Редакция таңдауы

«Өлмейтұғын артында сөз қалдырған… »

Абайдың өлеңдері сахна төрінде жаңғырып, залды терең толғанысқа бөледі. Көрермен ұлы ойшылдың өмір жолын бейнелеген әсерлі көріністің куәсі болды. «Абай әлемі» республикалық байқауының қорытынды кеші, дәл осылай, Абай рухымен басталды.

Енді бәрін рет ретімен әңгімелесек… Ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы Шымкент қаласында нағыз рухани-мәдени мерекеге айналды. Қаладағы Абай саябағында хакімнің ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков бастап, қаланың зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері, ғалымдар, жоғары оқу орындарының ректорлары, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың басшылары, ҚХА өкілдері мен этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, белсенді жастар және қала тұрғындары ескерткішке гүл шоқтарын қойып, ақынның рухына тағзым етті.
Ақын ескерткіші алдында бүлдіршіндер ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Олардың балғын дауыстары жиналғандардың жүрегіне жылу сыйлады. Мерекелік рәсімде Абайдың мәңгілік жырлары әуеге қалықтап, тыңдаған жанның жүрегіне мейірім мен терең ой ұялатты.
Мұнан кейін тағылымды іс-шараға жиылған көпшілік саябақтағы «Хакім Абай» музейін аралап көрді. 2009 жылы ашылған бұл музей «Абай заманы» залы, «Хакім Абай» залы, «Абайтану» залы және галерея секілді бөліктерден тұрады. Музейге келушілер ақынның шығармаларымен, аудармаларымен және Абай өмір сүрген замандағы қазақ халқының тұрмыс-салтымен таныса алады.
Музейді аралап, рухани нәр алған қонақтар одан әрі Шымкенттегі Көрме орталығында «Ұлы Даланың Ұлы Абайы» атты көрмемен танысты. Онда Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін экспонаттар қойылған.
Рухани-мәдени мереке мұнан әрі республикалық “Абай әлемі” байқауына жалғасып, ақын тойының шаттығы қаладағы барлық мәдени ошақтарда ән мен жыр болып өріліп, думанды мереке ретінде өтті.
Ұлы ойшылдың әдеби-рухани мұрасын дәріптеп, халықтың таным көкжиегін кеңейту, көркем әдебиетке құштарлықты арттыру мақсатында ұйымдастырылған байқаудың алғашқы кезеңі 1 маусым мен 15 шілде аралығында өткен болатын. Салтанатты жиында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек хакім Абайдың қазақ руханиятындағы орны мен жас ұрпаққа рухани-адамгершілік құндылықтарды сіңірудегі маңызын айрықша атап өтті.
— Ұлы Абай: «Адам баласы адам баласынан ақыл, білім, ар, мінез деген қасиеттерімен озады» деп бекер айтпаған. Бұл байқау – сол қасиеттерді бойына дарытқан дарынды жастардың талантын танытатын үлкен алаң, – деді ол.
Үшінші жыл қатарынан өткізіліп келе жатқан «Абай әлемі» байқауы – Абай мұрасын насихаттаудың жарқын үлгісі. 2023 жылы ХҚТУ аға оқытушысы Мақсат Айтжанов, 2024 жылы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің баспасөз хатшысы, абайтанушы Әзімхан Исабек жеңімпаз атанған болатын. Биыл республикалық деңгейде ұйымдастырылған сайысқа еліміздің түкпір-түкпірінен 18-35 жас аралығындағы 117 үміткер қатысып, оның ішінен іріктелген 26 жас талант финалға жолдама алды. Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Ұлытау, Шығыс Қазақстан облыстары мен Алматы, Астана, Шымкент қалаларынан жиналған жас дарындар Абайдың өлеңдері мен қарасөздерін мәнерлеп оқып, өмірі мен шығармашылығына қатысты тың зерттеулерін ұсынды.
Сахнада Абайдың сырлы әндері шырқалып, залды мөлдір әуен мен терең ойдың арнасына бөледі. Көрермендер ұлы мұраның құдіретіне қанығып, бір сәтке болсын Абай дәуірінің рухын сезінді.
Байқау мәресіне жетіп, сахнада жеңімпаздардың есімдері салтанатты түрде жарияланды. Қатысушылардың арасынан шын жүйріктер ғана оза шапты. Соның ішінде 6506 әскери бөлімінің қызметкері Мәлік Бекжан шеберлігімен де, жігерімен де ерекшеленіп, бас жүлдені жеңіп алды. Ол 1 миллион теңгелік ақшалай сыйлыққа ие болды. Ал, Батыс Қазақстан өңірінен келген Азат Мыңбаев тамаша өнерімен көпшілікті тәнті етіп, бірінші орынды қанжығасына байлады. Оның жүлдесі – 700 мың теңге. Осылайша, байқау өз мәресіне жетіп, жеңімпаздар мерейі үстем, көрерменнің көңілі көтеріңкі күйде тарқасты.

Салтанат ЖАМАЛДИНОВА

Соңғы жаңалықтар

betwinner melbet megapari megapari giriş betandyou giriş melbet giriş melbet fenomenbet 1win giriş 1win 1win