Киіз туылдырықты қазақтың басынан алағай да бұлағай талай заман өтті. «Балапан басымен, тұрымтай тұсымен кеткен» сол кер заманның өзінде тектілігін жоғалтпаған ұлттар санаулы болса, бірегейі – қазақ.
Бақтияр ТАЙЖАН
Оны сонау репрессия жылдары Қазақстанға тағдыр талайымен келген ұлттар мен ұлыстардың өкілдері әлі күнге дейін айтады. Әлеуметтік желіде жетпісті алқымдаған бір әзірбайжан ақсақалының солқылдап жылап тұрғанын көрдік.
1937 жыл. Әке-шешесінен көз жазып қалған бала үркіншілікке ұшыраған, өз елі, өз жерінен күштеп шығарылған қандастарымен бірге қазақ даласына айдалып келеді. Күзгі уақыт. Арқаның аязы үстіндегі жұқа лыпасымен ғана келген босқындарды жапырақтай қалтыратады. Жетім баланы бір қарт үйіне жетектеп әкетеді.
Балаларымен бірге жатқызады. Түнде далаға шыққан қария жетім баланың көрпесіз, тоңып жатқанын байқайды да бір баланың үстіндегі шекпенді алып әлгі баланың үстіне жабады. Оны көрген кемпірі: «Шал-ау, не істеп жатырсың? Өз балаңа суық тиіп ауырып қалса қайтесің?» дейді. Сонда ақсақал: «Сөйлеме. Менде бала басы жетеді. Ал, мына бала – бір отбасының жалғызы. Ол ауырып өлер болса, бір әулеттің отының өшкені. Ал, мен сонда Алла алдында не деп жауап беремін» депті.
Бүгінде ақар-шақар отбасының иесі, алып бәйтерекке айналған әлгі әзірбайжан қария «Сол жетім бала мен едім. Сол ақсақал болмағанда тірі қалуым екіталай еді» деп қазақ халқына алғыс айтып, егіледі.
Неге екенін, өз ұлының үстіндегі шидем тонды алып жетімге жапқан сол қарияны өз басым бүгінде ортамызда жүрген Сексенбай ағаға ұқсатам. Сексенбай Тұрысбеков ағамызға. Құдай ондай күнді көрсетпесін. Аузынан Алласы түспейтін Сексенбай аға дәл солай істеріне түк те күман жоқ. Біздің қазақтың киесі осылай үндемей жүріп-ақ үйдей істі тындыратын қасиетті қара шалдарында ғой.
Сексенбай аға туралы жұрт айтатыны: биязы, кішіпейіл, дегдар. Біліп сөйлейді. Пендешілігі жоқ. Жасы кішіге қамқор. Қолынан келсе, ешкімнен көмегін аямайды.
Жеке басының жақсы қасиеттерін осылай жалғай беруге болар еді. Бүгінде ата-бабасы жөнінде көпсіп сөйлеп, екінің бірі әулие, байдың тұқымы болып жүргендер көп қой. Ал, бұ кісі…
Созақ ауданы, Жыныс ата ауылының тумасы. «Әкем Тұрысбек шаруа адамы еді, – дейді өзі. – «Мен Сталинмен жастымын» дейтінін сан рет естіген едік. Соған қарағанда 1879 жылғы болу керек. Екі рет шаңырақ көтеріпті. Бір ұл, екі қызы болған. Әнәпия, Сарыкүл деген әкпелерімізді көрдік. Әкеміз он саусағынан өнер тамған зергер кісі болған екен. Жалғыз ұлы қайтыс болғанда жер бауырлап жатып қалыпты. Зергерлік өнеріне енді қайтып оралмапты. Қазақ үшін шаңырақтың иесі ұлдың орны бөлек.
