Редакция таңдауы

Өрт қауіпсіздігі – басты назарда

Жуырда еліміздің барлық өңірлерінде «Өрт-2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтті. Оқу үйлестіру және жетекшілік ету жөніндегі республикалық штаб Павлодар облысында орналасты. Оқу-жаттығу шеңберінде екі күн бойы барлық өңірлерде профилактикалық іс-шаралар кешені өткізілді.

Шымкент қаласының аумағында азаматтық қорғаудың қызметі өкілдерінің қатысуымен «Өрт-2025» республикалық – командалық штабтық оқу-жаттығуы аясында қала аумағында бірқатар практикалық іс-шара ұйымдастырылды. Атап айтқанда, Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті бастығы генерал-майор Қ.Базарбаевтың басшылығымен «Жасыл белдеу» базасында өрт-тактикалық оқу-жаттығуы өткізілді.

Оқу-жаттығудың мақсаты орман – дала өрттерін сөндіру кезінде орман шаруашылықтары мен азаматтық қорғау қызметтерінің өзара іс-қимылын пысықтау болды. Жаттығу барысында азаматтық қорғау қызметтерінің күштері мен құралдарының саптық байқауы өткізілді.

Жаттығудың тактикалық тұрғысынан орман шаруашылығына шекаралас аумаққа жақын орналасқан жоғары қуаттық электрлі бағаналардың сымдары қатты желдің салдарынан үзіліп, өрт орын алды. Егістік алқабына, орман шаруашылығына және жақын орналасқан тұрғын үйлерге қауіп төнді. Тез арада күштер мен құралдар жолданды. Қауіптің алдын алу мақсатында тұрғындарды эвакуациялау жұмыстары жүргізілді. Азаматтық қорғау қызметтерінің үйлесімді әрекеттерінің нәтижесінде өрт дер кезінде сөндірілді.

Жаттығу барысындағы іс-әрекеттердің барлығы шынайы жағдайға сәйкес жасалып, азаматтық қорғау қызметтерінің орман-дала өрттерін сөндіру кезіндегі дайындығын бағалауға мүмкіндік берді.

Оқу-жаттығудың қорытындысына сәйкес азаматтық қорғау қызметтерінің өрт қауіпті кезеңге дайындығы бойынша тыңдалым өткізілді. Қ.Базарбаев азаматтық қорғау қызметтері бойынша тиісті тапсырмалар берді. Сондай-ақ, оқу-жаттығудың қорытындысы бойынша қала әкіміне ақпаратты ұсынуды тапсырды. Оқу-жаттығуға жалпы азаматтық қорғау қызметтерінен 290 адам және 42 бірлік техника қатысты.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

Соңғы жаңалықтар