Редакция таңдауы

Ол тәрбиелеген шәкірттерімен мақтанатын

«Шымкент келбеті» мен «Панорама Шымкента» газеттерінің алғашқы нөмірі жарық көргеніне биыл 35 жыл толып отыр. 35 жыл тарих үшін бұл көп уақыт болмауы мүмкін. Бірақ әр күні жаңалыққа толы, әр сағаты құбылып тұратын, әр сәт сайын жаңарып, жасарып тұратын журналистика үшін бұл бір дәуір, бір ғұмыр. Осы уақыт аралығында қос басылым талай өзгерістің куәсі болып қана қойған жоқ, соның бел ортасында жүріп, Шымкенттің тынысын, елдің соқтықпалы-соқпақсыз жолын тасқа басты. Сол дәуірдің әр бетіне, әр тынысына талай жақсы-жайсаңның қолтаңбасы түсті. Солардың арасында бас редактор Қайырғали Медеттің есімін еске алмай өту мүмкін емес.

Қайырғали аға Оңтүстіктің журналистикасына тоқсаныншы жылдардың орта шенінде келіп қосылды. Мен ол кезде аудандық «Төлеби туы» газетінде тілші едім. Кейін шығармашылық жолым Шымкентке қарай бұрылып, қалалық «Шымкент келбетіне» сабақтасты.

«Ауыл мен ауданнан жинаған жеті жылдық тәжірибе – жақсы мектеп. Бірақ жалындаған жастықты шыңдап, көзге түсіп, шыңдалу үшін облыс орталығына келу керек», – деп, қолымнан жетектеп, жаңа белеске бастау берген, Шымкент журналистикасының қайнаған қазанына салған, тынысы өзгеше ортаның есігін маған ашқан адам – Қайырғали Медет еді.

Қайрекең – нағыз қаламгерлердің ортасында шыңдалған, Алматы мен Астананың талай мықты мектептерінен өткен, қалам қуаты мен сөз өнерін қатар игерген тұлға еді. «Білім және еңбек», «Денсаулық» басылымдарында еңбек еткен. Газетпен қоса телеарнаның да «отымен кіріп, суымен шыққан», медианың қыр-сырын жан-жақты меңгерген, шығармашылығы жүйрік журналист, марғасқа жазушы болатын. Тоқсаныншы жылдардың басында республикалық деңгейде, зиялы қауым арасында үлкен серпіліс тудырған «Мәдениет» атты тәуелсіз басылым шығарған.

Менің «Шымкент келбетінде» өткізген жылдарым – шығармашылықтың шынайы шыңдалған кезеңі болды. Басылымды ол кезде «меншікті тілшілердің ұстаханасы» деп атайтын. Себебі бұл мектептің ұстазы, бағыт берушісі, шырақшысы – Қайырекеңнің өзі еді.

Ол кісі ешқашан дауыс көтермейтін. Ашуға ерік бермей, бар мәселені сабырмен, салмақпен шешетін. Шәкірт тәрбиелеудің нағыз шебері болды.Расында да сол жылдары газет бетінде жарқ етіп көрінген қаламгерлердің көбі кейін республикалық басылымдардың меншікті тілшісі атанды. Бәрінің де артында – Қайырғали Медеттің үлгісі, тәрбиесі, қолтаңбасы тұр.

Қайрекең бір кезең «Қазақстан–Шымкент» телеарнасында басшылық қызмет атқарды. Бұдан кейінгі жылдары Шымкентте салт-дәстүр орталығында басшылық қызметте болды. Зейнет жасына жеткенше мәдениет саласының да жүгін көтеріп, қай істің де еңсесін тік ұстай білді.

Қайрекеңнің журналистік жолдағы еңбегінің жемісі – өзі тәрбиелеген шәкірттері еді. Оңтүстікте жүрген бір топ журналист: «Біз Қайырекеңнің шекпенінен шықтық» дегенді жиі айтамыз.

Қайбір жылы Қайырекеңнің мерейтойында шәкірттері бас қосып, «Қазақстанның Құрметті журналисі» атағын өз қолымызбен табыс еткен едік. Ол күндер – енді бүгінде сағынышқа айналған, жүрек түкпірінде сақталған естеліктер ғана.

Әлі есімде, 2000 жылдың күзінде Қайрекеңнің басшылығымен «Шымкент келбеті» мен «Панорама Шымкента» басылымдарының 10 жылдық мерейтойын дүркіретіп атап өткенбіз. Алматыдан танымал өнер тарландары келіп, Шымкенттің төрі думанға толған еді. Ол да – бір дәурен. Одан бері міне, 25 жыл—ширек ғасыр да өте шығыпты.

Қайырекеңнің жазушылығы – өз алдына бір әлем. Қолтаңбасы – ешкімге ұқсамайтын, оқырманын бірден баурап әкететін. Әңгімелеріндегі тіл кестесі, кейіпкер тағдырын суреттеуі, сөздің дәмін сезіндіретін шеберлігі – нағыз табиғи таланттың белгісі байқалатын. Бірнеше кітабы жарық көрді, «Жыл жазушысы» атағын алды. Соңғы жылдары денсаулығы сыр беріп, ауыр дерт жанын жеген жылдары шәкірттерімен үнемі хабарласып, сырласып тұратын еді. Қайырекеңнің талай жоспары, айтылмай қалған әңгімелері жүрегінде кетті…

Бірақ оның есімі өшкен жоқ.

Қайырғали Медеттің аты – шәкірттерінің жүрегінде, оқырмандарының қиялында, «Шымкент келбетінің» сарғайған беттерінде мәңгі сақталып қалды.

Уақыт деген – осындай. Кеше ғана қолымызда ұстаған газет бүгін сарғайғанымен, ондағы жазылған тағдырлар, есімдер, ғұмырлар өшпейді.

«Қаламмен жазғанды балтамен өшіре алмайсың» деген тәмсіл бар. Қаламның құдіреті де, ұлылығы да осында. Қайырғали Медеттің есімі жалпы қазақ руханиятының парағына құрметпен жазылғаны – ақиқат.

Ғалымжан Елшібай,
журналист,
Ахмет Байтұрсынұлы
атындағы сыйлықтың иегері,
Түркістан облыстық
мәслихатының депутаты

Соңғы жаңалықтар

betwinner melbet megapari megapari giriş betandyou giriş melbet giriş melbet fenomenbet 1win giriş 1win 1win