Есін жиған соң екінші рет үйленеді. Сексенбай ағаның анасы Төлебике, Төкен он тоғыз құрсақ көтерген екен. Ел ішінде шешек, оба сияқты аурулар көп. Сегізі жер басады. Әйтсе де Секеңнің екі інісін кейінірек қызылша алып кетеді. Тұрысбек қария зергерлігін қойған соң атқа ер шабар екен. Балаларын ертіп Қаратаудың қойнауын аралап, алып қараталды балталап құлатады. Сыналап жарады. Ауылға әкеліп ер шабады. Алып ағаштан жақсы төрт ер шығады. Әрлеу, сырлау, өңдеу аз жұмыс емес. Атына ер керектер іздеп келер екен. Ол кезде қолма-қол ақша жоқ. Ұсақ жандығын тастап алып кетеді. «Әкеміз бізді осы адал еңбегімен асырап жеткізді»,-дейді Сексенбай аға. Сексеннен асқан шағында екі-үш күн ғана ауырып, шоты қолынан түспеген күйі дүниеден өтті».
Тұрысбек қария баласы Сексенбайдан көп үміт күтіпті. Ауылдың үлкені, қариялар бас қосқанда тізесін бастырып, қасынан шығармас екен. Құйма құлақ бала үлкендердің тәрбиесін алсын, аталы сөзін тыңдасын дегені болар.
Ауылдың Сыдықбек молдасы құран оқиды. Тұрысбек қария өтініш айтып, «бірер аятты Сексенбайға жазып бер, құран оқып үйренсін» дейді. Кейін баласына оқытады.
Аллаға жүрегімен жақындау осылайша басталған екен. Әке-шешесінен жақсы тәрбие алған бозбаланың ел ішінде абыройы биік.
Алғашқы жылы жоғары оқу орнына табан тірей алмағанда мойымады. Оңтүстіктің ақ алтыны, үлкен байлығы – ақ мақта. Ел болып кірісетін тірлік. Созақтың ауа-райы мақтаға тиімсіз болғанымен, Мырзашөл сияқты өңірлерге адам күші көп керек. Жыныс ата ауылынан аттанған 55 жұмысшыға Калинин атындағы совхоздың директоры Қаратай Қошкеев Сексенбай Тұрысбековті жетекші етіп бекітеді. Ильич ауданында екі ай терімде болғанда жас та болса іскерлігімен көрінген Сексенбай Тұрысбековті аудан басшылары байқайды. Созақ аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары Ізберген Жүсіпов пен аудандық комсомол комитетінің бірінші басшысы Закреддин Байдосов жігерлі жастың комсомол комитетінде жұмыс істегенін мақұл көреді. Нұсқаушылық жұмысқа қабылданады. Келер жылы әскер қатарына шақырылады. Бастапқыда Түркіменстанға түскен жас жауынгер Германия қаласына жөнелтіледі. Үш жыл солдат шинелі, керзі етік.
Мұнда да жақсы жағынан танылыпты. Аға сержант КПСС мүшелігіне үміткер болып қабылданған. Тындырымды жігіт дайындық курсына жазылады.
Ауылдан құжаттарын алдырып оны Шымкенттегі педагогика институтының тарих факультетіне жібереді. Әскери мерзімі бітіп, гимнастеркасын шешпеген күйі Шымкенттегі институтқа келеді. Соңғы емтихан. Тарихтан сынақты институт ректоры Байзақ Ермекбаевтың өзі алады. Өзгелерден ерекшелеу көрінген солдаттың жауабына сүйсінген ректор ауылға әлі бармағанын естіп, «оқуға түстің. Бұйрық кешірек шығады. Бірақ, 28-і тамыздан қалма. Жатақханадан орын аласың» дейді. Сабақты алымды, жастар ісінде белсенді Сексенбай Тұрысбековті студенттер қолдап, факультет комсомол студенттер комитетінің хатшысы етіп сайлайды. Бірінші курста жоғары стипендиат болған Тұрысбеков екінші курстан бастап Жамбыл Жабаев атындағы дербес степендиямен оқыған.
Институтты үздік дипломмен бітірді. Ректорат «осында қалып, оқытушы боласың» дейді. Тамыр, таныстық, жең ұшынан жалғасу қай халықта да бар ғой. Бір аптадан кейін барса үздік студенттің оқытушылық орнын жоғарыдан келген дөкейдің кадры алып қойыпты.
Осылайша, әділетсіздікті көрген жастың әрі қарайғы жұмысы комсомол, шаруашылықты басқару және партиялық жұмыспен өріледі.
Жақсы ағалардың өнегесін көрді. Созақ ауданында он сегіз жыл бойы аупарткомның І хатшысы болған Бәкір Ахметов, аудандық атқару комитетінің төрағасы Білал Намаев сияқты ел ағалары жігерлі жасты қамқорлығына алды.
