Редакция таңдауы

«Наурыз, наурыз, күн игі…»

Күн мен түн теңеліп, тіршілік атаулы қайта жанданатын Наурыз мерекесі – жаңа жылдың бастауы. Келшектен әрқашан тек жақсылық күткен халқымыз жаңару мен жаңғырудың нышанына айналған Наурызды тойлауға ежелден ерекше назар аударған. Бұл күні араздасқандар өкпе-ренішті ұмытып, қыстан қысылып шыққан ағайын бір-бірімен қауышып, елдің ырыс-несібесі артқан. Жұртшылық қайырымды істер, ізгі амалдар істеп, ағаш отырғызып, бұлақтың көзін ашқан.


Халқымыз сол дәстүрді биыл да жалғастырды. Дәстүрлі ән, күмбірлеген күй, айтыс, ұлттық спорт, ұлттық киім мен дәстүрлі тағамдар – Шымкентте өткен Наурыз мерекесінің ажырамас бөлігіне айнал. Шырайлы шаһардың төрінде өткен Әз-Наурыз қазақ мәдениеті мен салт-дәстүрінің бар асылы мен інжу-маржанын жарыққа шығарды деп сеніммен айта аламыз.

«Наурызнама» – мерекенің көркін қыздырған қойылым

Шымкент қаласында Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы кең көлемде аталып өтті. Мерекелік шаралар таңертеңнен басталып қала тұрғындары мен қонақтары Наурыз мейрамына арналған 450 адамның қатысуымен өткен «Наурызнама» музыкалық-театрландырылған қойылымының куәсі болды.

Сахнадағы мың бұрала билеген бишілер мен көмейінен бал тамған әншілердің өнерін тамашалаған жұрттың көңіл күйі ерекше көтеріңкі еді. Гала-концертте қазақ эстрадасының белгілі өкілдері мен Шымкент қаласының өнерпаздары өнер көрсетті. Бұдан бөлек «Астана» алаңының әр бұрышында ересектер мен балаларға арналған түрлі ойын-сауық бағдарламасы ұйымдастырылды Мәселен бір бұрышта балалар сайқымазақтардың өнерін тамашаласа, енді бірінде жауырыны жер иіскемес палуандар белдесіп жатты. Алтыбақан тепкендер де әсем ән мен тәтті күйдің ырғағына елітіп, әзілі жарасты.

Қазақ эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен концерттен кейін қала әкімі Ғабит Сыздықбеков алаңда тігілген киіз үйлерді аралады. Қала халқымен жүздесіп, арнайы қатысқан іс-шарада қазақтың ұлттық салт-дәстүрлерінің бірі – тұсау кесу рәсімін өткізді. Шаһар басшысы 12 бүлдіршіннің тұсауын кесіп, сәбилерге ақ жол тіледі.

Күндіз басталған Наурыз мерекесі отшашумен аяқталды. Домбыраның күмбірлеген үні, жаңа піскен бауырсақтың аңқыған иісі, балалардың шат күлкісі мен мейрамның атмосферасын сезінген жандардың күлімсіреген жүздері қаланы ерекше сезімге бөлегендей болды. Биылғы мерекелік шаралар мегаполистің барлық аудандарын қамтып, көшелерді, саябақтар мен алаңдарды алып фестиваль қалашығына айналдырды десек артық болмас.

Шаһардың әрбір бұрышында мерекелік кеш ұйымдастырылды. Әл-Фараби мен Наурыз алаңдарында, Қажымұқан стадионында және 14 тұрғын алабында кең көлемде аталып өткен ісшара өзіне тән ерекше бояуымен ерекшеленді. Бір жерде театрландырылған қойылымдар көрсетілсе, екінші жерде ұлттық ойындар мен сайыстар ұйымдастырылған. Алтыбақан тепкен бойжеткен мен бозбаланың күлкісі, балалардың қуанышы, ақ жаулықты әжелер мен ақсақалдардың да басын қосты. Бұл жерде қазақ асханасының хош иісі мұрын жарады. Киіз үйлердегі дастарқандарда қазақтың ұлттық тағамдары молынан жайылған.

