Мемлекет басшысының 2025 жылғы 8 қыркүйекте жарияланған «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауы ел дамуының жаңа кезеңін айқындаған маңызды стратегиялық құжат ретінде қабылданды. Бұл Жолдау цифрлық технологиялардың дамуы, өңірлердің әлеуетін тиімді пайдалану және қоғам өмірінің барлық саласында цифрлық жүйені енгізу қажеттігін көрсетті. Президент атап өткен міндеттер өңірлерде нақты іс-шаралармен жүзеге асуда. Солардың ішінде Шымкент қаласында Жолдау бойынша жүргізілген міндеттер айтарлықтай көп. Бұл туралы Шымкент қаласының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Құдірет Жүсіпов айтты.

Жолдау аясында бекітілген іс-шаралар жоспары Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беруде. Қалада өндірістік, инвестициялық және кәсіпкерлік белсенділіктің артуы байқалып, бұл жалпы экономикалық көрсеткіштерден көрініс тапты.
– 2025 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша қала экономикасының өсімі 14,8 пайызды құрап, Шымкент республика көлемінде алдыңғы қатарға шықты. Бұл нәтиже қаланың экономикалық құрылымының біртіндеп нығайып келе жатқанын, өндіріс пен қызмет көрсету салаларындағы өсімнің жүйелі жүргізілгендігін аңғартады. Өнеркәсіп секторы қала экономикасының негізгі драйверіне айналып отыр. Өндірілген өнеркәсіп өнімінің жалпы көлемі 1,2 трлн теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 14,7 пайызға артқан. Әсіресе, өңдеу өнеркәсібінде айтарлықтай өсім тіркеліп, бұл саладағы өндіріс көлемі 16,5 пайызға ұлғайған. Қала экономикасында өңдеу өнеркәсібінің үлесі шамамен 90 пайызды құрап, Шымкентті еліміздің ірі өндірістік орталықтарының біріне айналдырды. Қалада өндірілетін өнім түрлерінің кеңеюі ішкі нарықты қамтамасыз етумен қатар, экспорттық әлеуетті де арттыруға мүмкіндік беріп отыр. Бұл негізгі жобалардың барлығы халықтың экономикалық әл-ауқатының жақсарғандығын көрсетеді, – дейді Құдырет Жүсіпов.
Жалпы, экономикалық өсім шетелден келген белді кәсіпкерлердің инвестициялық жобаларының көбеюмен де байланысты. Осы бағытта Шымкент қаласында жүйелі жұмыстар атқарылып, нақты нәтижелер көрініс табуда. Мәселен, соңғы үш жылда қала экономикасына жалпы көлемі 2 трлн теңгеге жуық инвестиция тартылған. Бұл Шымкенттің тұрақты дамып келе жатқанын көрсетеді.Шымкент қаласының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Құдырет Райсұлы биылғы жылдың алғашқы алты айында қалаға 64,8 млн АҚШ доллары көлемінде тікелей шетелдік инвестиция тартылып, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 1,5 есеге артқанын айтты. Тартылған шетелдік инвестицияның басым бөлігі, яғни, 56 пайызы өңдеу өнеркәсібіне бағытталған, ақшалай есептегенде бұл 37,5 млн АҚШ долларын құрайтын көрінеді.
Жолдауда жүктелген тағы бір маңызды міндеттердің бірі – өңдеу өнеркәсібін дамыту және осы салаға инвестиция тарту. Қазіргі таңда өңдеу өнеркәсібі Шымкент экономикасының негізгі тірегіне айналып, жалпы өнеркәсіп өнімінің 89,7 пайызын құрайды. Өнім көлемі 1,1 трлн теңгеге жетіп, бір жылда 16,5 пайызға артқан. Шымкент қаласы мақта майы, мақта мата, дәрілік заттар, күнбағыс майы, мотор отыны, шыны ыдыс, шай мен кофе, цемент және тыңайтқыш сияқты өнімдер өндірісінде республика бойынша жетекші орынға ие. Биыл қалада жалпы құны 63,8 млрд теңгеге тең 20 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Жыл басынан бері 47,1 млрд теңгенің 10 жобасы іске қосылып, нәтижесінде 417 жаңа жұмыс орны ашылды. Бұл шаралар халықты жұмыспен қамтуға, әлеуметтік тұрақтылықты арттыруға және Шымкенттің инвестициялық тартымдылығын күшейтуге ықпал етуде. Жалпы, Жолдауда қойылған міндеттер Шымкент қаласының экономикалық дамуына серпін беріп, өңдеу өнеркәсібі мен инвестициялық ахуалды жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік жасап отыр.
