Редакция таңдауы

«Небір үлкен өзендер, басталады бұлақтан» шымкентте жас ақындарға жігер сыйлаған жыр аламаны өтті

Шымкент төрі тағы бір мәрте сөзбен тербеліп, жырмен жаңғырды. Тәуелсіздік күніне орай ұлттық мұраның мәйегін жас ұрпақ бойына сіңіру мақсатында Жұмат Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының сахнасында өткен «Мен елімді жырлаймын» атты республикалық оқушылар айтысы ел руханиятына ерекше серпін сыйлады. Қала әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған бұл аламанға еліміздің 14 өңірінен келген 16 жас дарын қатысып, қазақтың киелі өнерін жаңа биікке көтерді.

Қазақ халқының рухани дүниесіндегі ең асыл, ең биік өнер саналатын айтыс – тек сөз сайысы ғана емес, халықтың болмысын, мінезін, тарихын, тағдырын, қуанышы мен мұңын, арманын айна-қатесіз бейнелейтін ұлы рухани құбылыс. Ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келе жатқан осы өнер бүгінгі жас буынның жүрегінен де берік орын алғанын оқушылар айтысы айқын аңғартты.

Жыр додасына дайындық желтоқсанның басында Қаратау дәстүрлі өнер мектебінде басталды. Жас ақындар белгілі айтыскерлермен жүздесіп, шеберлік сағаттарына қатысты. Анар Жаппарқұлова, Өміржан Көпбосынов, Біржан Байтуов, Нұрлан Есенқұлов сынды елге белгілі сөз жүйріктері балаларға айтыстың қыр-сырын үйретіп, ақындықтың жауапкершілігін терең ұғындырды. Бүгінде Қаратау дәстүрлі өнер мектебі республикадағы айтыс орталықтарының біріне айналып үлгергені де осы жолғы додада айқын көрінді.

Айтысқа төрелік еткен қазылар алқасы байқаудың салмағын сезініп, жас ақындардың бүгінгі аяқ алысына оң баға берді. Филология ғылымдарының кандидаты, Құрмет орденінің иегері, республикалық айтыстардың жеңімпазы Серікзат Дүйсенғазы төрағалық еткен қазылар құрамында елге танымал айтыскерлер Бекарыс Шойбеков, Жансая Мусина, Өміржан Көпбосынов, Анар Жаппарқұлова болды.

Айтыстың ашылуында сөз алған Серікзат Дүйсенғазы «Ұлы Мұхтар Әуезов айтысты «дала театры» деп бекер атамаған. Бүгінгі балапан ақындардың айтысының қазақтың тұңғыш режиссері, кәсіби театрдың негізін қалаған Жұмат Шанин атындағы сахнада өтуінің өзі үлкен символикалық мәнге ие» деп ұлттық өнердің тағылымын тереңнен қозғады. Оның айтуынша, келешекте Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен еліміздің барлық өңірінде балалар айтысының іріктеу кезеңдерін өткізу жоспарда тұр. Сол ауқымды жобалардың алғашқы қадамы дәл осы шырайлы Шымкент төрінен басталып отыр. Ал бүгінгі сахнада отырған бала ақындар ертеңгі елдің Ертайы мен Жансаялары. Әсіресе, қазақылықтың қайнар бұлағы саналатын бұл өлкеде балалар айтысы әрдайым өтуі керек екенін айтқан ол оңтүстікте айтыс жақсы дамыған бірнеше мектеп барын жеткізді. Мәселен, Қаратау өнер мектебі, облыстық ұлттық мектеп пен айтыс сыныптары жақсы жолға қойылып келеді. Бірақ басқа өңірлерде бұл бағыт әлі де кенжелеп тұр. Сол себепті болашақта оңтүстік өңірден үлгі алып барлық облыста арнайы өнер мектептерін ашып, балаларды кәсіби деңгейде оқытуға күш салу қажет.

