Редакция таңдауы

Өркендеуге бет алған қала

Шымкент – Қазақстанның экономикалық картасындағы ең серпінді дамып келе жатқан қалалардың бірі. Елдегі үш мегаполистің бірі атанған соңғы жылдары қолайлы климатымен ғана емес, өндіріс пен кәсіпкерліктің жаңа орталығы ретінде де назар аударта бастады. Қалада индустриялық-инновациялық жобалар көбейіп, жаңа өндіріс ошақтары іске қосылды, шетелдік және отандық компаниялар өңірге қызығушылық танытып отыр. Осындай дамудың ортасында инвесторлар үшін тиімді жүйе қалыптастыру міндеті тұр. Бұл міндетті жүйелі түрде атқарып келе жатқан құрылым – Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен ашылған Shymkent Invest фронт офисі.

Shymkent Invest– кәсіпкер мен мемлекеттік құрылым арасындағы көпір, инвестордың мәселесін жедел шешіп, жобаны іске асырудың барлық кезеңінде сүйемелдейтін бірыңғай қызмет орталығы. Мұнда бизнес үшін қолайлы жағдай жасау ғана емес, қала экономикасын жаңа деңгейге көтеретін стратегиялық бастамалар жүзеге асады. Әр жаңа жоба, жаңа жұмыс орындары, жаңа өндіріс, жаңа мүмкіндіктер. Сондықтан бұл орталықтың жұмысы жәй ұсыныс қабылдау немесе кеңес беру емес, бұл қаланың экономикалық даму моделін жаңғырту, әлемдік тәжірибеге сай инвестициялық климат қалыптастыру.

Shymkent Invest фронт офисінің негізгі миссиясы – инвестордың қаламен алғашқы кездесу сәтінен бастап, жобаның толық жүзеге асуына дейін жан-жақты қолдау көрсету. Яғни, бұл мекеме бизнес пен билік арасындағы көпір ғана емес, сонымен бірге жобаның қауіпсіздік аймағы, бағыт-бағдарын анықтайтын нұсқаушысы іспетті. Инвестор үшін ең қиын кезең – алғашқы қадам екені белгілі. Қандай құжат қажет? Қай органға жүгіну керек? Жоба қандай рұқсаттарды талап етеді? Жер телімін қалай және қайдан алуға болады? Инфрақұрылым дайын ба? Міне, осы сұрақтардың барлығына фронт офис жауап беріп, инвестордың уақыты мен ресурсын үнемдейді. Бұл – бүгінгі бәсекелі ортада аса маңызды тәсіл.

Инвестиция тарту, қаражатты экономикаға әкелу ғана емес. Ол – жаңа жұмыс орындарын ашу, салық түсімдерін көбейту, қаланың әлеуметтік инфрақұрылымына жаңа тыныс беру, технология трансферін қамтамасыз ету деген сөз. Сондықтан осы салада жүйелілік пен тұрақтылық бірінші орында. Егер инвестор өзін сенімді сезінбесе, ол қалаға қаржы салмайды, жаңа өндіріс ашпайды. Шымкент әкімдігі осы сенімділікті қалыптастыру үшін соңғы жылдары айтарлықтай өзгерістерге барды. Инвесторлармен жұмысты жеңілдету, ашықтықты арттыру, бюрократиялық кедергілерді азайту бағытында нақты қадамдар жасалып жатыр. Алайда бұл салада шешілуі тиіс мәселелер де жоқ емес. Инвесторлар көп жағдайда әкімшілік рәсімдердің күрделілігін атап өтеді. Рұқсат құжаттары мен техникалық шарттарды алу кезінде уақыт жоғалту – жобаның тиімділігіне әсер ететін үлкен фактор. Соның ішінде инфрақұрылымның дер кезінде жеткізілмеуі, әсіресе индустриялық аймақтардағы инфрақұрылым, инженерлік желілердің қуатының жеткіліксіздігі сияқты проблемалар жиі кездеседі. Бұл қаланың даму қарқыны өте жоғары болғандықтан туындап отырған уақытша қиындықтар екені анық, бірақ инвестор үшін әрбір күннің бағасы бар. Сондықтан мұндай мәселелерді жүйелі шешу – басты талап.

