Редакция таңдауы

«Өсиет хатты» жамбыл облысына табыстады

«Ардагерлер өсиеті» республикалық марафоны аясында Шымкент қаласының жастары мен ардагерлер «Өсиет хат» қабылдау рәсімін өткізді. Шымкент қалалық Жастар ресурстық орталығы Түркістан облысының Жастар ресурстық орталығынан келген «Өсиет хатты» салтанатты түрде қабылдап, оны Жамбыл облысына табыстады. Жиынға Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Заңғар Үсіпахметов, ардагерлер, қала жастары мен сарбаздар қатысты.

Бұл марафон – ардагерлердің ерлігін ұлықтап, жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік рухты қалыптастыруға бағытталған игі бастама. Іс-шара барысында «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің басшысы Аружан Русланқызы құттықтау сөз сөйлеп, марафонның маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, ардагер Абдумалик Маханбетов жастарға батасын беріп, ел болашағының сенімді қолда екенін айтты.

Түркістан облысы Жастар ресурстық орталығы басшысының орынбасары Пердебек Есқұлов өз сөзінде іс-шараның жастар тәрбиесіндегі рөліне назар аударып, өткен мен бүгін арасындағы байланыстың маңызын атап өтті. Іс-шара аясында мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойып, ардагерлерге құрмет көрсетілді.

Салтанатты қабылдау рәсімінен кейін Шымкент қаласының жастары «Өсиет хатты» Жамбыл облысының жастарына жолдады.

Тағабай ҚАСЫМОВ

Соңғы жаңалықтар