Басты шара «Астана» алаңында болды. Мұнда тоғыз киіз үйден тұратын этноауыл бой көтерді. Қонақтарды құшақ жая қарсы алған бүркітшілер, батырлар мен қолөнер шеберлері қазақтың бай мәдениетін тірілткендей әсер қалдырды. Бұдан бөлек, ұлы тұлғаларға – ақындарға, жазушыларға, соғыс қаһармандарына және ұлттық композиторларға арналған көрмелер ұйымдастырылды. Алаңның бір шетінде ұлттық спорт ойындары, цирктік шоу, балаларға арналған шеберлік сабақтары мен креативті индустрия көрмелері өтіп жатса, көк аспанға алып әуе шарлары көтеріліп, мерекенің сиқырлы атмосферасын арттыра түсті. 300 әртістің қатысуымен өткен театрландырылған қойылым көрермендерді тәнті етті. Бұдан кейін сахна төріне Шымкенттің үздік дизайнерлерінің ұлттық киімдер көрсетілімін паш етті.

Кешке қала әкімінің қатысуымен гала-концерт өтті. Мұнда да сахна төрінде қазақтың ұлттық ән жыры, ұлттық биі ұлықталып, көрермендердің патриоттық рухын оятты. Концертте қазақ эстрадасының талантты өнер саңлақтары қатысты. Олардың арасында белгілі әнші Жұбаныш Жексенұлы, Ақбота-Нұр, Бауыржан Исаев, Әбдіжаппар Әлқожа, Дастан Оразбеков, Альзаби, Зируза ғана емес, әлемге әйгілі Джонатан Дассин де бар. Шаһарды шаттыққа бөлеген кештен кейін қала тұрғындары мен қонақтары мерекелік отшашуды тамашалап, ерекше көңіл-күймен тарқасты.

Рухани жаңғыруға бастаған мереке

Наурыз – тек көктемнің, жаңа жылдың бастауы ғана емес, халқымыздың сан ғасырлық мәдениеті мен руханиятын дәріптейтін ұлы мейрам. Бұл күндері тек дастархан жайылып, наурызкөже әзірленіп қана қоймайды, ұлттық құндылықтар жаңғырып, рухани мұралар қайта тіріледі. Биыл Шымкентте Наурыз мерекесі ерекше сән-салтанатымен өтті. Астана алаңында ұйымдастырылған кітап жәрмеңкесі мен қаламгерлермен кездесу – соның жарқын бір дәлелі.

Қалалық кітапханалар жергілікті ақын-жазушылармен жүздесулер ұйымдастырып, оқырмандарға сырласуға мүмкіндік беруде. Бұл – рухани байлыққа сусындаған, кітапты жанына серік еткен жандар үшін үлкен мереке. Қаламгерлермен бетпе-бет кездесіп, олардың шығармашылық жолы, шабыттың қайнары жайлы тыңдау – оқырман үшін керемет сәт.

Ал кітап жәрмеңкесі – нағыз әдебиет сүйер қауымның іздепжүріп кездесер жері. Мұнда түрлі баспалар мен кітап дүкендері өз өнімдерін ұсынуда. Жәрмеңкеден қазақ тіліндегі көркем әдебиет, тарихи шығармалар, ғылыми еңбектер, балалар кітаптары, тіпті сирек кездесетін туындыларды табуға болады. Бұл әдебиетімізді насихаттап, кітап оқуға деген қызығушылықты арттырудың тамаша мүмкіндігі.

Кітап – білімнің кілті, рухани кемелденудің қайнары. Ал Наурыз – жаңару мен дамудың, бірігу мен берекенің мерекесі. Осы қос ұғымның үйлесім тапқан сәті бүгінгі сән-салтанаты жарасқан мереке. Шымкенттіктер мен қала қонақтарын осы рухани мерекенің куәсі болуға шақырамыз! Жәрмеңке күні бойы жалғасады, өзіңізге ұнаған кітапты тауып, рухани азық алуға асығыңыз!

Бесік – ұлттың ұясы

Ана жүрегінен төгілген әлдиден артық әуен жоқ болар әлемде. Бесік жыры – ұлттың мәңгілігінің әуені. Бесік жыры – қазақ халқының сан ғасырлық мәдениетінің алтын арқауы, бабадан балаға мирас болып жеткен киелі мұра. Ана әлдиімен тербеліп өскен ұрпақ ұлттық тамырынан ажырамайды, тілінің уызына қанған бала ұлтының мәйегінен нәр алады.

Наурыз мерекесіне орай өткен байқау осының дәлелі. Ұлттық құндылықтарды жаңғыртып, келер ұрпаққа насихаттауға арналған шараны Қазақтың әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы ұйымдастырды. Бұл байқаудың басты мақсаты – бесік жырын дәріптеу, оның тәрбиелік мәнін көрсету, ананың жүрек жылуын ұрпақ санасына сіңіру.

– Бесік – қазақтың қара шаңырағының киесі, ұлттың рухани тірегі. Бесік жыры арқылы ана баласына махаббатын жеткізеді, өмірге деген сенімін қалыптастырады. Қазіргі заманда бесік жырын айту сиреп барады, ал бұл байқау – сол дәстүрді жаңғыртуға бағытталып отыр, – дейді Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысының орынбасары Мөлдір Оңдасынова.

