Редакция таңдауы

Өңдеу өнеркәсібі өрге басты

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің жыл басында өткен кеңейтілген отырысында «Былтыр өңдеу өнеркәсібі саласында 180 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Жобалардың жалпы құны – 1,3 триллион теңге. Соның нәтижесінде осы саладағы өсім 6 пайызға жуықтады. Бұл – соңғы он жылдағы ең жоғары көрсеткіш. 

Осы жақсы үрдісті біржола орнықтырып, сақтап қалу керек. Тағы бір аса маңызды мәселе – экономикаға инвестиция тарту. БҰҰ мәліметтеріне сәйкес, Қазақстан бұл көрсеткіш бойынша айтарлықтай табысқа қол жеткізген. Дегенмен тоқмейілсуге негіз жоқ. Инвесторлардың мәселесін шұғыл шешу үшін Инвестиция штабы құрылды. Соның арқасында бюрократиялық кедергілер мен құқықтық қарама-қайшылықтар жойылып, кейбір жобаларды тезірек жүзеге асыруға жол ашылды. Алайда басты мақсат – «жекелеген» проблемаларды ғана шешпей, елдегі тұтас инвестициялық ахуалды жақсарту», – деп Үкімет пен әкімдіктердің алдына нақты міндеттер қойған еді.

Осы орайда Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Шымкент қаласында жүйелі жұмыс жүргізіліп, инвесторлармен тығыз байланыс орнатылған. Соның нәтижесінде өнеркәсіп саласы қарқынды түрде дамып келеді. Бүгінде шаһарда 816 өнеркәсіп кәсіпорны белсенді жұмыс істеп тұр. Оның ішінде 18 – ірі, 44 – орта және 754 – шағын кәсіпорын бар. Шымкентте орналасқан 704 өндіріс орны өңдеу өнеркәсібімен айналысады.

Биыл қаңтар-наурыз айларында өнеркәсіпте өндірілген өнімнің көлемі 309,5 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 17,9 пайызға артты.
Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде 262,5 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Бұл бағыттағы өсім былтырғымен салыстырғанда 20,8 пайызды құрады.

Өңдеу өнеркәсібінің келесідей салаларында өсу динамикасы қалыптасқан: машина жасау – 3,2 есеге, жиһаз – 2,3 есеге, резеңке және пластмасса бұйымдары – 43,9 пайызға, дайын металл бұйымдар – 69 пайызға, өзге де бейметалл минералдық өнімдер – 48,6 пайызға, тамақ өнімдері – 28,6 пайызға, сусындар өндірісі – 6,4 пайызға, металлургияда – 28,5 пайызға, жеңіл өнеркәсіп – 2,6 пайызға, мұнай өнімдерін қайта өңдеу – 15,4 пайызға, химия өнеркәсібінде – 37,5 пайызға артқан.

Қалада жалпы аумағы 1 276 гектар құрайтын 7 өнеркәсіптік аймақ жұмыс істейді. Бүгінгі таңда 670,1 миллиард теңге сомасына 427 жоба іске асырылуда. Оның ішінде бүгінгі таңда инвестициялық құны 323,9 миллиард теңге 304 кәсіпорын ашылған. Онда 9 мыңнан астам жұмыс істейді.

Салтанат ЖАМАЛДИНОВА

Соңғы жаңалықтар