Шымкентте Ұлы Жеңістің 80 жылдығы аясында грек-рим күресінен Ауған жерінде қаза тапқан жауынгерлерді еске алуға арналған республикалық турнир өтті. Негізі халықаралық. Сонау Болгариядан команда келіпті. Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Қазақстан. Ұзын саны 370-ке жуық балуан. Ашылу салтанатында грек-рим күресінен атағы әлемге шыққан, Әлем кубогінің төрт мәрте жеңімпазы Бисолт Дециев жас балуандарға сәттілік тіледі. Сонау Ақтаудағы Жетібайдың шәулісі, келсең келдің батыры Мәтжан Шәулиев, Талдықорғаннан Шормақ Илиясов бата берді. Балп-балп басқан балуан пішіндес Ғалымжан Майқанов басшы болған турнир өз деңгейінде өтті. Ауғанстанда қаза тапқан боздақтардың рухына арналып бата оқылды, ас берілді. Бәрі жақсы…
Бірақ… Лэд экранда Ауғанстандағы соғыс бейнеленген роликтің жетегінде «Бұл – Ауғанстан» әні орындалғанда кеудені өксік билеген. Ауғанстан. Үйдей орынды қопарып снаряд атылып жатыр. Оқ дегеніңіз нөсер жаңбырдан бетер. Топалаңы шыққан дүние. Автоматын кезей ұстап, шабуылға шығып бара жатқан солдат оқ тиіп бүктеліп құлады. Шатқалда қол пулеметімен үш жауынгер алапат майданға кіріп кеткен. Біздің тұтастарымыз. Содан соң бауырым Мәтжан Шәулиевтің сөзіне жазылған «Ауғанстан» әні орындалды. Онда да ойраны шыққан әлем. Қыршынынан қиылған боздақтар.
1979-1989 жылдар арасындағы алапат соғыс Ресей мен Американың теке тіресінен, не үшін соғысып жатқанын ұқпаған күйі майдан даласында қаза тапқан он бес мың боздақ, миллионға жуық жараланған солдаттар.
Сол өндірдей жігіттердің дені алдымызда отыр. Бүгінгі қырма сақал қарияларға айналыпты. Алды. Бір-бірін құшақтап қарқ-қарқ күледі.
Бүгін ғой күліп отырғаны. Ауғандағы күндерді еске алсаң тістеніп, қабақтарын қарс жауып азуын қарш-қарш шайнайды. Әділетсіз соғыс. Екі империяның теке-тіресі. Босқа қырылған боздақтар. Екінші дүние жүзілік соғыс туралы да, Ауғанстандағы соғыс туралы да осындай кеп айтылып жүр. Көбіміз құлай сендік. Бірақ, «Отан үшін отқа түс, күймейсің» деген батыр Бауыржан Момышұлының ерлігін қастерлемейтіндей қандай кінәсі бар еді?!
Фашистердің ордасы Рейстахқа Жеңіс туын тіккен Рақымжан Қошқарбаевтың ше?! Украинада ұлт батыры Коппакпен аты қатар аталатын Қасым Қайсенов кімнің жыртысын жыртып, қырғын майдан салды?!
Отан үшін деді. Отаны – Кеңестер Одағы еді. Мына, ауғанда отқа түскен, бүгін бір-бірін құшақтап жауынгерлерде Отан үшін деп майданға кірген. Біз бұлар туралы аз біледі екенбіз. Өскен Сағұлов деген досым бар. Ауған жауынгері. Екі «Қызыл жұлдыз» орденінің кавалері. Бір күні ауғандық достары келді. Бірінің айтқан әңгімесі төбе құйқамызды шымырлатқан.
Тапсырма. Екі рота солдат шатқалға келіп бекінеді. Таңертең шабуыл. Сол шатқал түні бойы минометпен атқыланыпты. Бір ротада шамамен 80-100 солдат. Ана сүті аузынан әлі кеппеген екі жүзге жуық солдат харап болған. Жауды көрмей, оқ ата алмай арманда кеткен боздақтар.
Сол жерге барған жауынгер әңгімелеп отыр. «Екі вертолетпен бардық. Біреуі тірі емес. Астаң кестең дүние. Мүрделері екі тікұшаққа сыймады. Балон үстіне де қатарластарып қалап, майдан өтінен алып шықтық. Жақын достарым да бар еді. Бәрінің арманы асқақ еді. Біреуі тірі қалмапты»…
Көбі мұсылмандар. Сіздер мен біздердің бауырларымыз. Жүрек сыздаған. Содан бері өз басым Ауған жауынгерлеріне құрметім бөлек. Олар ортақ Отан үшін от кешкендер еді…
Обалы кәні, турнир өз мәнінде өтті. Болашақ әлем чемпиондары мен олимпиада ойындарының жеңімпаздары Ауған соғысында қаза тапқан жауынгерлерді еске алуға арналған турнирдің көрігін қыздырды.
Не айтқанымыз келді?! Әділетсіз соғыс деген бұларға жүрмейді. Бұлар да кешегі Бауыржан аталары сияқты Отан үшін отқа түсті. Ол Отаны келмеске кетсе де бұлардың кінәсі жоқ еді. Бұлар – батырлар. Барымызды бағалайық…
Бақтияр ТАЙЖАН