Қалалық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен 26 маусым – нашақорлыққа қарсы күрес күніне орай «Таза өмір – сенің таңдауың» тақырыбында мерекелік кеш өтті. Іс-шарада 26 мамыр – 26 маусым аралығында жүзеге асырылған нашақорлыққа қарсы күрес айлығы қорытындыланды.
Айлық барысында жастар арасында зиянды әдеттердің – есірткі, лудомания, буллингтің алдын алу, олар жөнінде кеңінен ақпарат тарату және салауатты өмір салтын насихаттау бағытында түрлі форматтағы кездесулер, тренингтер, көрмелер мен акциялар ұйымдастырылды. Қорытындылау жиынында қалалық Білім, Дене шынықтыру және спорт, Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармалары, сондай-ақ, құқық қорғау органдарының қолдауымен ақпараттық көрмелер көпшілік назарына ұсынылды.
Мерекелік кеште Шымкент қаласы прокурорының орынбасары Марлен Сламбеков, Шымкент қаласы Полиция департаменті бастығының орынбасары Ұлықбек Мылтықов, қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Әйгерім Жұмағұлова жастарды салауатты өмірге үндеп, зиянды әдеттерден аулақ болуға шақырды.
Іс-шара барысында бір айлық акцияға белсене қатысқан еріктілер мен белсенді жастар арнайы марапатталды.
Кештің қорытынды бөлімінде көрермендер арасында «Quiz» интеллектуалдық ойыны ойнатылып, белсенділік танытқан қатысушыларға сыйлықтар табысталды.
Т.ДҮЙСЕНБЕКҰЛЫ