– Shymkent Invest фронт офисінде инвесторларды тарту департаменті, аналитикалық департамент бар.  Аналитикалық департамент қалаға қандай сала керектігін анықтап, соларға презентация дайындап сыртқы істер министрлігінің қолдауымен жан-жақа, шет елдерге, елшіліктерге жіберіп отырады. Немесе келген шет елдік кәсіпкерлерге ұсынамыз, – дейді Shymkent Invest фронт-офисінің басшысы

Дінмұхаммед Зиятбеков. – Негізі шет елдік, жергілікті деп бөліп жармаймыз. Әрине, шет елдік компаниялардың жұмысы, олардың құжаттарын дайындау өзгешеліктері бар. Бірақ, жеңілдіктер мен мемлекеттік қолдау бір. Жергілікті кәсіпкерлерді қолдау мекемелерімен бірлесіп жұмыс істейміз.

Д.Зиятбековтің айтуынша, қалаға келетін ірі инвесторлар үшін тағы бір маңызды мәселе – кадр тапшылығы.

– Білікті маманды табу, әсіресе, жоғары технологиялық өндірістерде жұмыс істейтін мықты кадрлар табу оңай емес. Механика, электроника, автоматтандыру, IT салаларындағы кәсіби кадрларға сұраныс жыл сайын артып келеді. Бұл мәселе тек Шымкентке ғана тән емес, жалпы ел көлеміндегі тенденция. Дегенмен, қалада кәсіби даярлау орталықтарын жаңарту, дуальды оқыту жүйесін күшейту, индустриялық колледждердің әлеуетін арттыру бағытында бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. Біздің фронт офис осы мәселелерді инвесторларға түсіндіре отырып, олармен ортақ шешім табуға жиі араласады. Жер телімдерін рәсімдеу де – өзекті жайттардың бірі. Бұған жер қоры, меншік иелерімен келісу процесі, құжаттардың дәлдігі және мақсатты пайдалануды өзгерту процедуралары әсер етеді. Shymkent Invest фронт офисі дәл осы тұста инвестордың мүддесін қорғап, әкімдікке қажетті ақпаратты жедел жеткізу арқылы процесс жылдамдығын арттырып келеді. Әлеуметтік-экономикалық тұрақтылық та әр инвестор үшін аса маңызды. Салықтық саясаттың, заңнаманың немесе мемлекеттік бағдарламалардың ұзақ мерзімге болжамды болуы, инвестицияға деген сенімді арттыратын факторлар. Сондықтан Шымкентте бизнес климаттың тұрақтылығы мен ашықтығын қамтамасыз ету – стратегиялық бағыт. Фронт офисінің жұмысы осы талаптардың орындалуына септігін тигізуде. Сонымен бірге, мекеме инвесторларға тек кеңес берумен шектелмейді. Әрбір жобаны жеке сүйемелдеу, «бір терезе» қағидатымен жедел қызмет көрсету, шетелдік компаниялармен тікелей байланыс орнату, қалаға жаңа жобалар тарту бойынша сараптамалық талдау жүргізу – фронт офистің күнделікті жұмысы. Бұл – көзге көрінбейтін, бірақ қала экономикасына тікелей ықпал ететін ең маңызды жұмыстардың бірі, – дейді фронт офистің басшысы.

Шымкенттің бүгінгі инвестициялық келбеті – осы жүйелі жұмыстың нәтижесі. Қала соңғы жылдары Қазақстандағы инвестиция тарту бойынша көшбасшы өңірлердің қатарынан көрініп келеді. Өңірге тартылған қаржы көлемі артып, жаңа өндіріс орындары ашылып жатыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев  Жолдауында «Ірі инвесторлармен қатар орта және шағын инвесторлармен тығыз байланыста жұмыс істеу керек. «Инвестицияға тапсырыс» өндірістің сұранысына сай жасалуы қажет» деп атап өткен болатын. Мемлекет басшысы атап өткен бұл талап бүгінде Шымкенттің инвестициялық саясатының басты бағытына айналды. Қала экономикасының соңғы жылдары тұрақты өсу траекториясын көрсетуі – инвестиция тартудағы жүйелі саясаттың, нақты жоспарлаудың және инвесторлармен жүргізілген ашық жұмыстың нәтижесі.