Байқауға әр өңірден келген өнерпаздар қатысты, атап айтсақ, Алматы облысының «Ақбосаға», Қызылорда облысының «Белес», Түркістан облысы Сайрам ауданының «Шапағат», Арыс қаласының «Қазығұрт», Шымкент қаласының «Бәйшешек» және «Шаңырақ» топтары өз өнерлерін ортаға салды.

Байқау екі кезеңнен тұрады. Әр қатысушы өз өңірінің бесікке байланысты ерекшеліктерін баяндап, ұлттық таным мен дәстүр сабақтастығы туралы ой қозғап, екінші айналымында бесік жырын орындап, оны сахналық қойылыммен байланыстырды.

Әділ қазылар алқасының шешімімен, Алматы облысынан келген «Ақбосаға» тобы бас жүлдеге ие болып, 1 миллион теңге көлеміндегі сыйақымен марапатталды. Олардың орындауындағы бесік жыры көрермендердің жүрегіне жетіп, ұлттық дәстүрдің тереңдігін сезіндірді.

Жас ақындардың жыр сайысы

Наурыз мерекесі қарсаңында Шымкент қаласында «Күміс домбыра» республикалық жас ақындар айтысы өтті. Қаламызда бесінші мәрте өтіп жатқан шара ұлт руханиятының жанашыры, түркітанушы ғалым Бейсенбай Кенжебаевтың 120 жылдығына арналды. Бұл дода – жас ақындарға үлкен мүмкіндіктер алаңы болды. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген 16 жас айтыскер ақын сахнада суырып салмалық пен тапқырлықтың тамаша үлгісін көрсетті.

Қатысушылар 4 айналым бойынша жеребе тарту арқылы жұптасып, өнер көрсетті. Әрбір жұптың айтысы көрермен көңілін тербетерлік өтті. Бұл сайыста сөз құдіретін меңгерген, суырып салмалықтың шыңына жеткен талантты ақындар марапатқа ие болды. Бас жүлде – күміспен қапталған домбыра және 1 000 000 теңге қаржылай сыйақыны Қарағанды облысынан келген жас ақын Нұрмұхаммед Байсүгір жеңіп алды. Сонымен қатар, Астана қаласында өтетін «Алтын домбыра» сайысына жолдама алды. Оның өткір ойлары, ұтымды теңеулері, әзілі жарасқан шумақтары қазылар алқасы мен көрерменді тәнті етті.

«Күй күмбірі» тербеген күн

Наурыз мерекесінде елімізде оқушылар бір мезгілде күй тартты. “Наурызнама” онкүндігі аясында барлық мектептерде республикалық челлендж өтті. “КҮЙ КҮМБІРІ” республикалық домбырашылар челленджіне Шымкент қаласындағы Ы. Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясы қатысты. Білім ордасының “Мұрагер” ансамбліндегі 120 оқушы бір мезетте Құрманғазының “Балбырауын”, “Адай” күйлерін, Ә.Желдібаевтың “Ерке сылқым”, Н.Тілендиевтің “Әл қисса” күйлерін орындады.

Ұлттық спорт дәріптелді

Наурыз мерекесінде Шымкенттегі атшабарда ұлттық спорт түрлерінен жарыс ұйымдастырылды. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген қатысушылар өз шеберліктерін түрлі сындарда көрсетті.

Алдымен үміткерлер атпен кедергілерден секіріп өтіп, шеберліктерін сынады. Бұдан кейін шабандоздардың ептілігі сынға түсті. Олар қысқа уақыт ішінде атпен шауып келіп, жерде жатқан теңгелерді іліп алып, қазақ халқының ат үстіндегі өнерін паш етті. Күш-қуаты мол, батыл шабандоздар аударыспақта белдесіп, ат үстіндегі шеберліктерін тағы бір дәлелдеді. Бұл додада қатысушылардың шапшаңдығы мен айла-тәсілі маңызды рөл атқарды. Сонымен қатар, ұлттық спорттың ажырамас бөлігі саналатын көкпар, қыз қуу секілді сайыстарды да қызыға тамашалаушылар көп болды. Бұл жарыстар көрермендердің делебесін қоздырып, нағыз ұлттық рухтың қаншалықты биік екенін көрсетті.

Салтанат ЖАМАЛДИНОВА,
Дилара БИМЕНОВА,
Жадыра МҮСІЛІМ,
Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

Соңғы жаңалықтар