Әуеліде аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшылығына сенім білдірді. Кейінірек, Энгельс атындағы совхоздың партия комитетінің хатшысы болды.
Партиялық қызметпен шектеліп қалмай, шаруашылық жөніндегі білімін тереңдету үшін Қапланбек зоотехникалық-малдәрігерлік техникумында оқып, оны үздік бітірді. Міне, осындай тынымсыз еңбектің нәтижесінде «Энгельс» совхозы бесжылдықтың қортындысы бойынша бүкілодақтық социалистік жарыстың жеңімпазы атанып, КПСС ОК, ВЦСПС және ВЛКСМ Орталық Комитетінің Ауыспалы Қызыл туын жеңіп алды. Осы жетістігі үшін совхоз директоры Еңбек Қызыл Ту орденімен, ал, Сексенбай аға «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Бұдан кейінгі бесжылдық та табысты болды. Оның қортындысы бойынша Сексенбай Тұрысбеков «Еңбектегі ерлігі үшін» медалін кеудесіне тақты.
Кейінірек қолы, ары таза жас маман Созақ аудандық халықтық бақылау комитетінің төрағасы қызметіне ұсынылды. Аудандық партия комитетінің бюро мүшесі, аудандық атқару комитетінің мүшесі болып сайланды.
Жаңа қызметтің қыр-сырын терең меңгеру үшін Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтының экономика факультетін сырттай оқып бітірді. Бұл кезде Бәкір Ахметов зейнеткерлікке шығып, орнына аупарткомның бірінші хатшысы болып Досыбай Шерімқұлов келген.
Бір күні ол Сексенбай ағаны өзіне шақырып: «Секе, мына «Қаратау» совхозының басшылары түгелдей істі болып, сотталып, бүкіл аудан атына кір келтіргенінен хабардар шығарсыз. Осындай қиын жағдайда совхозды сіз сияқты тәжірибелі маман ғана қалыпқа түсіре алады. Соған директор болып барсаңыз қайтеді?», – деді. Осылайша, Секең «Қаратау» совхозында жеті жыл бойы директор болды.
– Мен барғанда шаруашылық күйзеліп, адамдардың бәрі басшыларға сенбейтін болып қалған екен,-дейді Сексенбай аға. – Өмірі парторг сотталды дегенді естідіңіз бе? Ол да шопандардың айлық ведомосын сырттан жасап, қол қойдырып, ақшаларын жеп, қылмыс жасауға бірге қатысқан. Осы қылмыс ашылып, директор, парторг, бухгалтер, кассир – төртеуі сотталды. Халықтың толқуын әзер басқанбыз. Сөйтіп шаруашылықты қалпына келтіріп, жұмысшылардың тұрмысын жолға қойдық.
Сол кездері Созаққа басшылар өзге өңірден тағайындалатын. Себеп те бар еді.
1932 жылғы қолдан жасалған ашаршылық қалың қазақты баудай түсіргені мәлім. Кеңес өкіметінің әпербақандары малды ауылға қыста жүн, мүйіз, тұяқ салық салғанымен қоймай, сол малды айдатып алады. Осының бәрін көрген намысты азаматтар «бұндай қорлықты көргенше өлгеніміз жақсы» деп «Аллалап» атқа мінеді. Кеңес конторларын өртеп, бірер белсендіні ат құйрығына байлайды. Пулемет пен зеңбірекке жалаң қылыш, шашақты найза, балта, айырмен қарсы шапқан көтерілісшілер оңбай жеңіледі. Қылышынан қан тамған империяның басшылары «Созақтан басшы шықпау керек» деген үкім шығарады.
Үлкен жиындарда Секең осы мәселені көтереді. Әділетсіздікке күйінеді. Жергілікті кадрларға сенім білдірілуі керектігін баса айтады. Ондай адам жоғарыға қайдан жақсын?!
Созақтан шыққан қайраткерлер көп. Бірегейі, Сталиннің өзі қаймыққан, «қырғыз-қайсақ» аталып жүрген ұлтымызға «қазақ» атауын беруге атсалысқан, ұлтымыз үшін қолынан келгеннің бәрін жасаған Сұлтанбек Қожанов. Ақсүмбе ауылының тумасы.