2025 жылдың басында-ақ, Шымкентке 233 млрд теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 54 пайыздық өсімге қол жеткізілгенін хабарлаған болатын. Бұл – шаһардың инвестициялық кеңістігіне деген сенімнің артып келе жатқанын дәлелдейтін айқын көрсеткіш. Үкімет бекіткен декомпозицияға сәйкес, биыл қаланың алдына 1 трлн 54 млрд теңге инвестиция тарту жөнінде биік меже қойылған. Жоспардың тек сандық көрсеткіштермен шектелмей, сапалы жобалар есебінен орындалуы басты талап болып отыр.

– Қалаға тартылған инвестицияның мынанша үлесі біздікі, мынаншасы әкімдікті деп айта алмаймыз. Өйткені екі жақты келісіммен, істелініп жатқан жұмыс, бір-бірімізбен тығыз байланыста. Ең ірі жобаларды мақтанышпен айта аламыз.  «Alsera KZ» Орта Азиядағы ең үлкен жылыжайы. Құны 650 млн АҚШ долларын құрайтын ірі инвестициялық жобаның құрылысы өткен жылы жазда басталған. Кешеннің жылдық өндірістік қуаты – 155 мың тонна. Жалпы жыл соңына дейін 40 гектар аумақтағы құрылыс аяқталып, өндіріс көлемін ұлғайтуға және ішкі нарықты жаңа піскен көкөніспен қамтамасыз етуге мүмкіндік туады деп күткен едік, күткеніміздей өткен аптада өндірістің ең алғашқы өнімін алдық. Іске қосылғалы бері шамамен 2 мың жұмыс орны ашылса, ал жоба толық аяқталған соң 6500 жұмыс орны ашылады. Жоба аясында халықаралық стандартқа сай заманауи зертханасы бар арнайы агроакадемиялық орталық та салынады. Бұл орталық аграрлық сала үшін білікті маман даярлауға мүмкіндік береді және  шаруашылықтың бәрі біздің қала тұрғындарына тәжірибе. Осы жылыжайларда жұмыс істеген азамат жылыжай саласын меңгеріп, кейін өзі кішігірім жылыжай шаруашылығымен айналысып жатса, нұр үстіне нұр. Кәсіби тұрғысынан өсуге әсер ететініне сенімдімін. Сондай-ақ, қаланы қазір экологиялық тұрғыдан қорғау мәселесі көп айтылып жүр. Осы тұрғыда ауыз толтырып айтатын жоба, жақында Экология және табиғи ресурстар министрлігімен бірігіп шешкен жоба тұрмыстық қалдықтарды жағу арқылы электр энергиясын өндіру жобасы. Жоба құны 55 млрд теңгені құрайды. Бұрын улы заттардан құтылғанша асықсақ, қазіргі кезде оның бәрі ақша екенін білеміз, әрі табиғатқа зияны жоқ. Шымкенттің алдағы бес жылдық даму жоспарында өңдеу өнеркәсібіне ерекше көңіл бөлінген. 2025–2029 жылдары қалада 112 жаңа кәсіпорын ашу көзделіп отыр. Бұл жобаларға 406 млрд теңге инвестиция тартылып, 8,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылады деп күтіледі. Бес жылдық пулдың алғашқы қадамдары да жасалып үлгерді. 2025 жылдың наурызында пайдалануға берілген «QazAlPack» ЖШС-нің алюминий қаптамасын өндіретін зауыты – қалаға жаңа технология, жаңа өндіріс мәдениетін әкелген маңызды жоба, – дейді Дінмұхаммед Әбдірбекұлы.