Сондай-ақ, шағын және орта кәсіпкерлік саласының дамуы да қала экономикасына елеулі үлес қосып отыр. Қалада тіркелген кәсіпкерлік субъектілерінің саны 141 мыңға жетіп, оларда 250 мыңнан астам адам еңбек етеді. Соңғы үш жылда шағын және орта бизнес өндірген өнім көлемі 6,7 трлн теңгені құрап, жалпы өңірлік өнімнің жартысынан астамын қамтамасыз етті. Жыл басынан бері кәсіпкерлікті дамыту үшін 11,9 млрд теңгеге 1971 жобаға қолдау көрсетілген. Мемлекеттік қолдаудың арқасында кәсіпкерлердің қаржылық мүмкіндіктері кеңейіп, жаңа бастамаларды іске асыруға жол ашылды.

Президент Жолдауында ерекше мән берілген бағыттардың бірі – цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларын енгізу. Шымкент қаласында бұл бағытта нақты нәтижелер байқалып отыр. Денсаулық сақтау саласында жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін ақпараттық жүйелер енгізіліп, медициналық диагностика мен емдеу сапасын арттыруға мүмкіндік берді. Ауруларды ерте кезеңде анықтау көрсеткіштері жақсарып, медициналық қызметтің тиімділігі артты. Мәселен, денсаулық сақтау саласында инсультті жедел анықтайтын, диагноз қоюға көмектесетін және медициналық ақпараттарды автоматты түрде талдап, қатерлі ісіктерді, өкпе ауруларын, жүрек-қантамыр жүйесі патологияларын ерте анықтайтын «PACS Systems» жасанды интеллект ақпараттық жүйесі енгізілді. Бұл тұрғындардың өмір сапасына тікелей әсер ететін маңызды өзгерістердің бірі болып саналады.
Білім беру саласында да цифрлық технологиялар кеңінен қолданылуда. Қалада робототехника дағдыларын дамытуға бағытталған орталықтар ашылып, оқушылардың техникалық және инженерлік қабілеттерін дамытуға жағдай жасалды. Барлық мектептердегі бейнебақылау жүйелерінің орталықтандырылған басқару жүйесіне қосылуы қауіпсіздікті күшейтіп қана қоймай, білім беру процесін бақылаудың жаңа деңгейін қалыптастырды. Сонымен қатар, Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына қосылған, заманауи интеллектуалды жүйе «Айқын» жобасы жүзеге асырылуда. Бұл бастамалар жас ұрпақтың заманауи технологияларға бейімделуіне ықпал етіп келеді.
Биыл Шымкент қаласында 1 375 мың шаршы метр тұрғын үйді тапсыру жоспарланған. 10 айдың қорытындысы бойынша 982 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Осы көрсетілген көлемнің 67 пайызын жеке құрылысшылар салған, яғни тұрғын үй нарығында жеке сектордың үлесі басым. Бюджет есебінен 34 тұрғын үй құрылысы жүргізіліп, пайдалануға беріліп, әлеуметтік осал топтарға арналған 1 523 жалдамалы пәтер сатып алу көзделген.
Бүгінде елді-мекендердің инженерлік инфрақұрылыммен қамту деңгейі жоғары көрсеткішті көрсетіп отыр. Тұрғындардың 99,5 пайызы ауыз сумен, 100 пайызы электрмен, 97 пайызы табиғи газбен және 100 пайызы көше жарығымен қамтамасыз етілген. Қалада халық санының өсуіне байланысты электр энергиясына сұраныс артып келеді. Электр тапшылығын азайту мақсатында «Ақжар» және «Қазығұрт» подстанцияларына қосымша трансформатор орнату жұмыстары жүргізіліпті. Сонымен қатар, Әкімшілік-іскерлік орталықтағы қазандық жаңғыртылуда. Жалпы, 2025 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша қаладағы тұрғын үй құрылысы, инженерлік инфрақұрылым және әлеуметтік баспанамен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жоспарға сай жүргізілуде.
Жолдауда жүктелген міндеттердің бірі көлік-логистика әлеуеті мен туристік әлеуетті іске асыру. Осы бағытта қалада А-2 айналма жолы, Қонаев даңғылының жалғасы, Момынов және Тіленшин көшелеріндегі теміржол өткелдері, Бәйдібек би-Төлеметов жолайрығы, Асар–Шымсити жолы, сондай-ақ, Алтынсарин, Сасбұқаев және Қазиев көшелерінің құрылысы жүргізілуде. Көлікпен қатар, әуе инфрақұрылымын дамыту да қала экономикасы мен транзиттік әлеуеттің артуына ықпал етіп келеді. Былтыр әуежайдың жаңа терминалы іске қосылды. Қазіргі таңда жаңа терминал арқылы Шымкенттен 6 елдің 8 қаласына тікелей рейстер ашылды. Олар Сиань, Будапешт, Мюнхен, Шанхай, Каир, Сеул, Үрімші, Баку, бұл қаланың туристік және халықаралық байланыстарын күшейтеді деген сенім бар.