Себебі, айтыс – жай ғана далалық өнер емес әрі тек ауызекі сайыс емес, ұрпақ тәрбиесінің ұлы мінберіне жол көрсетер құрал. Бұл қазіргі сахна мәдениетін толыққанды көрсететін үлкен өнерге айналды. Оның ішінде театр да бар, ән де бар, жыр да бар, күй де бар, сөздің дара қуаты да бар. Сондықтан айтыс ешқандай басқа өнерден кем емес, қайта өзіндік ерекшелігімен әлемге үлгі бола алатын құндылық.

Сондықтан да жеті-сегіз сағатқа созылған жас ақындардың сөз бәйгесін көрермен тапжылмай тамашалады. Ақ жаулықты аналар мен ақсақалдар, орта буын мен жастар залды толтырып, жас ақындардың әр шумағына сүйсіне қол соқты. Төртінші сыныптың балдырғанынан бастап 11-сыныптың талапты жастарына дейін сахнаға шығып, суырып салмалықтың, тапқырлықтың, көркем ойдың озық үлгісін көрсетті. Олардың айтысында балалық аңғалдық пен азаматтық ой қатар астасып жатты. Бірі туған жерді жырлады, бірі ел болашағын толғады, бірі ана тілі мен ұлттық құндылықтың қадірін жырға қосты. Сөз арасында әзіл де, уытты қалжың да, әлеуметтік салмақты ой да қатар өрілді.

Айтыстан кейін қазылар алқасының пікірі де көңілге қуаныш ұялатты. Балалардың өнеріне баға берген белгілі айтыскер, ақын Серікзат Дүйсенғазы алдымен іс-шараның ұйымдастырылу деңгейіне жоғары баға берді. Оның айтуынша, Шымкент қалалық әкімдігі бұл додаға кәсіби ақындардың айтысындай мұқият дайындалып, үлкен жауапкершілікпен қараған. Көбіне оқушылар айтысында көрерменнің аздығы алаңдататын мәселе болатын. Ал бұл жолы Шымкент халқы ерекше қолдау танытқанын тілге тиек етті.

Сонымен қатар ол апыл-тапыл сахнаға шыққан балапандардың өлең айтқандағы балаң да болса шынайы, сүйкімді қылықтары талай жанның жүзін жылытқанын жеткізді. «Кейде күлкіден көзге жас алған да сәттер болды. Бұл жасанды әсер емес, бұл өнердің шынайы құдіреті болса керек. Жалпы, айтыскер балалардың сөз саптауы да ерекше назар аудартты. Жас та болса, ойы орнықты, пікірі нық, жауаптары дәл. Қазылар алқасындағы белгілі ақындар мен әдебиет өкілдері бірнеше күн бойы осы айтыстың әсерін айтып тауыса алмады. Былтырғы «Қола домбыраның» жеңімпазы Исламәлі Біржанұлы, биылғы жүлдегерлер Нұрислам Рагатов пен Айша Бақтиярқызы айтыстың көркін қыздырып, елдің ыстық ықыласына бөленді», – дейді ақын Серікзат Дүйсенғазы.

Сондай-ақ, ол бүгінде оқушылар айтысы мемлекет деңгейінде ұйымдастырылып келе жатыр. Бұған дейін Алматы облысында, енді міне Шымкентте жас ақындардың айтысы республикалық деңгейде өтті. Ал бұл айтыс өнері болашағының жарқын екеніне үміт сыйлайтын жақсы нышан.

Айтыстың артында үлкен ұйымдастырушылық еңбек тұрғаны анық. Бұл істің басы-қасында айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы тұрғанын жеткізіп, Жүрсін Ерман бастаған, Аманжол Әлтай қолдау көрсеткен 200-ге жуық айтыскерді біріктірген бұл ұйымның болашақ жоспары – жас айтыскерлерді тәрбиелейтін мектепке айналу екенін айтты.

«Айтыстың бас жүлдесін жеңіп алған Айша Бақтиярқызы да бұл жауапты міндетті абыроймен атқарды. Шымкенттен шыққан Әселхан, Таушен сынды апаларымыздың, бүгінгі Ақмарал, Кәрима, Маржан, Анарлар салған жолын жалғайтын жаңа буын өсіп келе жатқаны көңіл қуантады. Соңғы жылдары қыз айтыскерлердің сиреп бара жатқаны алаңдататын. Ал бұл жолғы айтыс қыздардың да сахнадағы салмағы мен әлеуеті жоғары екенін көрсетті», — дейді қазылар алқасының төрағасы Серікзат Дүйсенғазы.

