«Әкем өте әділ кісі болған. Ауылда қандай да бір дау бола қалса, бәрі де әкеме келеді екен. Барлық мәселені әділ шешіп отырған ғой. Әкем басқарған жылдары колхозда мал, егін шаруашылығынан мол өнім жиналыпты. Малшылар 100 қойдан 110-120 қозы алады екен.
Соғыстың алдында ауыл адамдары астыққа жарымай, қиналып жатқанда менің әкем қоймадағы барлық астықты ауыл адамдарына таратып беріп, өзі соғысқа сұранып кеткен. Осылайша ауылды ашаршылықтан алып қалған».
Педагогика ғылымдарының кандидаты, ұстаз Айдын Өрісбайқызы ҰОС ардагері, өз әкесі Өрісбай Бәйдібеков туралы осылай тебірене еске алды. Ол кісінің елге болсын деген қызметі, сұрапыл майдандағы ерлігі, перзенттеріне берген өнегесі туралы айтар әңгіме көп.
Өрісбай Бәйдібеков 1902 жылы қазіргі Түркістан облысы, Төлеби ауданы, Ұйымшыл ауылында дүниеге келген. Осы ауылда жеті жасынан мектепке барып, хат танып, мектепті үздік бітірген. Жасөспірім шағында, 15 жасында Азамат соғысына қатысып, 1917-1919 жылдар аралығында екі тап өкілдерінің арасындағы қақтығыстарға куә болды.
Еңбек ерте есейтті. Жұмысты дұрыс ұйымдастырып, елге ерекше қамқорлығын көрсете білді. Осылайша адал еңбекпен, біліктілігімен көзге түсіп, 1930 жылы ауылдық кеңестің төрағасы болып тағайындалды. 1934 жылдан бастап Ұйымшыл колхозының төрағасы болып бекітілді.
1941 жылы ауылдағы талай ер азаматтар соғысқа аттанып жатты. Өрісбай Бәйдібековті аудан басшылары «Елге де тәжірибелі басшылар керек, Сіз соғысқа бармай, елде қызмет етіңіз» деп майдангерлер қатарына алмай қойған. Алайда 1942 жылдың күзінде өз еркімен соғысқа сұранып, майданға кетті.
Майдан шебінде №208 атқыштар бригадасы құрамында болды. Қан майданның ортасында жүріп, талай жарақаттанды. 1943 жылдың сәуірінде оң жақ иығынан тесіп өткен оқ жауырынын ауыр жарақаттаған еді. Сол ауыр жарақатпен №471 жылжымалы госпитальға түседі. Госпитальда емделіп, жарақаты жазылар-жазылмас тағы да майданға аттанады.
Майданда атқыштар дивизиясында пулеметшілердің командирі болды. Мәскеу түбінде шайқасты, Красная поляна ауылын азат етуге қатысты. Берлин түбінде жеңіс жалауын желбіреткенімен, Кеңес Одағы мен Жапония арасындағы текетірес бітпеген еді. Өрісбай Мәскеу қаласында стансадан ауылына қарай жол тартудың орнына, пойызға мініп, Жапония соғысына аттанып кетті.
Ө.Бәйдібеков 1946 жылдың жазында Жапон соғысынан елге оралып, одан әрі қарай елге қызметін жалғастырды. 1946-1965 жылдары Ұйымшыл колхозының төрағасы бола жүріп, ауыл-аудан деңгейінде көптеген игі бастамалардың басы-қасынан табылды.
Бәйдібеков Өрісбай майдан даласынан I дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен, «Қызыл жұлдыз» орденімен, «За победу над Японией» «За отвагу» («Батылдығы үшін»), «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен және бірнеше медальдармен оралды.
– Расында, менің әкем елдің адамы болды. Оның әділдігі мен шыншылдығына көпшілік арқа сүйейтін. Ауыл-аймақта қандай да бір дау туғызған мәселе болса, сотқа да, прокурорға да емес, алдымен, менің әкеме жүгінетін болған. Әкем 6 жасында, әкесі Бәйдібек екеуі 1000 түп өрік ағашын егеді. Сол өріктер ашаршылықта ауылды аман алып қалған дейді. Әкем үйде бүркіт ұстаған, қыста қар жауғанда қасқыр, түлкі аулап келетін. Қасқыр, түлкінің терісінен тон тіккізіп, ауыл адамдарына үлестіріп отырады екен. Сондай-ақ, елуінші жылдары Құдай қосқан жары, анам Тәутешті жолықтырып, онымен отбасын құрды. Анам ауылға мұғалім болып келгенде, оқушыларды оқытатын мектеп болмаған. Ө.Бәйдібеков ауыл балалары тиісті деңгейде білім алуы үшін асарлатып, ең алғаш бастауыш мектепті де өзі салдырған екен, – дейді Айдын Бәйдібекова.
Өрісбай Бәйдібеков «Ұйымшыл» колхозын қырық жыл басқарып, ауылда мектеп, мәдениет ошақтарын, тұрғын үй салдырды. Ұжымшардың әл-қуаты еселеп артты. Осы жемісті еңбегі үшін ол «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, көптеген медальмен марапатталды. Он рет қатарынан аудандық Кеңестің депутаты болып сайланды.
Ө.Бәйдібеков 1976 жылдың күзінде 77 жасқа қараған шағында өмірден озды. Бұл күнде Өрісбай мен Тәутештен тараған он бала азамат болып, елге қызмет етуде. Олардан немере-шөбере тарап, өсіп-өніп отыр.
Өрісбай атамыздың барлық балалары білімді, алды медицина ғылымдарының докторы, профессор. Сонымен қатар, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, мектеп директоры, бас есепші, дәрігер, мұғалім болып елге қызмет етуде. Немересі Гүлісхан Нахбаева Қазақстаннан шыққан шахматтан тұңғыш «Халықаралық дәрежедегі Гроссмейстері» атағын алды.
Биыл – Ұлы Жеңістің 80 жылдығы. Осындай бейбіт өмірге Өрісбайдай майдангерлер өлшеусіз үлес қосты. Соғыстан елге оралып, 10 баланың әкесі болған, өнегелі ғұмыр кешкен абзал азамат жадымыздан өшпек емес.
Биылғы мерейтой аясында артында қалған ұрпақтары барлық мұрағаттық құжаттарды, паспорттарды, ордендерді, медальдарды іздеп, қайта түгендепті. Сөйтсе, майдангердің өз қолымен жазған өмірбаяны табылыпты. Айдын Өрісбайқызы оны көргенде, көзіне жас алып, оның әр сөзін ұзақ оқыпты.
Иә, өмірі өнегеге толы осындай өр тұлғалы азаматтар елдің жадында мәңгі сақталады.
Ә.АЙТӨРЕ