшы болып қаласың. Бұл Бәкеңе Алладан берілген дарын. 63-ке дейін Бақтияр Тайжан қандай болса, 63-тен кейін басқа бола берсін. Өмірдің жазылмаған заңы ғой. Бірақ, журналист Бақтияр Тайжан сол күйінде қалуы керек», — деп ағынан жарылды. «Егемен Қазақстандағы» Бақтияр Тайжан мен «Казахстанская правдадағы» Любовь Доброта екеуін егіз деп ойлайтынын, екеуі бір көлікке мініп ап, бір кабинетке кіріп, бір кабинеттен шығатынын, кейіннен әріптес екендіктерін білгенін айтып әзілкеш қалпынан таймаған халық қалаулысы залды күлкімен көмкерді.
–Бәкеңмен мен екі газетте бірге қанаттасып қызмет жасадым. Екеуінде де бұл кісіге орынбасар болдым. Жалпы Бәкеңмен жұмыс істеу деген бір ләззат. Ол – өте оңай. Бұл кісіде қаталдық деген атымен жоқ. Қарапайымдылығымен-ақ сенің жаныңа нұр шашып жүреді. Мен сегіз редактормен қызметтес болдым. Облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде жиырма жыл жұмыс істедім. Бірақ әр редактордың да өзінің жолы, абыройы, ерекшелігі бар. Креслода отырған адамдар негізінде екі топқа бөлінеді. Кейбір адамдар креслоны биіктетеді. Кейбір адамдар креслоның арқасында биіктейді. Креслоның арқасында биіктеген адамдар креслодан түскен күні ол да құлайды. Ал, сол креслоны биіктететін адамдар сол қызметтің атағын да, өзін де биіктетіп кетеді. Мен
Бәкеңді сондай адамның қатарына жатқызамын. Себебі, бұл кісі қай қызметте істесе де, атына, затына кір келтірмей, абыройын сақтап, елдің есінде жақсы адам ретінде қалып келе жатыр, — деп «Қазақстанның құрметті журналисі» Асхан Майлыбаева Бақтияр ағамызбен қызметтес болудың бақыт екенін әсерлене жеткізді.
Журналист Бақтияр Тайжанның бүгінгі ұрпақ білуге тиіс үш ерлігі жайлы жазбасқа болмайды. 43 жылдан бері достықтың алтын көпірін жалғаған Қыдырбек Рысбек досының айтуынша, Бақтияр Тайжан – қайратты қаламгер. Оның қайраттылығы ұлттық күрестің тамырына қан жүргізетін мақала жазып, шарапат тигізгенде бір көрінді. «Жас Алаш» газетінде жарық көрген білікті бапкер, зиялы маман Керей Қойшыбекпен ұлттық күреске байланысты ащы сұхбатынан соң сол кездегі «Атамұра» корпорациясының президенті Мұхтар Құл-Мұхаммед ағамыз қазақша күреске демеушілік етуге даяр екенін жеткізеді. Содан Бақтияр Тайжанның бір мақаласының әсерімен Мұхтар ағамыз Астанада қазақша күрестен ірі турнир ұйымдастырып, сол бәсекенің түйе балуанына көлік мінгізді. Бұл – бірінші ерлігі.
«S.O.S. Лондон Ермаханды сұрайды» деген мақала «Жас Алашта» жарқ ете қалады. «Мақала мазмұны бес құрлықты мойындатып жүрген Ермаханның жалақысы отбасын асырауға зорға жететіні, атақты боксшы білікті дәрігерге зәру, ал ағылшындар Ибрайымовтың алтын басын бағалап, бір миллион долларды қалтасына бермекші болғанын, қысқасы, қазақ қадіріне жетпеген ұлды ағылшындар жарылқамақшы болғанын жазады. Мақала шыққан бойда тағы да Мұхтар Құл-Мұхаммед Ермаханды Бақтияр арқылы алдырады. Мұхтар ағамыз Ермаханның қаржылық проблемасын толық шешіп береді. Алаңсыз жаттығуына жол ашты. Білікті дәрігер де табылды. Құнарлы витаминдер де алынды. Сол дайындықтан кейін 2000 жылы Сидней олимпиадасында топ жарып, Олимпиаданың ширек финалында Хуан Эрнандестен басым түсті. Міне, Бақтияр достың қалың жанкүйерге беймәлім, қазақ үшін қымбат тарихи жеңіске қосқан сүбелі үлесі. Бұл тарихты кейінгі жастар білуі керек», — дейді досы Қ.Рысбек. Бұл – екінші ерлігі.