Ал осы жыр додасында тәуелсіз сарапшы болған айтыскер ақын Біржан Байтуов айтыстың маңызын ерекше атап өтті. Оның сөзінше, бұл Шымкент қаласы әкімдігінің тікелей қолдауымен республикалық деңгейде алғаш рет өткен үлкен мәдени бастама болып отыр. Осы ұсынысты қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлына жеткізгенде, ол бірден қолдау көрсетіп, нақты тапсырмалар берген.

«Әрине, кез келген жаңа бастамада кемшілік болмай тұрмайды. Бірінші рет өткізіліп отырған соң біз барлық оқушымен алдын ала толыққанды жұмыс жүргізіп үлгермедік. Соған қарамастан, еліміздің әр өңірінен мүмкіндігінше мықты балаларды іріктеуге тырыстық. Бұған дейін Алматы мен Астана қалаларында өткен ірі оқушылар айтыстарына арнайы мамандар жіберіп, қандай жүйе бар, қандай дарынды балалар өсіп келе жатқанын зерделеттік. Алматыдағы айтысқа, сондай-ақ министрлік ұйымдастырып келе жатқан «Қола домбыра» жобасына да арнайы бақылаушылар барып, тәжірибе жинақтады. Нәтижесінде жаңа өсіп келе жатқан жас ақындардың тізімі жасалды. Айтыс қарсаңында Қаратау дәстүрлі өнер мектебінде арнайы шеберлік сағаты ұйымдастырылды. Онда белгілі ақындар оқушыларға талап-тәжірибе, айтыстың жауапкершілігі туралы бағыт-бағдар берді», – дейді Біржан Байтуов.

Оның айтуынша, айтыс барысында бір-екі оқушының махаббат тақырыбына соққаны болды, бірақ бұл шектен шыққан жоқ. Себебі қазылар алқасының құрамында ірі ғалымдар, қоғам қайраткерлері, айтыстың қыр-сырын жақсы меңгерген тәжірибелі азаматтар, қазақ айтысының марқасқалары отырды.

Осылай деген сарапшы «айтыс жалаң тақырыпты бастан-аяқ тізбектеп жырлай беру емес» деп отыр. Кейбір көрермен мұны толық түсіне бермейді. Ақын тақырыпты аша отырып, тыңдарманның да көңілінен шығуы қажет. Көрерменді жалықтырмай, әзілмен, уытты қалжыңмен әрлеп отыру – айтыстың табиғатына тән құбылыс. Сондықтан мұнда ешқандай артық сөкеттік жоқ.

Ұйымдастыру мен тақырыптық мазмұн жағынан белгілі бір кемшіліктердің кеткенін де алға тартқан айтыскер ақын «Бұл алғашқы қадам. Ең бастысы, үлкен бастама жасалды. Биыл кеткен кемшіліктер келесі жылы ескеріліп, түзетіледі деп сенеміз. Өйткені сын түзелмей, мін түзелмейді. Биыл Шымкентте үш деңгейлі айтыс жүйесі қалыптасты: оқушылар айтысы, жастар айтысы және ересектер айтысы. Осының өзі жас ақындардың үлкен буынын қалыптастыру жолындағы нақты қадам екенін аңғартады. Сонымен қатар біз былтырдан бастап «Жеребенің жүйрігі» атты қалалық жас ақындар айтысын тұрақты түрде өткізіп келеміз. Бұл жобаның басты ерекшелігі, ақындар алдын ала жұпталмайды. Сахнада жеребе арқылы қарсыласын бір-ақ біледі. Олимпиадалық жүйемен бағаланып, жеңімпазға 100 мың теңге сыйақы табысталады. Бұл формат жас ақындарды шыңдаудың үлкен мектебіне айналды. Ай сайын үздіксіз жаттығудың арқасында олардың деңгейі айтарлықтай көтерілді», – дейді Біржан Байтуов,

