Редакция таңдауы

Нашақорлық – ғасыр дерті

Шымкентте психикалық денсаулық орталығында «Есірткіні тұтынудың зияны және қатерлі зардаптары» тақырыбында семинар‑кеңес және «Өз көзіңмен көр» атты ашық есік күні өтті. Іс-шараға медицина мамандары, құқық қорғау органдары, үкіметтік емес ұйым өкілдері мен еріктілер, сондай‑ақ, колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері, жастар ресурстық орталығының қызметкерлері қатысты.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сүйенсек, 2024 жылы синтетикалық есірткіден әлем бойынша 30 миллионнан астам адам көз жұмған. Батыс елдерінде әрбір жиырмасыншы жас есірткіге тәуелді болса, Қазақстанда ресми есепте тұрған 18 мың адамның шынайы саны он есе көп болуы мүмкін. Синтетикалық препараттардың арзандығы мен оңай таралуы салдарынан олардың тұтыну көрсеткіші жыл сайын 2,5–3 есеге өсуде. Былтыр елімізде 75‑тен астам жасырын зертхана әшкереленіп, жойылған.

Осы күрделі ахуал қоғамның бей‑жай қарамауын талап етеді. Осы мақсатта ұйымдастырылып отырған шара бірінші рет емес. Жыл сайын бір ай нашақорлықпен күрес айлығы өтеді.

Осы айлық аясында өтіп жатқан семинардың ашылуында орталықтың емдеу ісі жөніндегі орынбасары Бағдат Идияев нашақорлықты «ғасыр дерті» деп атап, күрестің басты тетігі – сауатты ақпарат беру екенін айтты. Ал, дәрігер‑наркологтар синтетикалық есірткінің ағзаға әсерін ғылыми деректермен түсіндірді. ЖИТС‑тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығының мамандары нашақорлық пен ВИЧ инфекциясының өзара байланысына тоқталды. Полиция майоры Б.К. Карбеков есірткі қолдану, сақтау және таратудың қылмыстық жауапкершілігін егжей‑тегжей түсіндірді. Сонымен қатар құмар ойынға тәуелділік – лудомания мәселесі де арнайы қозғалды.

– Бұл – тек дәрігерлер мен құқық қорғау органдарының шаруасы емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Әсіресе жастарды ақпараттандыру – басты мақсат. Әрбір азамат нашақорлықтың салдары туралы нақты ақпарат алып, жауапкершілікті сезінгенде ғана қауіпсіз және салауатты орта құра аламыз, – дейді орталықтың бөлім меңгерушісі Мұратбек Нұрмаханов.

Аталған іс-шара – жастардың есірткі мәселесіне көзқарасын өзгертуге, қауіптің алдын алу үшін ақпаратпен қаруландыруға деген мақсатына жетті. Жиын соңында қатысушыларға орталыққа келіп ем алып жүрген азамат бұл жағдайға қалай тап болғандығын әңгімелеп, өз өкінішін жеткізді. Құнды ақпарат пен өмірлік тәжірибе алған жастар сұрақ қойып, пікір алмасты.

Салтанат ЖАМАЛДИНОВА

Соңғы жаңалықтар