Ал, үшінші ерлігін мерейтой иесінің сиясы кеппеген су жаңа кітабында әріптесі Абай Балажан былай баяндайды.
«2007 жылы шығар деймін, Төлеби ауданының территориясында орналасқан бүкіл Қазақстан ұлттық құрамасына мүше спортшылар оқу-жаттығу жиынынан өтетін «Бәйшешек» сауықтыру кешені бір дөкейдің жемсауында кететін болды. Билік өкілдері осындай шешім қабылдап қойған. Қазақстанда мұндай сауықтыру кешендері саусақпен санарлық қана, ол кезде тіпті жоқ десе де болады. «Бәйшешек» жекеге кетсе, спортшылардан үлкен нәтижелер күтудің өзі құр қиял болып қалады. Сол жолы да «ЕВРАЗИЯ. KZ» газетіне Бақтияр Тайжан мақала жазып, жойдасыздықтың жолын кесті. Әкімдік қайта шешім қабылдауға мәжбүр болды. Мұны да ұлтқа деген махаббат, туған елге деген перзенттік парыз десек жарасады», — деп Бәкеңнің ұлтқа деген сүйіспеншілігін, журналистік шеберлігін әріптестік лебізбен әдемі жеткізеді.
Иә, кейіпкеріміздің журналистік шеберлігіне, тапқырлығына ешкімнің таласы жоқ шығар-ау!.. Журналистика факультетінде оқығандардан артық жазып, артық пайымдайтынына жылдардың жотасынан қол бұлғайтын мақалалары дәлел. Оның біразы «Намысың болсын найзадай» кітабына еніп отыр. Әсілі, Бақтияр ағамыз мақала жазғанда жанрға салып отырмайды. Төтесінен тартады. Кейіннен оқып отырып нағыз репортаждың, бірде очерктің, тағы бірде корреспонденцияның, арасында журналистік зерттеудің табиғатын танып тұрасыз.
«Жағадан алып жазбайтын, кемшілікті көрсе де, мақтамен бауыздағандай етіп жеткізетін бір журналист болса, ол – Бәкең! Бұл кісі ауданға келсе қуанатынбыз. Себебі, жақсылықты көре білетін, жамандықты байқаса, адамгершілікпен шешуге тырысатын азаматтығы бір төбе!» — деді Қоғамдық кеңес төрағасы Бұқарбай Парманов.
Шығармашылық кеш барысында ән мен жыр да шырқалып, қатысушыларды рухани жаңғыртып, басқосудың мән-маңызын арттырды.
Бақтияр Тайжанның шығармашылығы мен көпжылдық еңбегі туралы айтқанда, оның Қазақстанның басты басылымдарында жарияланған мақалалары мен эсселері ерекше орын алады. Ол «Егемен Қазақстан» мен «Жас Алаш» газетінде ұзақ жылдар бойы қызмет етіп, елдік мәселелерді көтерді. Бақтияр ағамыз Бейжің, Лондон, Рио-де-Жанейро олимпиадалары мен Азия ойындары, бірнеше халықаралық жарыстарда қазақстандық спортшыларды жарыққа шығарды.
«Намысың болсын найзадай» атты Бақтияр Тайжанның алғашқы кітабы спорт саласындағы сайыпқырандар туралы жазылған деректі мақалалар мен эсселерден құралған. Бұл кітапта оның әріптестері мен достарының естеліктері де жинақталған. Кітап қазақ балуандары мен боксшылары туралы деректерді қамтып, қазақ спортының тарихын баяндайды.
Бұл шығармашылық кеш Бақтияр Тайжанның журналистикадағы жетістіктері мен спортқа қосқан үлесін жоғары бағалаудың бір көрінісі болды.
Мөлдір КЕНЖЕБАЙ
