Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру және өзекті құқықтық мәселелерді талқылау мақсатында «Заңды білу – заман талабы» тақырыбында кездесу өтті. Онда сала мамандарының қатысуымен жастар арасында қозғалып жүрген өзекті мәселелер талқыланды.
Шараға Шымкент қаласы Қаратау ауданы прокуратурасының аға прокуроры Дінислам Әлжан, Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аса маңызды істер жөніндегі жедел уәкілі, подполковник Камилхан Исмаилов және тағы басқалар қатысты.
Шымкент қаласы Қаратау ауданы прокуратурасының аға прокуроры Дінислам Әлжан жастарды өзіне-өзі сақ болып, қылмыстық топтардың жетегіне еріп кетпеуге шақырды.
– Қызмет барысында алуан түрлі оқиғаларға тап болып жатамыз. Өрімдей жастар тиын-тебен үшін есірткі тасымалдайтын қылмыстық топтардың құрбаны болып жатыр. Шынтуайтында, 16 жасар бозбола өзінің есірткі тасымалдап жатқанын білмеуі де мүмкін. Осындай келеңсіздіктер әлеуметтік желідегі жалған жарнамалардың кесірінен орын алып жатыр. Сондықтан сақ болу керек!, – деді Дінислам Русланұлы.
Шара барысында сала мамандары жастар арасында белең алып жатқан құқықбұзушылық жөнінде сөз қозғады. Сонымен қатар, құқықбұзушылық орын алған жағдайда, заң аясында қандай жауапкершілік көздері қаралғандығы жөнінде айтып өтті. Іс-шара барысында студенттер өз пікірлерін еркін білдіріп, сұрақтар қойып, мазмұнды жауаптар алды.
М.МАМЫРБАЙҚЫЗЫ