Сондай-ақ, Шымкентке шетелдік туристерді тарту мақсатында халықаралық Blog Tour ұйымдастырылып, оған Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Тәжікстан, Ресей, Украина, Үндістан және Қазақстан өңірлерінен 30-ға жуық танымал тревел-блогер қатысты. Сонымен қатар, Оңтүстік Корея, Мажарстан және Германия туроператорларымен туристік әріптестікті нығайту жөнінде меморандумдар жасалды. Қалада экотуризмді дамытуға бағытталған «Omir Shymkent» жобасы іске асуда. «Бадам» өзені бойында 53 гектар аумақта глэмпинг, капсулалы қонақ үй, мейрамхана, бассейн және ашық алаңдағы мәдени іс-шаралардан тұратын жаңа туристік кластер құрылған. Сондай-ақ, «Шымқала» тарихи-мәдени кешеніндегі «Этноауыл» қайта жаңғыртылып, қала қонақтарына ұлттық мәдени мұраны таныстыру мүмкіндігі кеңейтіліп келеді.
Интеллектуалды көлік жүйелері жол қозғалысын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік беріп, кептелісті азайтуда. Дрондарды пайдалану арқылы заңсыз құрылыс пен экологиялық мәселелерді анықтау жұмыстары жанданып, қалалық бақылау жүйесінің тиімділігі артқан. Коммуналдық шаруашылықта қолданылатын жасанды интеллект жүйелері инфрақұрылымдағы ақауларды алдын ала анықтауға мүмкіндік беріп отыр. Бұл да жолдауда айтылған тапсырмалар негізінде жүзеге асырылған маңызды шаралардың бірі.
Ал, тұрғын үй құрылысы мен коммуналдық инфрақұрылымды дамыту да қаладағы маңызды бағыттардың бірі болып қалуда. 2025 жылдың 10 айында пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 982 мың шаршы метрді құрап, тұрғын үй қоры айтарлықтай кеңейді. Қала тұрғындарының басым бөлігі инженерлік инфрақұрылыммен қамтылып, өмір сүру сапасы жақсарды. Электр энергиясына деген сұраныстың өсуіне байланысты энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары қолға алынып, бұл қаладағы тұрақты энергиямен қамтуға негіз болуда. Көлік және логистика саласында жүзеге асырылып жатқан ірі жобалар Шымкенттің өңіраралық және халықаралық байланысын күшейтуге бағытталған. Жаңа жолдар мен жолайрықтарының құрылысы көлік қозғалысын жеңілдетіп, қаланың транзиттік әлеуетін арттыруға ықпал еткен. Әуежай инфрақұрылымының жаңаруы халықаралық бағыттардың кеңеюіне жол ашып, Шымкенттің туристік және іскерлік орталық ретіндегі рөлін күшейтті. Туризм саласында да бірқатар оң өзгерістер орын алды. Халықаралық деңгейде ұйымдастырылған іс-шаралар арқылы қалаға келушілердің саны артқан. Экотуризм мен мәдени туризмді дамытуға бағытталған жобалар қаланың туристік келбетін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беріп отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар қаланың экономикалық әлеуетін әртараптандыруға ықпал етуде. Адами капиталды дамытуға бағытталған саясат білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау және спорт салаларында кешенді түрде жүзеге асырылуда. Жаңа мектептердің салынуы, әлеуметтік қолдау шараларының жетілдірілуі және жұмыспен қамту көрсеткіштерінің жақсаруы қала тұрғындарының әл-ауқатына оң әсер етіп келеді. Жұмыссыздық деңгейінің төмендеуі мен орташа жалақының өсуі әлеуметтік тұрақтылықтың нығайғанын көрсетеді. Жалпы алғанда, Мемлекет басшысының 2025 жылғы Жолдауы аясында Шымкент қаласында жүзеге асырылып жатқан шаралар қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін берді. Экономикалық өсімнің сақталуы, инвестициялық жобалардың артуы, цифрлық технологиялардың кеңінен қолданылуы және тұрғындардың өмір сапасының жақсаруы Шымкенттің бәсекеге қабілетті мегаполис ретінде қалыптасып келе жатқанын айқындайды.
Гүлжауһар БАЖАҚАЙ