Инвесторларға қолайлы жағдай жасау – инвестиция тарту саясатының басты құрамдас бөлігі. Осы бағытта қаладағы өнеркәсіптік аймақтарда инфрақұрылымы дайын жер телімдері ұзақ мерзімге жалға беріліп, коммуналдық қызметтер төмендетілген тарифпен ұсынылады. Арнайы экономикалық аймақ резиденттері үшін салықтық жеңілдіктер қарастырылған. Мұндай қолдау тетіктері инвестордың жобаны бастау кезінде кездесетін негізгі кедергілерді едәуір азайтып, өндірісті жылдам іске қосуға мүмкіндік береді.

Қала аумағындағы 1 276 гектарды құрайтын 7 өндірістік аймақ – Шымкенттің өңдеу саласын дамытудағы негізгі драйверлердің бірі. Соңғы жылдары пайдалануға берілген «Жұлдыз» (306 гектар) және «Бозарық» (132 гектар) индустриалды аймақтары жаңа өндірістер үшін дайын алаңдар ұсынып жатыр. Бұл аймақтардың дамуы инвесторлар үшін инфрақұрылымы толық қамтамасыз етілген, тәуекелі төмен орта қалыптастыруға мүмкіндік беріп отыр. Әрбір іске қосылған зауыт – қаланың болашақ экономикасын қалыптастыратын ірі қадам. Бұл – тек экономикалық пайда емес, мыңдаған адамның жұмыспен қамтылуы, жаңа мамандықтардың пайда болуы, ел ішінде бәсекеге қабілетті өнімнің артуы деген сөз.

Ең бастысы – Шымкент инвестиция тарту мәдениетін қалыптастырып жатыр. Инвесторды жоғалтпай, керісінше оған серіктес бола білу – бүгінгі әлемдегі ең маңызды қабілеттердің бірі. Экономикалық өсімді ұзақ мерзімді, жоғары сапалы, тұрақты ету үшін дәл осы серіктестік қажет. Шымкент осы бағытта дұрыс жолға түсті. Инвестицияны басқару – күрделі процесс, ал оны тиімді басқару – табысты қаланың белгісі. Бүгінде Шымкенттің алға қойған мақсаты айқын. Өндіріс көлемін арттыру, жаңа технология әкелу, халықаралық компанияларды тарту, шағын және орта бизнеске жағдай жасау. Мұның ортасында Инвест-фронт офисі бар. Бұл мекеменің жұмысы кейде көпшілікке байқала бермейді, бірақ қаланың экономикалық болашағы дәл осы құрылымның тиімділігіне тікелей байланысты.

Инвестиция – қаланың ертеңгі тынысы. Ең маңыздысы – қала тек инвестицияны қабылдап қана қоймай, соған дайын орта қалыптастырып жатыр. Индустриалды аймақтардың кеңеюі, инфрақұрылымның жетілдірілуі, кадр даярлаудың жолға қойылуы – Шымкенттің ұзақмерзімді стратегиялық бағыты дұрыс екенін көрсетеді. Экспортқа бағдарланған өндірістердің көбеюі, жаңа технологиялардың келуі, инвесторлармен ашық диалог – бұл қаланың өз әлеуетін толық аша бастағанының белгісі. Алдағы жылдары жоспарланған жобалар жүзеге асса, Шымкент Орталық Азияның өндірістік және логистикалық хабына айналуға толық мүмкіндігі бар. Бұл жолда ең басты міндет, бүгін қалыптасқан серпінді жоғалтпай, ашықтық пен тиімділікті сақтау. Себебі тұрақтылық бар жерде ғана инвестиция келеді. Сенім бар жерде ғана даму болады. Шымкенттің қазіргі тынысы – дәл осы сенімнің белгісі.

 

Салтанат ЖАМАЛДИНОВА

Соңғы жаңалықтар

betwinner melbet megapari megapari giriş betandyou giriş melbet giriş melbet fenomenbet 1win giriş 1win 1win