Ақсүмбе – Сексенбай Тұрысбеков басшылық ететін «Қаратау» совхозының бір бөлімшесі. Үш-ақ кластық бастауыш мектеп бар. Жұрт алаңдаулы. Директорға сегіз жылдық мектеп салып беру жөнінде өтініш білдіреді. Аудандық бюджетте қаржы жоқ. Жағдайдың бәрін көріп отырған совхоз директоры көктем шыққан соң ересек оқушылар мен ауыл азаматтарының басын қосып қам кесек бастырды. Асар. Мектеп жобасын өзі сызады. Прорабқа береді. Совхоздың бюджетінен жырып жүріп мектепті салдырады. 1994 жыл. Сұлтанбек Қожановтың 100 жылдығы. Сексенбай Тұрысбеков алаш ардақтысына бір совхоздың атын берейік деп ұсыныс айтқанымен әуеліде құп көрген «Қаратау» совхозы мен Энгельс совхозы басшылығы үнсіздік танытады. Секең ол кезде «Калинин» атындағы совхоздың директоры. Тұрысбеков тізеге басып отырып совхоздың атын Қожановқа ауыстырту туралы шешімді мақұлдатады. Орталықтағы мектептің атын Сұлтанбек Қожанов атына ауыстырады. Мерейтой қарсаңында Жаңатас қаласынан арнайы мүсінші алдырып, Қожанов ескерткішін жасатады. Бүгінде сол бюст С.Қожанов атындағы Шолаққорғандағы аудандық өлкетану мұражайының алдында тұр. Осынша қажыр қайрат көрсеткен Секең бұл менің еңбегім еді демейді. «Ұйытқы болдық, көтерген халық. Елдің береке-бірлігінен жүзеге асты» дейді.
Бұл – елге болсын дейтін жақсы басшы, жақсы ағаның көп жұмыстарының бірері ғана. Бүгінде сексеннің сеңгіріне жақындаған ақсақал қоғамдық жұмыстардың белортасында жүреді. ҚР Президентінің жарлығымен «Құрмет» орденімен, «Парасат» орденімен марапатталды. Сондай-ақ, ол – Түркістан облысының «Құрметті азаматы». Жұбайы Үрзада Тоқбергенқызы екеуі өнегелі ұл-қыздар өсірді. Екеуін айтайық. Үлкен ұлы Мұхит – бүгінде «Созақтан басшы қоюға болмайды» деп кеңес империясы қызыл сызықпен қоршаған Созақ ауданының әкімі. Іскер азамат. Артынан жақсы сөз еріп жүр. Мағауия – ірі кәсіпкер. Облыстық мәслихаттың депутаты. Бұрын өзі туып өскен өңірге «Ардагерлер үйін» салып бергенін естігенбіз. Биыл ауданға бірталай техника алып берді. Жақсы әке-шешенің тәрбиесі. «Елде болса ерінге тиеді» деген осы.
Баукең, қазақтың хас батыры Бауыржан Момышұлы жасы үлкен қарттарды шал, қария, ақсақал, абыз деп төртке бөлген екен. Отбасы, ошақ қасынан ұзап шыға алмай, түтін аңдып, үй аралап, өсек айтатын қарт – шал. Өз әулетін шашау шығармай уысында ұстап, билік жүргізген қартты қария деген. Тұтас бір ауылдың жоқ-жітігін түгендеп, жыртығын бүтіндеп, азаматын атқа мінгізіп, айдынын асырып отыратын қартты ақсақал деп атаған. Ал, бүкіл елдің сөзін сөйлеп, намысын жыртып, дау-дамайын шешіп, арғы-бергі тарихтан әңгіме қозғап, тұла бойына ұлттық рух, ізгі қасиеттерді молынан сіңірген қартты абыз деп атаған екен.
Өзіміз жақсы білетін Сексенбай аға Тұрысбековтің бойынан Баукең айтқан соңғы қасиетті көп байқап жүрміз. Пайданы емес, арды ойлаған ардақты қарияларымыз аман болсын. Өскелең ұрпақтың бойына ізгі қасиеттерін молынан сіңірсін деп тіледік.