Айталық, өңірдегі Қаратау өнер мектебінің шәкірттері республикалық деңгейде топ жарып жүр. Мәселен, былтыр алғаш рет өткен «Қола домбыра» байқауында Исламәлі жеңімпаз атанған. Алматыдағы айтыста Аятолла Мәжит бірінші орын алса, бұл жолы бас жүлдені иеленген Айша Бахтиярқызы да осы Қаратау мектебінің түлегі. Ал Бағдәулет Махан Ақмола облысында өткен «Ақберен» республикалық байқауында айтыс номинациясында екінші орынға ие болыпты. Бүгінде айтыс өнеріне жас буындарды баулып жүрген мектепте мықты ақындардың шоғыры қалыптасып келеді екен. Алдағы уақытта бұл қатарға тағы бірнеше дарынды бала қосылуға дайын тұр. Осының өзі ата-бабаның қанымен дарыған ұлттық өнердің қадір-қасиетін ұғынып келе жатқан бала ақындардың қатары көбейіп келе жатқанын көрсетіп отыр.

Айтысқа қатысқан жас ақындардың өз пікірлері де ерекше әсер қалдырды. Түркістан облысынан келген Болат Мейіржан айтысқа екінші сыныптан бері қызығып, сегізінші сыныптан бастап үлкен додаларға қатыса бастағанын айтты. Өнерге деген құштарлықтың отбасынан бастау алатынын, болашақта осы саланы кәсіби тұрғыда жалғастырғысы келетінін жеткізді. Ал астаналық Айғаным Дидарқызы айтыстың оның бала күнгі арманы болғанын, ұлттық өнерге деген махаббаттың оны осы жолға алып келгенін тебірене жеткізді.

Бүгінгі жас айтыскерлерге қарап отырып, бір шындыққа анық көз жеткізесің. Үлкен өнер ешқашан бір күнде пайда болмайды. Бұл алдымен жүректегі мұраттан туады, көкейдегі сауалдан нәр алады, содан соң ғана тамшылап бастап, арындап бұлақ болып ағады. Ал, сол бұлақ ертең бір арнаға тоғысып, үлкен дарияға айналуы – өмірдің бұлжымас заңы. Бүгін домбырасын қос қолына алып, сахнаға қорқақтай қадам басқан балалардың ертең ел алдына шыққанда еңсесі биік, үні мығым, сөзі салмақты үлкен ақынға айналары анық.

Ақын Мұхтар Шахановтың «Ән туады мұраттан, Ой туады сұрақтан, Небір үлкен өзендер, Басталады бұлақтан» деген жолдары дәл осы жас айтыскерлерге қарата айтылғандай болды. Өйткені олар қазақ өнерін өрге сүйрейтін, ұлтымыздың рухани иммунитетін күшейтетін, сөз өнерінің шырағын өшірмей, қайта маздата түсетін руханияттың сақшылары. Айтыс арқылы олар әділ сөйлеуді, шындықты тайсалмай айтуды, елдің мұңын жырлауды, халықтың қуанышын бөлісуді үйреніп келеді. Шымкент төрінде өткен оқушылар айтысы сондай үлкен жолдың бастауында тұрған, мәні терең, салмағы ауыр рухани оқиға болды. Ал осындай ұлттық өнердің тамырына қан жүгірткен, жас таланттарға сенім берген, елдің еңсесін тіктеген жыр додасына куә болған көрерменнің де бойында сөзсіз ұлттық рух оянып, келешекке үмітпен қарағаны анық. Олай болса, халықтың ықыласы, мемлекеттің қолдауы, ұстаздың еңбегі тоғысқан жерде айтыстың келешегі күмәнсіз жарқын боларына шүбә жоқ.

 

Жадыра МҮСІЛІМ

 

Соңғы жаңалықтар

betwinner melbet megapari megapari giriş betandyou giriş melbet giriş melbet fenomenbet 1win giriş 1win 1win